Централизованная Библиотечная Система города Экибастуза Павлодарской области
Мақсаты: Оқырмандарды Ақұштап Бақтыгерееваның шығармашылығымен таныстыру. Ақынның шығармаларын насихаттау. Жасұрпақты Ақұштапша Отанын, туған жерін, табиғатты сүюге, ата – ананы құрметтеуге шақыру.
Көрнекілігі: «Ақжайықтың ақшағаласы» атты кітап көрмені ұйымдастыру. Слайд тізбектемелерін жасау, видео материалдарды көрсету. Фото суреттерін және цитаталарды көрмеге қою.
Цитаталары:
1. «Қазақтың Абайы бір төбе, Махамбеті өзінше бөлек, ал енді қалған ақындар сол екеуінің тасасында қалды деуге болмайды ғой. Қазақта қанша ақын бар? Қасым, Мұқағали, Қадыр Мырза Әли, Тұманбай, Қалижан Бекхожин мен Хамит Ерғалиев, Жұбан Молдағалиев пен Жұбағаңның замандас ақындары, кешегі Абдолла Жұмағалиевтердің әрқайсысының өз орны бар»
2.«Менің тақырыбым – Жайық. Жайық – қасіретті өзен. «Еділ мен Жайық екі өзен» дейтін қазақтың сыңары Еділінен айырылған Жайығы. Жағасын түрлі тарих көміп қалған тарихи өзен. Мен Жайыққа мұң айту арқылы тым болмаса қазақ тарихының сол қасіретінің бір шетін жырлап жүрдім деп ойлаймын»
3. «Мен Жайықты жасымнан, туғанымнан сүйдім. Себебі, Отаны жоқ адамның қасиеті жоқ. Сондықтан,
Ай күні бар Жайықтың,
Ақ таңы бар арайлы.
Айдыны бар Жайықтың,
Әлдилеген талайды, - деп жырға қосып келемін»
4. «Менің арманым біздің ақындық, аналық толғанысымыз бен арманымызды егемен елдің ертеңіне пайдаға асыратын, өлең түсінетін, сөз түсінетін саналы ұрпақ өссе, солардың керегіне жараса, сол бар арманым»
Ақын туралы цитаталар:
1. «Ақұштаптың өзге ақын қыздардан ерекшеленіп тұратын тұсы мынада, Ақұштап өзін әрі ана, әрі ақын сезінеді. Өйткені, осынау екі қасиетті құдырет Бақтыгерееваның басында біртұтас дүниеге айналған. Оның маңдайындағы екі көздің бірі – ананың көзі болса, бірі – ақынның көзі! Тірліктің сан қиыншылығын ақын жүрегімен көтерген ол кей тұста мұңданады, кей тұста шағынады, кей тұста шағымданады.
Қадыр Мырза Әлі
1 – жүргізуші: Армысыздар жыр сүйер қауым, сіздер көкірегіне құс ұя салған исі қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жас мерей тойына арналған « Ақжайықтың ақ шағаласы» атты поэзия кешіне хош келдіңіздер! Алдағы 1 сағат уақыттарыңызда Ақұштап Бақтыгерееваның лирикаға толы нәзік жырларымен сусындайсыздар!
Ақұштап Бақтыгереева (23.8.1944 жылы туылған, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Ақжайық ауылы) - ақын. Қазақ қыздар педагогикалық институтын бітірген (1966). Облыстық “Орал өңірі”, республикалық “Қазақ әдебиеті”, “Жұлдыз” басылымдарында, “Жазушы” баспасында қызмет істеген. Тұңғыш кітабы “Өрімтал” (1967), кейіннен “Наз” (1969), “Қуанышым, іңкәрім” (1971), “ Сені ойлаймын” (1973), “Аққанат” (1975), “Бақыт әні” (1978), “Жайық қызы” (таңдамалысы 1980), “Белокрылая” (1981), “Ақжелең” (1985), “Сүмбіле” (1990) кітаптары шықты. Оның азаматтық үні “Трибун-ақын”, “Ақ Жайықтың көз жасы”, “Елдің елдігі — бірлігі”, “Оралдағы ойран” сияқты өлеңдерінде айқын көрінді. Туған елге деген сүйіспеншілік, ана тілі тағдыры, т.б. мәселелер ақын поэзиясының арқауы. Бақтыгерееваның шығармалары поэтикалық қуатымен, тілінің шырайлылығымен қазақ поэзиясына жаңа өрнек алып келді. Оның өлеңдеріне Ө. Бәйділдаев, Шәмші Қалдаяқов, Темірәлі Бақтыгереев, Сейфуллин Жолбарыс және т.б. ән жазған.
