Құнанбаев Шайхым (Шайхыислам)
Қарттықты күш-қуатыңды жоғалтпай, сергек қалыпта қарсы алғанға не жетсін! Осы ғұмырымда таяққа сүйенбей, ешкімнің жетегінсіз үйге кіріп-шығып, соңғы күндеріне дейін қоғамдық моншаға өз аяғымен ба-рып жүрген бір қарияны көрдім. Ол - қарт ақын Шайхым (Шайхыислам) Құнанбаев.
Ол кісімен жиі араласуымыздың да себебі бар. Кенже ұлы Айтқалидың келіншегі Шолпан - менің жұбайымның беле апасы. Туыстығымызды алға салып, Шайхым атамен жиі араластық. Қашан барсаң, жеке бөлмеде қазақы үстелдің басында өлең жазып отыратын. Арасында телевизордан берілетін жаңалықтарды да қалт жібермейтін. Бізбен тіл, әдебиет, ел тәуелсіздігі тақырыбында әңгіме қозғап, бір серпіліп қалушы еді. Қарт ақын әсіресе тіл тақырыбына ойысқанда, көзіне мұң ұялап, ауыр күрсінетін. Ақынның жан дүниесіндегі бұл сілкініс өлеңмен өрнектеліп, бейнелі сөзбен кестеленіп жатушы еді.
Абыз қарт Шайхым Хасенбекұлы -Баянауыл ауданының тумасы. Өз қолымен жазған өмір дерегінде: «Мен, Шайхыислам Хасенбекұлы Құнанбайтегі, 1920 жылы желтоқсан айының алғашқы жұмасының бір күнінде әулиелі Қызылтау сілеміндегі Ақши деген жерде (қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданы) дүниеге келдім», - деп келтірген.
Оның қанатқақты жырлары өткен ғасырдың қырқыншы жылдарында жарық көрген. Алғашқы балауса жырлары «Қызыл ту» (қазіргі «Сарыарқа самалы») газетінде басылған. Кейін Екібастұз қалалық «Отарқа», «Дауа», «Нива» газеттерімен байланыс орнатады. Содан бері соңғы демін алғанша көрген-түйген өмір мысалдарын бояусыз жеткізіп келді.
Ақынның топтама жырлары «Екібастұз өлең өрінде» атты өлеңдер жинағына енді. 2008 жылы «Өмір іздері» атты алғашқы өлеңдер жинағы жарық көрді. Көп ұзамай ақынның «Ой тұнығы», араға жыл салып «Көңіл лебіздері», «Парасат нұсқалары» атты жыр жинақтары оқырмандарына жол тартты.
«Көңіл лебіздері» атты кітабын ақтарып қарасаңыз, бір бөлімді тұтас ана тіліне арнағанын байқайсыз. «Алтын тілім - арымыз» деген өлеңінде:
«Көрдік өмір азабын,
Естідік жат мазағын.
Қазақпенен қазақша
Сөйлесіңдер, қазағым!
Алтын тілім - арымыз,
Тілде - ұлттық нәріміз.
Түзетуге тілімді
Күресейік бәріміз!» - деп халықты тіл үшін күрес жолында бірігуге шақырса,
«Сөйле ана тіліңде» деген өлеңінде:
«Ғылым менен білімде,
Одан шошып бүлінбе.
Алтын күннің нұры бар
Менің ана тілімде.
Тілімде әлем жыры бар,
Тілімде елдің сыры бар.
Әлі терең зерттеліп,
Ашылмаған қыры бар», - деп түйін-дейді.
Еліміз тәуелсіздік алғанда жаны таза ақынның қуанышында шек болмайды. Кеудені кернеген шаттығын былай деп толғайды:
«Жетпіс жыл бодандықта ел зарлады,
Зар жылап көздерінен жас парлады.
Ұшқышқа қазақтан жан алмап еді,
Талғаттай қырандарым көк шарлады.
Жер шары елімізді танып жатыр,
Салт-сана, дәстүріне қанып жатыр.
