25 ақпан күні Екібастұз қаласының орталық кітапханасында «Халықтың сүйген ұлы» атты көшпелі көрме ашылды. Аталмыш көрмені қазақтың біртуар перзенті, геолог-ғалым, академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай Қаныш Сәтбаев атындағы Баянауыл мемориалдық мұражайы ұйымдастырып отыр.
Аты дүние жүзіне мәлім Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен ғылымға сіңірген ұшан-теңіз еңбегін білмейтін алаш баласы кемдекем. Дара дарын - әлемдік масштабтағы құбылыс, ғұламаның есімімен аталған Сәтбаев ғаламшары, Сәтбаев мұздығы, Қаратаудағы ваннадий кен орнынан табылған «Сәтбаевит» минералы бар. Минералогия демекші, ғылымның бұл саласындағы зерттеулер Қанағаң үшін өмірлік сүйікті ісі болған. Көшпелі көрмеде әйгілі ғалым 50 жасқа толғанда шымкенттік студенттер сыйлаған 50 түрлі минералдар жиынтығы қойылыпты. Сол жылғы мерейтойында қызы Шәмшиябану тарту еткен домбыра да құнды жәдігер. Сонымен қатар, көрмеден ғалымның жеке заттарын көруге болады. Әмиян, тіс щеткасы, шақша, белдік, геологиялық балға мен каска Қанағаң өмір сүрген заман мен кәсібінен сыр шертеді. Ал ілулі пальто, бас киім мен аяқ киімнен ғалымның ірі денелі адам болғанын пайымдай аласың.
Ғалымның киім-кешегіне қарап тұрғанда 1947 жылғы Англияға сапарында Қаныш Сәтбаев айтқан қанатты сөз еске түсті. Сол жолы Ұлыбританияның экс-премьер министрі Уинстон Черчилль: «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» дегенінде Қанағаң: «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік», - деп жауап қатқанын бүгінде барша қазақ мақтан етеді емес пе.
Қаныш Сәтбаевтың таңғажайып өмірі мен қызметін жазушы Медеу Сәрсеке 9 кітабына арқау етіпті. Соның үшеуі: «Қаныш елі», «Қазақтың Қанышы», «Дара дарын» көрмеде тұр.
Қаныш Имантайұлы туған жері -Баянауыл ауданы Теңдік ауылына ақырғы рет 1959 жылы келіпті. Ауыл-дастарымен естелікке түскен фотосуреттегі жүзінен ыстық ықылас сезіліп тұр.
Сонымен қатар, көшпелі көрмеден Қаныш Имантайұлының 19І4-1918 жылдары Семей мұғалімдер семинариясында, 1921-1926 жылдары Том технологиялық институтында оқып жүрген кезінде түскен фотосуреттерін тамашалауға болады. Мықты геолог Жезқазған-Қарсақбай даласын кезіп жүріп 1926-1941 жылдары мыс, марганец, қорғасын және т.б. пайдалы қазбаларды тауып, ел игілігіне жаратуға мүмкіндік жасағаны белгілі. Өмірінің осы кезеңі көптеген фотосуреттерде бейнеленген.
Жалпы, көшпелі көрме экспонаттары жайлы әңгімелей беруге болады. Десек те дана халқымыз: «Көп естігеннен, бір көрген артық» демей ме?! Қаныш көрмесін алғашқы болып қаламыздағы №24 мектеп оқушылары тамашалап, экскурсия жетекшісі Әлия Кенжеболатқызының әсерлі әңгімесін сүттей ұйып тыңдады.
- Бұған дейін көшпелі көрме Ақтоғай кентінде болды. Екібастұз қаласынан кейін аймақтың бірқатар аудандарын аралап шығамыз, - дейді Қаныш Сәтбаев атындағы мемориалдық музей әдіскері Дана Мұхтарқызы.
Айтпақшы, көрменің ашылу рәсімінде Екібастұз қаласы әкімдігі мәдениет және тілдер бөлімінің басшысы Айжан Жұмабаева сөз сөйлеп, баянауылдық әріптестеріне ризашылық білдірді.