Ендеше, сіздердің назарларыңызға Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған Ілия Жақановтың әні «Оралдың ерке самалы» атты әнін интербелсенді тақтадан тамашалауды ұсынамыз.
(Ән тыңдалады)
1 – жүргізуші: Ақұштап ақынның бүкіл шығармашылығын шолып шыққан адам оның жырларының ең басты екі тірегін байқар еді: ол — ақынның туған ел мен жерге деген ыстық махаббаты және қоғамдағы, өмірдегі қайшылықтар мен әділетсіздіктерге, адам қолымен жасалған қиянаттарға қарсы күрескерлігі. Оның алпысыншы жылдардың ортасында жарық көрген алғашқы жыр жинағындағы әдеби қауымды елең еткізген "Өрімтал" атты өлеңінен бастап-ақ оқырмандар А.Бақтыгерееваны нәзік лирик ақын деп қабылдаған болатын. Дегенмен, оның осы лиризмінің өзегінде бір өжет қайсарлық аңғарылатын. Өйткені оның өр өлеңінде боямасыз өмір, тартысты тағдыр жатқан еді.
Жұлқыса жел есіріп,
Майысқанмен сынбадың.
Сыр айтпадың шешіліп,
Неше келіп тыңдадым.
Қысты жеңіп, шуаққа Жайраңдаған кезіңде,
Бойыңдағы қуатқа Қайран қалам өзім де...
Осы өлеңінде тал-шыбықпен мұңдасқан өзі де өрімтал акын-қыз шыншыл да сыршыл қалпымен жүректерде бірден үялап қалды. Ақ бантикті ақынның сол нөзік қайсарлығы келе-келе үлкен күрескерлікке,
қайраткерлікке ұласты. Сол балғын шақта жазылған "Даламның қарлығаштары-ай" атты өлеңді де бей-жай оқу мүмкін емес:
Кеудемді жанап өттіңдер,
Жүр едім жырды бастамай,
Азайып неге кеттіңдер,
Даламның қарлығаштары-ай!...
Топтанып ұшқан үйірің
Достардай еді-ау жаны ізгі.
Адамнан кеткен мейірім,
Сендерде қалған тәрізді.
2 – жүргізуші: Сонау кеңес заманының қытымыр кезеңінде қаршадай қыз осындай өмір шындығын батыл қозғай білген. Адамнан кеткен сол мейірім қазір бізге қайта оралды ма? Міне, бұл өлеңді қайталап оқысаң да осы сұрақ кесе-көлденеңдеп алдыңнан шыққандай болады. Астарында ақынның бүгінге, келешекке қабырғадан қойған осындай өткір сұрағы тұр. Қоғам өзгерді. Бірақ Ақұштап ақын көзге шұқып айтқан "адамнан мейірім кеткен" заман таз кепешін әлі шешкен жоқ. Тіпті, бұрынғыдан бетер болып, араздық меңдеп, бақастық билеп, жұрт бір-біріне қаскөй қасқырша қарай бастаған сыңайлы. Тіршіліктегі осыншама ащы запыранның, улы қыжылдың түп-төркіні неде? Бұл ұлы Абай атам айтып тауыса алмай, бетін қайтара алмай түңілген түпсіз ыза еді ғой? Көңілдер неге киізге, жүректер неге мүйізге айналады?
"Қолайлы жағдай?
Суреткерге ол жоқ.
Өмір дегеніміздің өзі қолайсыз жағдай", — деген Марина Цветаеваның сөзі де бүған жауап бола алмайды... Өйткені "өмірмен диалогта оның сұрағы емес, біздің жауабымыз маңызды" (бұл да М.Цветаева). Ақұштап Бақтыгерееваның жырларының өзіне тартар жұмбақ магнитизмі бар. Ол махаббат мақамын да өзгеге ұқсатпай, өзінше, Ақұштапша жырлайды.
Махаббат, тағы саған қайта оралам,
Сен болшы тақырыбым қайталаған.
Өмір жоқ махаббатсыз, бақыт та жоқ,
Басқадай әңгімем жоқ айтар оған.
Ақ таңды сүю керек, нұрын күннің,
Ұната білу керек түрін гүлдің.
Қыздары ғашықтықтан өліп кеткен,
Аңызын оқу керек бұрынғының.
Жазғанмен махаббатты бұдан бұрын,
Қорғауға соны тағы шығам бүгін.
Жарын сүйе білмейтін жасықтардың
Елін сүйетіндігіне күмәндімін.
"Қыздары ғашықтықтан өліп кеткен!"
