Екібастұз қаласының Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің Автоматтандыру және цифрлау бөлімінің құрастыруымен "Төртүй мен Төртүйліктер" атты жаңа веб-ресурсы іске қосылды.
Кітапханамыздың кітап қорында 90 жылдық ауылдың тарихынан сыр шертетін көптеген фотоматериалдар, мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар жинақталған. Автоматтындыру мен цифрлау бөлімінің барлық дереккөздері жүйеге келтіріліп, осы жобаны іске қосу туралы бірауыздан шешім қабылданды.
Аталмыш веб-ресурстың құрылуына Екібастұз ауылдық кітапханасының кітапханашысы Әсемгүл Шахтаева мен ауыл мұражайы көп септігін тигізді. Сондай-ақ, Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайына да веб – ресурсты толықтыруға ат салысқандары үшін алғысымызды білдіреміз.
"Төртүй мен Төртүйліктер" атты веб-ресурс 5 бөлімнен тұрады. Сайттың алғашқы беті оқырманды "Екібастұз" совхозының, содан кейін "Төртүй" ауылының құрылу тарихымен танысуға жетелейді.
Төртүй ауылы туралы мерзімді басылымдарда жарияланған мақалалар "Мақала бетіндегі ауыл" атты бөлімде "Тарих қойнауындағы Төртүй", "Төртүй тынысы" және "Төртүйдің төбелері" атты бөлімшелерге бөлініп топтастырылған. Әр қолданушы бұл бөлімшелерде ауылдың тарихы мен экономикасы, ауылдың негізін қалаушылары мен асыл әулеттері , қазіргі ауылдың жетістіктері жайлы мақалалар тізбесімен таныса алады. Мақалалардың сандық нұсқасымен «Оқу» сілтемесіне басу арқылы танысуға және жүктеп алуға әбден болады.
Екібастұз өңірінде орналасқан ауылдар жайлы кітаптар кітапханаларымыздың кітап қорында сақтаулы. «Кітап бетіндегі ауыл» бөлімінен Төртүй ауылы жайлы Совхоз «Экибастузский», «Екібастұз шежіресі», «Еңсесі биік қала» және т.б. кітаптардың сандық форматтағы нұсқаларын оқи аласыз.
Веб-Ресурстың "Галерея және видео" бөлімінен "Ауылдық кітапхана", "Ауыл тарихы", "Екібастұз ауылдық мектебі. Тарихы", "Екібастұз учаскелік ауылдық ауруханасы. 1974 жыл", "Төртүй ауылының мұражайы "және" Төртүй - 2020" жайында көптеген фотоальбомдарды тамашалай аласыз. Бейнетаспалар совхоз, ауыл тарихы, су тару, ауылдың 90 жылдығын тойлау жайында бірқатар хроникаларға толы.
Сөз соңында, веб – ресурстың тағы бөлімімен таныстырып өтсек. Басты бетте "Қонақжай кітабы" орналасқан. Сол жерде Сіз біздің жобамызға қатысты тілектеріңізді, ұсыныстарыңызды жаза аласыз. Егерде сізде Төртүй аулының тарихына қатысты баспа және фотоматериалдар болса, оларды "Бізбен байланыс" бөлімінде орналасқан пошта арқылы жібере аласыз. Олар міндетті түрде веб-ресурста орналастырылады.
Веб-ресурсты мына сілтеме бойынша: https://lib-ekb.wixsite.com/tortuy-ekibastuz-ru, немесе Екібастұз қ. ОКЖ сайтының басты бетінен http://lib-ekb.kz/ табуға болады.
Төртүй мен Төртүйліктердің керемет тарихымен танысыңыз!