Тарихты қисық жазып бұрғанына
Шет елдің білгірлері нанып жатыр.
Егемен еркіндіктің жолын салды,
Ерлерім ел тағдырын қолына алды
Басқарып өз елінің барлық ісін,
Нұсқауы орталықтың кейін қалды».
Айта кетерлік жай, кезінде КСРО-ның бас хатшысы Никита Хрущевқа қарсы шығып, қазақтың жерінің телім-телім болып кетпеуі үшін күрескен қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеновтің ерлігін қазіргі жастар біле бермейді. Солтүстіктің бес облысын Ресейге қаратудан сақтап, оңтүстіктің екі ауданын Өзбек еліне бергізбеген Жұмабек Тәшеновке Қазақстанның барлық қаласында еңселі ескерткіш орнатса да, артықтық етпес. Қазақтың арыстан жүректі ұлына деген ризашылығын ақын халық атынан былай деп жеткізеді:
«Арнадым осы өлеңді Жұмабекке,
Өзгеден асып туған асыл текке.
Отаны үшін айқасып үлкен дәумен,
Тайсалмай қарсы шыққан жекпе-жекке.
Соған қарсы Жұмекең айқас салды,
Өжеттікпен намысты қолдан алды.
Қайсар ер арысымның арқасында
Бес облыс берілмей, елде қалды.
Бес облыс жерімді қалдың сақтап,
Ерлікпен ел сенімін шықтың ақтап.
Ата-баба аруағы риза болып,
Жүреді білген жандар сені мақтап».
Қарт ақын бұдан бөлек елімізде ұлттық валюта - Теңгенің айналымға шыққанына, Ата Заңның қабылдануына да шаттанып үн қосады. Өмірдегі келеңсіздіктер, адам бойындағы жаман қасиеттерге де жеке тоқталып, одан аулақ болуға шақырады. Қазақ қыздары мен ұлдарын салт-дәстүрімізді сақтауға үндейді.
Қарттыққа көзілдірік кимей тың жеткен Шайхым Хасенбекұлын сүйікті ұлы Қайырғалидың мезгілсіз қазасы қабырғадан күйрете соқты. Ту сыртынан пышақ сұққандай күйде есінен танған қария:
«Таласты жұртпен жарысып,
Бітпеді әлі бар ісің.
Тілдеспей кеттің бақиға,
Қайырғали арысым!
Арысымнан айырылдым,
Қанатымнан қайырылдым.
Тынық күні төбемнен,
Жаңбыр жаумай жай ұрдың.
Мезгілінен ерте алды,
Ұзартпай жасын келте алды.
Қарайлатпай артына,
Қарт жүректі дерт алды», - деп күңіренеді. Іштегі бар запыранын ақ параққа төгеді.
Амал нешік, тағдырдың ісіне шара бар ма? Емен діңіндей берік, өз ұстанымына адал, елін шексіз сүйген қария талай күресте жеңіп шықса да, қайғының уытына дауа таппады. 91 жасқа қараған шағында ұрпағына соңғы өсиетін айтып, мәңгілік мекеніне аттанды.
ТҮЙІН:
Жастық шағы соғыс уақытымен тұспа-тұс келген Шайхым Құнанбайтегі еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады. Жұмысқа тиянақтылығымен, жауапкершілігімен көзге түскен ол аудандық партия комитетіне қарасты ревизорлық қызметке дейін көтеріледі. Ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосады. Қай қызметте жүрсе де көркем әдеби шығармаларды қызыға оқитын ол кемелденген шақта өзі де ойындағы дүниелерді қағазға түсіруді әдетке айналдырады. Қария жыр жинақтарын бірнеше кітап етіп шығарса да, өзін ақындар санатына қоспады. Ұлттық мәселені көтеріп, азамат ретінде ел алдындағы миссиясын адал атқарған абыз қарттың биік тұлғасы жылдар өткен сайын асқақтай түсері анық.