1 – жүргізуші: Екінің бірінің аузына түсе бермес, қаламына орала бермес бейнелі жол. Мұнда қасірет те бар шығар, бірақ ол қалтарыста қалған. Қазақ қызына, оның махаббатына деген құрмет осындай-ақ болар.
Айтқан серттен айнымас арда сезімге, ұлттың кешегі ұлы махаббатына жыр жолымен қойылған ескерткіш секілді. Қазақы әдет-ғұрып пен өнегенің аясында тәрбие алған қыздың өзі сүйген жігіттің алтын басын ардақтап, бағалай білуі бүгінгі феминистік заманда тосын естіледі.
Шырағымбысың, Шынарымбысың, Қыранымбысың, Жыр-әнімбісің.
Бәрі де сен бол, мен әйел болам, Өзіңе ғана ұнауым үшін!
Бұл да тек Ақұштапша ғана айтылған айшықты ойлар, айрықша дара шумақтар. Мұндай өлеңдер, жасырып-жабары жоқ, бүгінгі саусақпен санарлық дарынды әйел-ақындардың кейбірінің жігіттерді кілең жігерсіз, жасық, ұсақ, күйкі тірлік иесі етіп көрсететін адуын жырларынан гөрі жанымызға жағыңқырайды. Жігітті ардақтағаннан ақын қыздың лирикалық кейіпкері аласарып қалған жоқ, қайта өз бейнесі биіктеп, асқақтай түскен. Ол ақын да, ана да бола білген асылдардың санатынан.
Анамын бөбегін сағынған,
Ақынмын жыр болып, ағылған.
Көңілмін екіге бөлінген,
Жүрекпін екіге жарылған.
Осы өлеңді оқи отырып сүйсінесің, оқи отырып ерисің. Ақындығына тәнті боласың, аналығына басыңды иесің. Бұл да болса өлең-сөздің қүдіреті. "Әйел адамға 18 жасқа дейін жақсы ата-ана, 18-ден кейін жақсы көрік керек, 35-тен кейін жақсы мінез, 55-тен кейін жақсы ақша керек" деген екен атақты американ актрисасы Софи Такер. "Ал ақын әйелге ше?" — дейді біздің бір ойымыз. Меніңше, Аллаға шүкір, Ақұштап апайға осының бәрі де бұйырған. Бірақ нағыз ақынның көңілі бәрібір байыз таппайды, дүниенің бәріне алаң. Өйткені ол мынау мазасыз әлемге, азаттықтың асау арнасына, қоғамдағы қалтқымалы ахуалға, ауылдағы жадау тұрмысқа, ұлттың тілі мен ділінің болашағына ақындық жауапкершілікпен, аналық жанашырлықпен қарайды. Сондықтан да ол:
Ақ айдын айырбас боп тас қалаға,
Тұрсам да жанға жайлы баспанада.
Парлатып көздің жасын Жайыққа ұшқан,
Мен, апа, секілдімін ақ шағала,
— деп арыз-арманын жазса, шүбәсіз иланамыз — иланамыз да, ортамызда осындай арзу ақынның барына мың да бір тәуба айтамыз.
2 – жүргізуші: Ақ ерке Ақжайықтан қанат қағып ұшып шығып, бүгінде бүтін қазақ поэзиясы айдынының ақ шағаласы атанған Ақұштап Бақтыгерееваның есімі өлең сүйер қауымға жақсы таныс. Жүрек тебірентер жырлары оқырманның көңіл пернесін басып, адалдық, пәктік, іңкәрлік, сүйіспеншілік, патриоттық сезімдерге жетелеп, сарғайған сағыныштың ауылын аралатып, жүректің назды үнімен, көңілдің сазды әуенімен өзге бір әлемге жетелейді. Ақын толғанған, күй ақтарып, сыр шерткен тақырыбы сан түрлі. Сыршыл ақын жан дүниесіндегі тылсым сезімді бүкпесіз ашып, толқытқан ойларын оқырманға жолдайды. Тұңғиығына үңілгендердің рухани дүниесімен астасып, сезім қылын шертеді. Ақұштап ақын дүниенің барлық құбылысын өлең етіп ұйқастыра
бермейді. Ол тек өзінің кішкене жүрегін дір еткізген нәрсені сезеді, көреді. Сол сезімі өлең болып өріледі. Ақын өлеңдері жанры жағынан лирикаға құрылған. Лирика – әдебиеттің Аристотель заманынан бері келе жатқан дәстүрлі үш тегінің бірі, шындықты адамның ішкі көңіл-күйіне бөлеп, ойы мен сезімін астастыра суреттейтін терең психологиялық шығарма. Көбіне өлеімен жазылады, сюжетке көп бара бермейді. Оқиғадан гөрі отты сезім маңына, бас-аяғы тұжырымды бірер философиялық ой маңына жинақталады. Лирика тілсіз түйсіктерге сөз береді, оларды тар кеуденің қыспағынан көркемдік өмірдің таза самалына алып шығады да, ерекше өмір сүргізеді. Лириканың бас қаһарманы – ақынның өзі. Мұның эстетикалық қасиеті де, тәрбиелік күші де айрықша үлкен. Себебі, бұл арада өлеңді жазған адам оқыған адамға айналып, ақын мен оқырманның көңіл-күйлері бір-біріне ұштасып, бірігіп, біте қайнасып кетеді. Бар адамды бір адамның (ақынның) «қуанышымен қуантып, қайғысымен қайғыртар, шаттығына бөлеп, үмітімен тыныстатар, құлағымен есіттіріп, тілімен сөйлер…» (Белинский) лирика дегеніңіз осы ғой!
