Құрметті кітапқұмар қауым!
Біздің кітапханаларымыздың кітап қорында ақын-жазушылардың қолтаңба қалдырып, сыйға тартқан кітаптардың орны ерекше.
Кітаптағы қолтаңба автордың шығармасын шырайландырып, ыстық ықыласын ұдайы сездіріп, автормен өткен жарқын кездесу мен сәулелі сәттерді еске салатын құнды жәдігер. Бүгінде кітапхана қорында авторлық қолтаңбасы бар бірегей кітаптар сақталған.
Сіздерді қолтаңбалы кітаптар топтамасымен танысуға шақырамыз.
Қайролла Дүйсенбаев 1949 жылы 8 шілдеде Ақкөл ауылдық округінің Зеленая роща ауылында туған. Әйтсе де балалық шағы Тоққұлы көлі етегіндегі аядай ауылда өтеді. Қаймағы бұзылмаған қазақы тұрмыс, тұмса табиғат жас баланың қиялын сол уақытта-ақ шарықтатқан тәрізді. Сөйтіп сол бір шақтағы бейнелер баланың жадында мәңгілікке сақталып, оқтын-оқтын жаңғырып тұратыны Қайролла ағаның әңгімелері мен өлеңдерінен көрінеді.
Қайролла Дүйсенбаев жазған-сызғанын елеп-екшеп, «Жұмбағы көп дүние-жалған» атты кітабын баспадан шығарды.
2016 жылы №3 кітапхана-коворкинг орталығына қаламгер өзінің қолтаңбасымен «Жұмбағы көп дүние-жалған» кітабын сыйға тартты. Кітапқа автордың әр жылдары жазылған өлеңдері, әңгімелері және ел аузынан жинаған деректі дүниелері топтастырылған.