Екібастұз қаласының 65 жылдық мерейтойын атап өту бағдарламасында ұлттық ат спорты ойындары да ойып орын алды.
10 маусым күні қалалық ипподромға көкпар сүйетін қауым жиналды. Төрешілер жеребе тартып, аймақтан ат арытып жеткен 9 команда төрт топқа бөлінді. Сөйтіп, дода басталып кетті.
Бірінші топқа Май ауданының қос командасы: «Малайсары» мен «Ақшиман» түскен еді. Екеуара ойында ақшимандық көкпаршылар шыдас бермей, 4 рет салым жасап, қарсылас команданы ойсырата ұтты.
Екінші топтағы Баян ауылдың «Қызылтау», Баянауыл мен Ақтоғай аудандары командаларына жеребе сәтті болды деп айта алмаймыз. Аталмыш топтағы алғашқы кездесуде Ақтоғай көкпаршылары «Қызылтау» ойыншыларын 5:2 есебімен еркін жеңді. Сөйтіп олар топ жеңімпазын анықтау үшін Баянауылдың «Ақбеттау» командасымен ойнады. Белді ойыншы Серікбосын Қазыкен бастаған ақтоғайлықтар бұл ойында да 3 : 1 есебімен басым түсті.
— Команда құрамы әлі жас, әбден ысылып болған жоқ. Бірінші таймда тең ойнап едік, екінші таймда есе жібердік. Ат ауыстырып мініп едік, сонымыз дұрыс болмады, — деді өкінішпен «Ақбеттау» командасы капитаны Ардақ Жакупов.
Осыдан бес жыл бұрын осы Ардақ көкпарда жасындай жарқырап еді. Қазіргі уақытта Баянауыл кентіндегі «Жас дәурен» облыстық оқыту-сауықтыру лагерінде денешынықтыру пәні мұғалімі болып еңбек етіп жүрген азамат балаларды ат спорты ойындарына баулуды қолға алыпты.
Үшінші топқа түскен Зеленая роща ауылының «Көкбөрі» командасы Май ауданының «Саты-Ата» командасына қауқар көрсете ал-май, 1: 6 есебімен жеңілді. Бұлай болатын жөні бар, өйткені «Көкбөрінің» сақа ойыншылары Ақкөл ауылының «Сайфуллах» командасы сапында өнер көрсетті.
Төртінші топтың фавориті сол «Сайфуллах» болды. Шеберлігі кемел жігіттер Өлеңті ауылы командасының шеңберіне салымды үсті-үстіне салды. Есеп 8:1.
Іріктеу ойындары нәтижесінде жартылай финалға өткен командалар анықталды.
Осылайша, бірінші жартылай финалда «Ақшиман» мен «Сайфуллахтың» жолы түйісті. Ойында ақкөлдік көкпаршылар дес бермеді. Ойынның бірінші бөлігінде Еркебұлан Егінбаев қос салым салып, командасын жеңіске жетелеп еді, екінші бөлігінде жас көкпаршы Диас Төлеу керемет шеберлік танытып, топтан қайта-қайта сытылып шықты. Астындағы Көкеторы аты да шеңберге оқтай ұшып, Диас үш мәрте олжалы болды. Нұрбол Жақсыбек пен Еркебұлан Егінбаев тағы бір-бір салым жасап, қорытынды есеп 7:0 болды.
«Сайфуллах» командасына ақкөлдік азаматтар қиқулап дем беріп, салым салған жігіттердің қанжығасын ақшамен майлап отырды. Мұндай дәстүр көкпарда ертеден қалыптасқан және бірлік пен ынтымаққа қызмет етеді.
Екінші жартылай финалда екі команда ойыншылары да, аттары да қан сорпа болды. Бірінші тайм басталмай жатып ақтоғайлық Серікбосын салым салып, командаластарына жігер берді. Тәжірибелі «Саты-Ата» командасы ойын-шылары Серікбосынды уыстан шығаруға болмайтынын ұғып, қыспаққа алып, бұдан әрі оның көсіліп ойнауына мүмкіндік бермеді. Есесіне іле-шала Әділет Муксинов қарымта салым жасап, есепті теңестірді. «Саты-Ата» командасы тегеуріні тіптен үдеп, Тектітұяқ атымен топ жарған Мадияр Бағылан тағы салым салып, командасын алға шығарды.
Екінші таймда екі команда жан алысып, жан берісті. Алма -кезек шабуылдар тас қамал қорғаушыларға тап болып, салым салудың реті мүлде келмеді. Тек ойын аяқталуға 1 минут қалғанда Мадияр Бағылан топтан суырылып шығып, есепті еселеді. Осылайша, «Саты-Ата» финалда «Сайфуллахпен» кездесетін болды.