Орталық кітапхананың қорына түскен жаңа кітаптар
1.«Қазақтың дәстүрлі киім-кешегі» ғылыми каталог (этнографиялық коллекциялар сериясы). - Т1. - Алматы: «Өнер», 2009
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музей қорындағы хронологиялық шеңбері ХҮІІІ-ХХ ғғ. ортасына дейінгі аралықты қамтитын, барлығы 371 музейлік құндылықтар киімінің түрлері бойынша топтастырылып, ғылыми сипатталынды. Олардың жасалуы, пішімі, тігу техникасы туралы толық сипаттамаларына қоса заттарға қатысты деректер (жасалған уақыты, орны, шебері, материалы, әзірлеу техникасы және т.б.), сондай-ақ қажетті түрлі түсті фотолары (ою, өрнек, безендірілуі) беріліп отыр. Қосымшасында әр бөлімге арналған арнайы мәтіндер мен түсіндірме сөздіктер берілген. Басылым дәстүрлі мәдениет саласымен шұғылданушы ғалымдар – тарих, этнография, мәдениеттану, тіл, өнертану, музейтану сынды салалардың мамандарына және көпшілік қауымға арналған.
2.«Қазақ афоризмдер» (қазақ афористикасы: бағзыдан – бүгінге дейні). Құрастырушы-автор Е.Шаймерденұлы. – Алматы, Алматыкітап баспасы, 2008. – 304 б.
Жинаққа 2 мыңнан астам афоризмдер енгізілді. Олар мазмұнына қарай 50 тақырыпқа топтастырылған. Жинақ журналистерге, саясаткерлерге, қазақ тілін үйренушілерге, жалпы көпшілік оқырманға арналған. 3.Ескендір-Әбдешев Марат «Қазақ портреттерінің тарихы». Көпшілік – танымдық басылым. – Алматы: Алматыкітап баспасы, 2008. – 184 б.
«Бұл қазақ – жоқшы, жоғын іздеген қуғыншы», - деп Ахмет Байтұрсынов айтқандай, қазақтың ұлттық тарихында «ақтандақтар» мен парақталмаған қатпар-қатпар беттері қаншама десеңші. Еліміз тәуелсіздік алғалы бұрынғыдай жалтақтамай «өлгенімізді тірілтіп», «өшкенімізді жағып» жатқан жай бар. Дегенмен де қаншама тірілтіп, қаншама қайта жақсақ та әлі де түрен салынбаған «жоқтарымыз» көп екен. Сондай «жоқтардың» бірі «Қазақ портреттері» болып табылады. Кітаптың авторы ерекше қызығушылық туғызып, ғылыми қызметкер ретінде ел арасынан ескілікті, тарихи мұраларды жинап, оларды зерттеген. Бұл ғылыми еңбекке автордың соңғы ширек ғасырдағы өзі іздеп тауып, жинап, анықтап музей қорына өткізген не болмаса баспасөз беттерінде жарияланған ХІХ ғасырдың орта шенінен басталған қазақтардың фото бейнелері енген. Фотобейнелерді анықтау жөнінде деректер берілген.Бұл кітаптың білімді қазіргі жастарына, жалпы ел тарихына қызығушылық танытатындарға берері мол.Басылым жоғары сынып оқушыларына, тәрбие жұмыстарына қосымша оқу құралы ретінде мұғалімдерге, көпшілік оқырман қауымға ұсынылып отыр.
4.Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі. Энциклопедия. - Алматы: DPS, 2011. – 735 бет, суретті.
Энциклопедия қазақы ортадағы қоғам, адам және қоршаған табиғи ортаның арасындағы сан – салалы қатынастардың субъектілерін, объектілерін, сондай – ақ, осы қатынастардың жүзеге асырылу жолдары мен механизмін бейнелейтін этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларды қамтиды. Тиісінше олардың этнографиялық мән – мағынасы сипатталады. Энциклопедия ғалымдарға, жоғарғы және арнайы орта білім саласының мамандарына, қалың көпшілікке арналады.
5. Самашев З. Ермолаева А. Кущ Г. Қазақ Алтайының көне қазыналары. - Алматы: «Өнер» баспасы, 2008. – 200 бет, суретті.
Бұл басылымда қазақ Алтайының археологиялық және этнографиялық материалдарының ғылыми құндылығының аса зор екені және сонымен бірге олар өз елінің тарихына бей – жай қарамайтын әр бір қазақтың баласы үшін ауадай қажет, әрі пайдалы екені мүмкіндігінше толық көрсетілген. Бұл өңірде ғұмыр кешкен халықтар өз заманының тарихы мен әдебиеті жөнінде заттық айғақтарды біздерге, яғни мұрагерлеріне, молынан қалдырылғандығы баяндалады.
6. Қазақтың дархан дастарханы. – Алматы. – «Алматыкітап баспасы», 2010. – 240 бет, суретті. Есімі мен еңбегі көпшілік қауымға жақсы таныс, белгілі этнограф – жазушы Сейіт Кенжеахметұлының қазақ халқының ұлттық тағамдар мен жеңсік астар және оның ерекшеліктері туралы ғылыми – танымдық бұл жинағы құнды шығарма. Дерегі мен дәйегі мол көркем тілімен жазылған бұл еңбек қазақ елінің кең дархан дастарханының танығысы келген әр адамға кеңесші құрал бола алады. Қазақтың ежелгі ұлттық асы мен тағамдарын әзірлеудің әдіс – тәсілдері, ол туралы әдет – ғұрыптары, ырым, тыйымдары мен түсініктері, сөздіктерінің де қамтылуы кітап бағасы мен құнын арттыра түседі.