«Сен сөздің сұлуысың, шынарысың,
Өзіңе талайлардың құмары шын.
Толқытып, тебірентіп, толғандырып,
Әйтпесе ақ көңілден шығармысың», -
деп өзі жырлағандай өлең деген кейде асау өзендей алабұртқан, кейде көз жасындай мөлдіреген пәк әлемнің өріне бағыт түзеген Ақұштап Бақтыгереева әдебиет әлемінде өз қолтаңбасы бар, дүниетанымы қалыптасқан ақын.
1 – жүргізуші: Сиқырлы поэзия әлемінде Ақұштап Бақтыгереевамен рухани үндес алаштың ақын қызы Күләш Ахметова. Өмірлері өлеңмен өрнектелген, поэзия биігінде қатар келе жатқан екі ақыннан рухани үндестікті, тақырып, сәйкестігін, көзқарас бірлігін, ұқсас иірімдерді көруге болады. Күләш Ахметова да лирика жанрына өлшеусіз үлес қосып, сезім иірімдерін өлең өрнектеріне сыйғызған ақын.
Жазылған жырлар! Жанымның құйттай құстары,
Жайлап жүрсіңдер тірліктің қайсы тұстарын?
Ұшырып ем ғой, шартараптарға барсын деп,
Сендерден біреу керегін тауып алсын деп.
Ғимараттардың басына емес, өмірге
Ғашық жандардың кеуделеріне ұя салсын деп.
Міне, осылайша киелі сөз өнерінің құдіретін сезіне білген ақындардың өлеңдері жасқа да, жасамысқа да серік болады.Лирикалық кейіпкердің бар болмысы оқырманды сендіреді. Алыс пен жақынды, ағайын арасын табыстырып жүрген жеңгелеріне сыр шерте ме, өзімен-өзі боп жалғыз кете ме, досына мұң-күйік шерте ме, туған жерді аңсап, табиғатты тілге тиек ете ме – табиғи сезіммен, қарапайым болмыспен баурайды.
Ақын жандардың өлеңге қосқан ең бір жандарына жақын тақырып – туған жер. Бал балалықтың елесі қалған, қырында ән салып, бауырында бәйшешек терген туған жерге деген сағыныш еш адамды бейжай қалдырмасы анық. Ал, ойларын өлеңмен өретін сыршыл жүректі ақындардың сағынышын сезінбеу, оқи отырып ерекше күйге енбеу мүмкін емес. Ақұштап Бақтыгереева «Жайыққа сәлем де сен» деп келетін өлеңінде:
Сен Жайыққа айт, ерке қыз келеді де,
Өлең жазып ақ көйлек желегіне.
Сағынышы басылмай жүр дегейсің,
Құлаш ұрып қайтпаса тереңіне.
Сен Жайыққа айт көргенде анау ағын,
Аққан кезде аймалап жағалауын.
Дауылымен қанатын қайтармаған,
Келетінін сонда өскен шағаланың.
Туған жерін сағынбай шыдай ма адам?
Наз артпасын Жайығым бұлай маған.
Кез болды де өзіңдей көктемдерде,
Өмірінің арнасын ылайлаған.
Көрген жоқ де бірақ ол ойдан налып,
Ән салды де жасқанбай тойларда анық.
Елең етпей күңкілін пенделердің,
Жүреді де өзінше жайраң қағып.
Сен Жайыққа айт, жолдас боп ездерменен,
Жағымпаз боп көрмеген, сөзге ермеген.
Қызың жүр де бір мінез өмір кешіп,
Сен сияқты арнада өзгермеген –
деп тебіренеді.
Ақұштаптың тағы бір тақырыбы – жеңгеге сыр шертуі. Сырлы жеңге мен сұлу қыздың арасындағы сыйластықты құрметтейтін қазақтың салтымен аяулы жеңгелерге назды да сазды жырларын арнайды. Бұл тақырыпта Ақұштап ақын:
Жүзіңнің жылы жарқыны-ай,
Өзгеру білмес қалпың-ай.
