Абай Құнанбаев атындағы №2 жалпы орта білім беру мектебі 1949 жылы ашылып, 1954 жылға дейін ақ шахтада орналасып, кейін барақ үйге көшірілген. Сол жылдары директор болып Нұртай Досжанов, Қазыбек Олжабайұлы Нұралин қызмет атқарған. 1954 жылдың жазында мектеп жаңа ғимаратқа көшіріліп, мектептің директоры болып Хабір Тәнекейұлы Әлмұхамедов тағайындалады.
Мектептің материалдық базасын нығайтып, білім ордасының республика көлемінде танылуына көп еңбек сіңірген Тәжібай Рахметоллаұлы Шәймерденов болды. Қысқа қайырсақ, әр жылдары 70 жыл ішінде мектеп директорлары болып А.Хамзин, Р.Аликов, А.Көркембаев, Н.Тиышбаев, З.Сматова, Т.Байбөлеков, Ш.Темірғалиева, Ш.Нұрғазинов, Ғ.Махмутова, Л.Сырымбетова, Ә.Әлмұхамедова, С.Алғамбаровалар қызмет атқарды. Әрине, әр маман өз дәрежесінде еңбек етті.
Нұржан Бекенұлы Тиышбаевтың кезі жақсы есімде қалды. 440 балаға арнап салынған мектепте аса қолайлы жағдай бола қоймады. Н.Тиышбаев мектептің подвалына заманауи жөндеу жұмысын жүргізіп, балалардың тамақтануына лайықты етіп асхана ашқаны есімде. Материалдық базасын да нығайтып, спорт алаңын жабдықтап, мектеп күннен-күнге түрлене бастады. Кейін ол кісінің іскерлігін бағалап, қаладағы кәсіптік-техникалық училищеге дирек-тор етіп тағайындады. Оның орнына білікті маман Зәбира Омарқызы Сматова тағайындалды. Ол кез жетістікке толы жылдар болды, бірақ бала саны аз деп №4 орыс мектебінің бір бұрышына көшіріп, №2 мектептен оқу-өндірістік комбинатын ашпақшы болды. Зәбира апай қайсарлық танытып: «Ендеше, менің партбилетімді қоса алыңдар», — деп, қалалық партия комитетінің 1-хатшысына кіріп, мектептің тағдырын оңтайлы шешті.
Кейін де №2 мектептің мәселесі сөз бола берді, сол кезде мен: «Зәбира апай, мен қала әкімі В.Д.Набитовскийдің қабылдауына жазылдым, бірге кірейік», — деп ұсыныс жасадым. Сондағы әкімге ұсынысымыз былай еді: №2 мектеп — тұңғыш ашылған қазақ мектебі, республикаға танымал талай азаматтар түлеп ұшқан тарихи мектеп, сондықтан аумағында жер көлемі жетерлік, қосымша акт залын, спортзал, асхана, бірнеше кабинеттер қосып өз орнында қалса... В.Набитовский: «Приемлемый вариант, спасибо за беспокойство, ваши предложения будут учтены», — деп, сендіріп шығарып салды. Артынан басқа әкім келді де, «Қайнар» орталығын ашты, өкініп біз қалдық. Шіркін-ай, халық үніне құлақ аспайтын меңіреу шенеуніктер көбейіп кетті ғой!
Кейін «Қайнарға» бір іс-шараға шақырылдық, мен жолдан Зәбира апайды ала кеттім. Дәлізде тұрған креслоға Зәбира апай отыра қалды да, өксіп-өксіп жылады, мен: «Апай, жыламаңыз, қазақтың қара балалары осында бос уақыттарын тиімді өткізіп жатыр», —деп едім: «Жеңіс, маған такси шақыр, отыра алмаймын», — деп кетіп қалды. Кейін жүрегі ауырып емханаға түсіп қалды, 1-2 айдан кейін өмірден өтті. Сол қайсар апамызға «Қаланың Құрметті азаматы» атағын әпере алмағаныма әлі өкінемін.
Бар болмысымен бала жүрегіне жол тапқан, кіммен болсын әдемі сыйластықта болып, ата-ана, оқушы, әріптестерінің құрметіне бөленген ұстаздың бірі Сара Сейітжанқызы Абдрахманова еді. Өзі орыс тілінің маманы әрі директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары болды.
