Қарашашева Дәмет Бабыбекқызы
Дәмет Бабыбекқызы Қарашашева Павлодар облысы Ақтоғай ауданы Шідерті ауылында дүниеге келген. Мектепті 1966 жылы тәмәмдап, Семей педагогикалық институтын 1972 жылы бітіріп шықты. Ақкөл орта мектебінде химия және биология пәндерінен сабақ беріп, мектептің тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметін атқарды. 1977 жылдан бастап аудандық
газетте редактордың орынбасары болып істеді. 1982 жылы Алматы жоғары партия мектебін журналистика мамандығы бойынша бітіріп шықты. Сол жылдардан бастап, партия, кеңес
қызметінде, журналистика саласында жұмыс істеді. Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде Екібастұздағы меншікті тілші болып жүріп, 2001 жылы «Павлодартелерадио» мекемесіне бас
редактор болып ауысты.
Мектепте жүрген кезінен өлең жазумен шұғылданып, өлеңдерді сол кездегі «Лениншіл жас», «Семей таңы», «Қызыл ту» газеттерінде, «Сарыарқа», «Жалын», «Жұлдыз» журналдарында
жарық көрді. «Семей таңы» газетінде Роллан Сейсенбаев, Ғазиз Сәпиев сынды ағаларымен бірлестік жұмысына қатысып, өлеңдері «Студент бетінде» жарияланды. Алматы жоғары партия
мектебінің «Лениншіл» газетінің тілшісі болды. Облыста алғашқылардың бірі болып, Баянауыл ауданының белгілі ақыны, ұлағатты ұстаз Зекебай Солтанбаевпен айтыс өнерін жандандырды. Ол 1980 жылы Қазақстанның 60 жылдық торқалы тойына орай ұйымдастырылған болатын.
2005 жылы «Сезім серпіні», «Екібастұз өлең өрінде», 2007 жылы «Еңбекпен өрнектелген ғұмыр», 2007 жылы «Дара тұлға», 2010 жылы «Партизандар Жылбек пен Жамал», 2011 жылы
«Бабалар өнерін жаңғыртқан» атты кітаптары жарық көрді.
Облыстық радиода арнайы хабарлармен қоса, оны көркемдейтін роликтерді өлеңмен өрнектеп жазды. Облыстық Павлодар туралы әндер, Астана туралы әндер байқауының бірнеше
мәрте жүлдегері.
Павлодар облыстық маслихатының Құрмет грамотасымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бірнеше рет Мәдениет министрілігінің
журналистика саласына сай «Тіл» және «Мәдениет мұра» бағдарламалары бойынша бірінші жүлдеріне ие болған. Облыс әкімі грантының иегері. 2003 жылы өткен республикалық «Қазақстан
қара шаңырағым» - атты мүшайрасының жеңімпазы.
Көбіне балаларға арналған әндер және патриоттық тақырыптарда өлеңнің мәтінін жазған.