Қыздардың назын көтерген,
Даламның дарқан салтын-ай.
Мінезің ашық ұнады,
Ұсынған шайың тұр әлі.
Жүзіңде сенің мейірім,
Ал менде өмір сұрағы.
Не десем екен, не десем,
Жанымды жырға бөле сен.
Аға мен дала бағына,
Жайраңдап тұрған жеңешем –
деп асыл жеңгеге деген кіршіксіз таза сезімді қағаз бетіне түсіреді. Осы өлеңді оқыған әр оқырманның ойына өз жеңгесі орала кетеді. Лириканың құдіреті де осында болар.
2 – жүргізуші: Өнер жолындағы әйел адамның тағдыры тым жіңішке, жаңбырлы ауа райында тайғанақ жартастардан аттап, соқпағы көп жолдың сонау алыс шатқалда бір сәуле бар деп ұмтылатын нәзік кеуденің бойында өмірге деген құштарлық, щыдамдылық, поэзияға деген асқақ махаббат болады. Сонымен қатар «қыз үлесі қашанда болу ана» деп Ақұштап ақынның өзі айтқандай ару-ғұмырдың ең бір басты міндеті – саналы ұрпақ өсіру. Шынтуайтына келгенде, Ақұштап та кешегі Қарашаш ана, қыз Құртқа, Гүлбаршын, Домалақ ана, ақын Саралардың заңды жалғасы. Нәзік жанды ақындардың өлеңдеріне ең көп арқау болған тақырып та –осы. Әйел болмысының қадір-қасиетін, ананың сәбиге деген шексіз махаббатын тереңнен толғап жазады. Ақұштап Бақтыгереева «Бала» деген өлеңінде:
Түн ұйқымды төрт бөлдің ауырғанда,
Жүрегімді қақ бөлдің – сағынғанда.
Той дүрмекке барсам да үйге асығам,
Өздеріңді ұмытқан шағым бар ма?
Ойыншық боп қағазым, қаламым да,
Жыр жолдары мөлдіреп жанарымда.
Өлең қуып өтер ем, бәлкім, мәңгі
Ал сендерсіз шын бақыт табармын ба?
Әсем әнім, ұйқасқан жыр-жолдарым,
Құлындарым, жолымды қуғандарым.
Ашу, күлкі, реніш, қуанышым,
Шаршататын бейнетім, думандарым.
Ертең саған жалғасып жатар даусым,
Еркіндеусің, кейде тым қаталдаусың.
Өйткені сен о баста адамзаттың,
Ең басты бақыты боп атанғансың,- деп ана жүрек ағынан жарылып, сәбиіне деген сезімін өлең шумақтарымен жеткізеді. Бұл жолдарға көз жүгірткен әр ананың көкірегіндегі балаға деген махаббаттың одан әрі арта түсетініне сенім мол. Бұл жолдарға көз жүгірткен, түсінген жанның рухани дүниесі байып, мейірімі мен махаббаты өзгеден ерек ана жүрекке деген шексіз құрметі арта түседі деген сенімдемін.
Сіздердің назарларыңызға Ақұштап Бақтыгерееваның сөзіне жазылған «Шағала» атты әнін интербелсенді тақтадан тамашалауды ұсынамыз.
(Ән тыңдалады)
1 – жүргізуші: Сөз құдіретін ұғатын қадірлі тыңдармандар, енді сіздердің назарларыңызға АқЖайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтырееваның жырларын ұсынамыз қабыл алыңыздар!
«Туған жер»
Сен жайлы ақ бесікте күй тыңдадым,
Тыңдадым сандуғаштың сүйкімді әнін
Мен сенде сұлулыққа ғашық болып,
Гүліңе саусақ жайып ұмтылғанмын.
Мен де бір гүлің едім қырқада өскен,
Өзің деп арманым жоқ шырқап өтсем.
Көркіңе көктемдерде сән қосатын
Қырыңа өз қолымнан бір тал ексем.
О, менің ардақты әкем, асыл анам,
Қызыңмын пәк үмітпен асыраған.
Өзің деп қобалжыған жүрегімнің
Дүрсілін сенен қалай жасыра алам?!
Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді
Ақ Жайыққа жыр арнағым келеді,
Оған айтар мұң-арманым көп еді.
Туған жердің қасиеті шығар-ау
Гүлдей сұлу талы менен терегі.
Оны ұмытсам болмас, сірә, кешірім,
Соған ұқсас қойылыпты есімім.