Жалғыз қазақ мектебінің оқу-тәрбие процесіне талай жаңалықтар енгізіп, қалалық, облыстық, республикалық жарыс-сайыстарда, пән олимпиадасында, техникалық көрмелерде жүлделі орын алуы осындай өрелі басшының жүйелі жұмысының нәтижесі деп ойлаймын. Осындай жетістіктері үшін №2 қазақ орта мектебі Алматыдағы халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне жолдама алып, С.С.Абдрахманова қола медальмен марапатталды. Қалада педагогикалық училище ашылғанда атқарушы билік С. Абдрахманованы лайық деп ұсынғаны дұрыс шешім болды. С.Абдрахманова «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚР білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды, өкінішке орай ерте қайтыс болды.
Сөз жоқ, №2 мектеп біз үшін ерекше болып қала береді, ерекшелігі сол, шағын ұжымдағы ұстаздардың еңбегі былайша бағаланды:
— «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері— 2;
— Халық шаруашылығы жетістіктері Бүкілодақтық көрмесінің қола медалінің иегері - 2;
— «Қазақ КСР Еңбек сіңірген мұғалімі» — 5;
— «Қазақ КСР халық ағарту ісінің үздігі» — 16.
Бүгінде қаламызда Н.Құдышева, Б.Кадренова, Х.Әлмұхамедов атында көшелер бар.
Өмір жолы маған үш ұжымда қызмет ету сыйын тартты. Алғашқы еңбек жолымды 1966 жылы №2 мектепте кітапханашы қызметінен бастадым. Кейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып 12 жыл майталман ұстаздар: Н.Құдышева, А.Көркембаев, Н.Тиышбаев, З.Сматова, Х.Хакимзянова, Б.Кадренова, С.Абдрахманова, Қ.Әлібаева, Ш.Темірғалиева, Р.Өмірза-қовалармен бірге еңбек етіп, бұл жылдар ұстаздықтың қыр-сырын меңгеру кезеңі болғанын мақтанышпен, сағынышпен еске аламын. Осы 12 жыл ішінде менің оқыту тәжірибем озық деп танылып, облыс көлемінде таратуға облыстық білім департаментінің рұқсаты берілді. Сайлау Дүкенбаев (облыстық білім басқармасының қызметкері) менің барлық оқу-әдістемелік кешенімді жинақтап алып кетті.
Осы кезеңде облыстық ғылыми-практикалық конференцияда менің көрнекілік стендім 3-орын алып, «Оқытудың кабинеттік жүйесі» атты тәжірибелік баяндамам «Қазақстан мектебі» журналында жарияланды (№11,1979ж.). Мектепте драма үйірмесін жүргізіп, «Біздің Ғани», «Әлия» атты шағын спектакльдер қойып, «Қазақстан пионері» газетінде жарияланды.
«Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, Бүкілодақтық БЛКЖО Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен марапатталдым. Қалалық пән кабинеттері конкурсында мен жетекшілік ететін қазақ тілі кабинеті 1-орын алды, «Мектептің пионер отрядтарындағы өндіріс вожатыйларының жұмыс тәжірибесі» атты рефератым таңдаулы деп танылып, куәлік алдым.
1978 жылы педучилище директорының шақыруымен педучилищеге ауысып кеттім.
Мектеп ұжымын мерейтоймен құттықтап, толағай табыс тілеймін.
Білімнің қара шаңырағы —
Екінші қазақ мектебі.
Шежіре-тарих біз үшін
70 жыл — оның өткені.
Қаракөз ұл-қыз жүздеген
Табалдырығыңнан аттады.
Ұстаздардан алып ұлағат,
Халқымның болды мақтаны.
Түнекті кештің басыңнан,
Болашағың болып бұлыңғыр.
Қорғап қалдың тілімді,
Тарихта өшпес құның бұл.
Тәуелсіз ел атанып,
Туған жер жайнап, жаңарды.
Қырандай түлеп қарт ұям,
Еліммен бірге жасарды.
Тұла бойғы тұңғыштай,
Қазағым үшін киелі ең.
Бүгінгі мерейтойыңда
Ағыттым жырдың тиегін.
Көш бастаған жалғыз ең,
Толықты бүгін қатарың.
Бәрінен бірақ биік тұр
Алғашқы деген атағың!