Оны қалай жырламайын егерде
Толқынында тербетілсе бесігім.
Сонда маған жұлдыз күлді аспаннан,
Сылдыр өнді алғаш ұқтым жас талдан
Мөлдір ағын дыбысынан кеудемде
Нәзік жырдың шумақтары басталған.
Сонда жатыр ата-бабам моласы,
Қымбат маған қаласы мен даласы.
Менің алғаш вальс биін билеуге
Себеп болған Ақ Жайықтың баласы.
Жайық десе, ойда Нарын өлеңі,
Сағынғанда еске аларым көп еді.
Жайық-Анам, Жайық-Елім, Отаным,
Құшақтағым, аймалағым келеді.
Іштеріңнен шығады жаңа дарын,
Бізден биік болады саналарың.
Бізден бөлек болады ғасырың да,
Бізден бөлек болады модаларың.
Соғыс салған жараны көрмейсіңдер,
Жоқтық, аштық дегенге көнбейсіңдер.
Біздің ұрпақ әкесін жау өлтірген
Деген, сірә, «ертекке» сенбейсіңдер.
Бізден басқа ырғақта ән айтасыңдар,
Басқаша әуен аспабын тартасыңдар.
Біздер тамақ пісірген қазандарды
Тамашалап музейден қайтасыңдар.
Бірақ, бірақ…
Өзгертпес гүл өскенін,
Тоқтатпайды тіршілік күрестерін.
Адамзаттың ұрпағын тәрбиелеу
Бар ғасырдан алатын үлестерің.
Бәлкім, бізден еркіндеу өсесіңдер,
(Бізге жұмбақ, не киіп, не ішесіңдер).
Қуанышын, қайғысын махаббаттың
Дәл біздерше сендер де кешесіңдер.
Мейлің, түрлі түспенен қасты боя,
Алуан тілде айтылар жастық Ода.
Білетінім: Отанын, Халқын сүю,
Болу қажет қашан да басты мода!
Ерке өстім, көргенім жоқ азап кешіп.
Тіршілік, өмір заңы ғажап нешік.
Бір кезде маған жайлы орын болды-ау,
Бір қолмен тербететін қазақ бесік.
Бесіктен өзің едің шешіп алған,
Қызыңның болып еді өсуі арман.
Бір кезде құндағыңа сыйған сәби
Үйіңе сыймай кетсем, кешір, анам.
Айдын көлдің арызы
Қонатын қаздар қаңқылдап
Мөп-мөлдір еді айдыным.
Ойнайтын сазан жарқылдап,
Есепсіз еді байлығым.
Бетімде самал шайқаған
Билеткем түнде ай нұрын.
Қамысты нудан байқағам
Жолбарыстардың айбынын.
Менімен сұлу кеші де
Нұрлы еді дала таңдары.
Салатын ойнақ төсіне
Аққудың балапандары.
Қамысты шапты адамдар,
Өртеді біреу қалғанын.
Жойылды тірлік жағамда,
Мен енді шалқи алмадым.
Тартылдым, жағам тозғанда
Тайғандай бастан бар бағым.
Мергендер атқан қаздарға
Пана да бола алмадым.
Жоғымның орны толды ма?
Көркім жоқ жолшы мақтаған.
Қарала үйрек орнына
Шүрегей мынау қаптаған.
Шалқып бір жатқан күндерде
Құшақты жайдым баршаңа.
Сусының болып шілдеде
Ләззат бердім қаншама.
Жалынам бүгін бәріңе,
Үмітпен ұрпақ баққандар.
Қолыңнан келсе, әлі де
Жоғалтпай мен сақтандар.
"Сіңліге сыр"
Осал да болма, ойыңнан оңай адасқан,
Өжет те болма, орынсыз сөзге таласқан!
Алдымен қызға керегі пәктік, адалдық,
Показать полностью..
Одан соң, жаным, жаз мінез керек жарасқан.
Айтарым тағы, берік бол, сертке бір сөйле,
Сабырлы таудың мінезі керек күлсең де.
"Қыз мінез" деген - сұлулық сыры өмірдің,
Жұмбақтай қиын жатқандай болсын бір сенде!
Десек те біздер: «Жастықтың сырын аз ұқтық»,
Өмірдің жолы болмайды тегіс жазықтық.
Ісіңнен кейін есіңе сақта, жарқыным,
Жеңілмес мықты қаруың сенің - нәзіктік.
Қайғының жүгі жаныштап сені жатса да,
Досыңды «Тағдыр талқысы - сол» деп тастама!
Дұшпаның саған ойласа алуан қастандық,
Қалай да өзің жақсылық ойла басқаға!
Қадірлер сонда қалтқысыз танып асыл ер,
Өзгелер сені «Адамның бірі - осы» - дер.
Арыңа тиіп, жолыңды кескен тентектер
Алдыңа келіп өздері кейін бас иер.
( Жыр-сұхбат)
- Асқаралы шыңдарға шығара ма өлеңім?
Жан дертімді асқынған, жырмен емдеп келемін.
Аспан асты тарлық қып, Айға ұмтылды арманым,
Апа, Сізге алғаусыз сырымды айтсам деп едім.
Өмір-осы дейміз де, өп-өтірік күліп біз,
О, қаншама кірпікке ардың жасын іліппіз?
Кімбіз өзі? Не сәуле бізді өзіне қаратқан?
Сынақ үшін жерге әлде жіберді ме Жаратқан?
- Қырларына гүл өсетін не түрлі,
Жарылқайтын жесірлер мен жетімді.
Біз мекендеп жүрген осы жер үсті
Кейде маған жұлдызды әлем секілді.
Өз-өзіңмен өтіп жатыр әр кешің,
Күндіз тағы өз ісіңмен әуресің.
Жұлдыз сынды жарқыраған адамдар
Жақын барсаң түсірмейді сәулесін.
Бірде батыл, бірде дана, ақынбыз,
Жүректегі армандармен жақынбыз.
Жолықпайтын метеориттер тәрізді
Әр бағытпен ағып бара жатырмыз.
Айналасын қорғап әркім үйінің,
Тілеп кетті өзі шығар биігін.
Жанып біткен планета сияқты
Шаша алмадық басқаларға мейірім.
Жұлдыз, жұлдыз!Биіктіктің сәні еді,
Алыс қарап тұрсақ сондай әдемі.
Неге салқын болады екен, япырмай,
Жарқыраған жұлдыздардың әлемі?
- Көлеңкесі бар Айдың да. Көріп қанша мұңайдым.
Бір сауалым бар еді, апа, соны сізден сұрайын.
Бақыт деген не екенін әлі аңғара алмадым.
Үміт үркіп, алдай беред арманым…
- Кейде сараң бақытқа мына жалған,
Әр кеудеде өзіндік тұнады арман.
Біреу отыр табынып жалғыз қызға,
Оны-дағы біреуден сұрап алған.
Бір әйелді қателік мұңы қармап,
Қорықпайды «бірі – өлсе, бірі-қалмақ».
Астан-кестен алты ұлды қарғап отыр,
Қолдан келсе бір күнде қырып алмақ.
Бар далада ақ дауыл, таң самалы,
Әр жүректің өзіндік аңсағаны.
Күнделікті тірлікте, жер бетінде
Үйренетін өмірдің бар сабағы.
- Бақыт деген – байлық дейді біреулер?
- Бар адамның мақсаты баю шығар,
Бай болғанға рахат дайын шығар.
Қазақтардың байы көп естілмейді,
Керісінше, көбейді қайыршылар.
Көрген ұлт қой аштық пен қайғыны да,
Деп түсінген қозы мен қойды мұра.
Кім кінәлі, білмеймін, туған жердің
Ие бола алмасақ байлығына…
- Жабырқап жүрмін, жанымды ешкім ұға алмай.
Алаңдай берем, алдымнан бақыт шығардай.
Достарымның да – тірліктің мына әлегі,
Салқындау бүгін сәлемі.
Бәрін-де бәрін қабылдап нәзік жүрекпен,
Жарқылдар сәтте жасындай, кетем жүдеп мен.
Анамдай менің аяулым өзің, жан апа,
Ақылыңды айтшы, осындай өмір тілеп пе ем?
- Ақ құйын болсаң, мені де кет бір тербетіп,
Ауырса жаның дауылдарға ал емдетіп.
Көлденең сөзге құлағың салма, пендеде
Болуы мүмкін кем-кетік.
Күле алмай қалсаң, ойлардан ауыр іш тұнып,
Қалшылдап тоңсаң аяздар қарып үскірік.
Өзіңе қастық жасаған жанның есігін
күліп аш. Ол да күштілік!
- Сын айтады көп маған: «жазады тек сезімді».
Шалқар шабыт шырқатса айып па екен, кезімді,
Мынау ғапыл ғұмырдың ғажайыбы таң қылған!
…Жастық дәурен менің де барады өтіп жанымнан…
- Тақырыбым «ұсақтау» – бала жайлы,
Әлдилеп ақ сүт берген ана жайлы.
Пәк сезімді жырлау да ескіріпті,
Қазір сөздің ірісін бағалайды.
«Көші-дедік-өмірді пасықтардың,
Махаббат – сандырағы ғашықтардың».
Жоғалды деп арудан нәзік қылық,
Жігіттердің сөз еттік жасықтарын.
Ал мен болсам ризамын ғұмырыма,
Гүл тағамын қызымның бұрымына.
Қарапайым жердегі ана тапқан
Ғашық болдым қазақтың бір ұлына.
Сүйдім қырдың гүлін де, жусанын да,
Жудым сәби жөргегін, қуыршағын да.
Ана болдым кәдімгі, мейірленіп
Тыпырлатқан тірлікті құрсағымда.
Отыратын жан-жарын тосып үйде,
Мазалайтын тірліктің көші кейде,
Мен әйтеуір халқымның бір қызымын,
Мына өмірді сүйетін осы күйде.
Қастерлеймін адал, пәк сезімді мен,
Ой кешемін, таң алды көзімді ілем.
Ірі сөзбен сөйлейтін кей пенденің
Ұсақ өмір кешетін кезін білем…
- Жан апа, бағымыз ба, сорымыз ба,
Білмеймін, өлең қонды қолымызға.
Тағдырдың жазуына толы маңдай,
Әрі әйел, әрі ақын болу қандай?
- Оңай деп пе едің, қанатым,
Ойлардан жүдеп, қажалу,
Ұрпаққа мұра болатын
Өшпейтін жолдар жаза алу.
Қасқая қарау тағдырға
Қатерден, сыннан қорықпай.
Не күтіп тұрса алдымда
Өте алмау оған жолықпай.
Домбыра тартып тойларда,
Бесікті тербеп ойлану,
Әйелдің жүгін қойғанда,
Ақынға қайта айналу.
Көміліп ойға дір етпей,
Өшпейтін жолдар таба алу.
Қайтадан сүйген жүрекке
Махаббат болып оралу…
- Самайды қырау шалса да, жүректің жасы – он сегіз.
Не жайлы жазар едіңіз өмірге қайта келсеңіз?
- Өмірге келсем қайта мен…
Десе егер: «Не сыр байқап ең?».
Шын сүйе білген жүректің
Арманы жоғын айтар ем.
Жалғасып жырға наз-әнім
Бақыттың кештім базарын.
Сондықтан бүгін көбірек
Ғашықтық жырын жазамын.
Сезімнің білдім ғажабын,
Сүюдің көрдім азабын.
Өмірге қайта келсем де,
Махаббат жайлы жазамын!
- Туған жерді қалтқысыз сүю қалай екенін,
Өр үніңнен, жан апа, өзіме үлгі етемін.
Талай-талай ғасырлар тап болса да азапқа,
Тәуелсіз ел атанған не тілейсіз қазаққа?
- Егер біздің қазақтың:
Көп оқыған бабасы ғалым болса,
Жаңа туған баласы дарын болса,
Қыздарының барлығы ару болса,
Көргенсізге бұл қазақ зәру болса.
Өз ұлының өскенін күндемесе,
Тұрмысы шат көршісін тілдемесе,
Ру санап жан-жаққа бөлінбесе,
Тегіс қазақ Даласын Елім десе,
Атқа мінген ардақтап азаматын
Кірлетпесе еш жерде қазақ атын,
Шет елдіктің өзгеріп көзқарасы
Өз байлығын билесе өз баласы,
Құлақ асып жарлының шағымына
Мастанбаса қалтаның қалыңына,
Арман қуып шетінен қанаттанса,
Өлең оқыр бәрінде сауат болса,
Қастерлесе ерлерін еңіреген,
Сол кезде мен жарылып қуаныштан
Ақ Жайықтай арнамнан төгілер ем!
№3 «Зерде» мектебінің 10 – сынып оқушысы Төлеутай Еламан өзінің Ақұштап Бақтыгерееваға арнаған «Ақын апаға арнау» атты өлеңін оқыды.
1 – жүргізуші: Ақын – ұлттың байлығы. Ол ұрпақтарды рухани қоректендіріп, адамгершілік пен шыншылдықтың, әділеттілік пен адалдықтың негізін қалайды. Сөз маржанын теріп бақытын өлеңнен тапқан қазақтың ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева:
«Өлең деген – құдірет қой, шынында,
Талант керек кейде оны ұғуға.
Ұлағат та, тіршіліктің сыры да,
Үңілсеңіз жатыр баба сырында», — деп алаштың Ақұштабы жырлағандай өлеңде ет-жүректі елжірететіндей, намысты қамшылайтындай құдірет бар! Жыр сүйер қауым, осымен Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жас мерей тойына арналған «Ақжайықтың ақ шағаласы» атты поэзия кеші өз мәресіне жетті. Хош сау болыңыздар!
Количество показов | 6043 |
---|