«Неменеге жетісесің, бала батыр, қариялар азайып бара жатыр...» деп Мұқағали ақынның күйзелгеніндей, «Естай ақынның немересі Зекен апа бақилық болыпты» деген қаралы хабарды естігенде жүрегіміз шым етті. Асылдың сынығы Зекен апамызбен соңғы 10-15 жыл ішінде бірнеше қабат дидарласып, әңгімелескен екенмін. Соның ішінде 2018 жылдың тамыз айындағы кездесуім жадымда әлі күнге жаңғырып тұр.
Туған ауылымыз туралы «Ақкөлім, кербезсің-ау Арқадағы» деректі фильмін түсіру үшін жолға шығып, Зеленая роща ауылына аялдадық. Күнілгері Зекен апамен хабарласып, сол кісінің үйіне ат басын бұруға келіскен едік. Бізді ескі үйдің есік көзінде жасы тоқсанға таяп қалған Зекен апа мен қолына домбырасын ұстаған әнші Сұңғат Көпежанов күтіп алды. Амандық-саулық сұрасқан соң, топ адам үйге кірдік. Зекен апа келін-кепшікке дастархан әзірлетіпті. «Апа, несіне әуре болдыңыз, біз ас ішу үшін емес, әңгіме тыңдау үшін келдік», - деп едім, «Жассерік қарағым, қазақ қонақты үйінен дәм ауыз тигізбей құр жібермейді», - деді Зекен апа ата-бабадан қалған дәстүрге берік екенін ұғындырып. Бәріміз Естай ақынның немересін ортаға ала дастархан басына жайғастық. Зекен апа әңгіме тиегін ағытты. Жасы ұлғайса да, қалжыраған қалып танытқан жоқ. Жүзі жарқың даусы ашық, саңқ-саңқ етеді, бірақ құлаққа жағымды.
- Мен атамның ұлдан туған тұңғыш немересімін. Атамның бауырында өскендіктен, әкем Жанәбілді «Жәнә» деп атаушы едім. Әкемнің майданда жүрген кезі. Бір жолы атамның тізесінде отырып, «Әкемді сағындым. Ата, өлең шығарып берші» деп қиылдым. Атам домбыра шегін қағып-қағып жіберіп, үш ауыз өлең айтты, - деп Зекен апа демін бір басып алып, тамағын қырнап, төмендегі өлең шумақтарын әндете айтып берді.
Сол жолы естіген өлең мынау:
- Жәнажан, мен сағындым сені қатты,
Қасіретің аурудан да жанға батты.
Тапсырдым бір өзіңе жалғызымды,
Құдай-ау аман сақта аманатты.
Гүлденген бәйтеректей паналарым,
Зарлайды Хақтан сұрап аналарың.
Адам ата - Хауа анадай қоса ма деп,
Жылайды күні-түні жеңгелерің.
Жанәбіл, Қыздарбек пен Қаби - жалғыз,
Құдай-ау, түзу жолға өзің салғыз.
Жалғызға жәрдемші боп жалғыз Аллам,
Үшеуін ұрпақ қылып артта қалғыз...
Осы естелікті жазуға ниеттеніп, қолыма қалам ұстар сәтте есіме «Ақкөлім, кербезсің-ау Арқадағы» деректі фильмі сап етті. Естай ақын жайында баяндалатын тұсын ашып жіберіп едім, Зекен апаның әжім торлаған жүзі көз алдымда жарқ етті. Саф алтындай сөзі тізбектеліп сол жолғы әңгімесін құлағымда қайта жаңғыртты. Әрине, төрт жыл бұрын Естай ақынның жұрнағы күндердің күні өмірден озады деген ой санамызда болған емес. Енді, міне, Зекен ападан айырылған шақта қапаланып отырсақ та, «Апаны көзі тірісінде таспаға басып алғанымыз олжа болды-ау» деген ой түйіп, шүкір дестік.
Айтпақшы, сол жолы әнші Сұңғат Көпежанов Естай ақынның «Соңғы әнін» орындады. «Мінекей, жасым келді жетпіс үшке, Кәрілік болмайды екен құрғақ күшке...» деп басталатын әнді мұқият тыңдап, иегі кемсеңдесе де, қайратын қайта жиған Зекен апа: «Атам өмірден өтерінде мектеп директоры Шаймерденге осы әннің сөзін қағазға түсіртіпті» деді де, қоштасарда бізге батасын берді.
Айтпақшы, бұдан бірнеше жыл бұрын Зекен апа Екібастұз қаласында Естай Беркімбаев көшесінде тұратын күйеу баласы мен қызының үйінде де марқұм Совет аға Келдібаев пен маған үйіп-төгіп батасын берген еді. Ол жолғы оқиға былайша өрілген-ді.
Таяуда өмірден өткен қоғам қайраткері, ұлттық өнер мен мәдениеттің жанашыры Қуат Есімхановтың тапсырмасымен мен Алматы қаласына Авторлар қоғамына жол жүрмекші болдым. Мақсат - соңғы жылдары телевидение және радиодан орындалып жүрген әндері үшін Естай ақын ұрпақтарына тиесілі қаламақыны алып қайту. Қажетті құжаттарды жинап алу кезінде тығырыққа тірелдік.
Зекен апаның төл-құжатында аты-жөні «Зекен Жүсіпова» деп жазылыпты.
Сол себепті Естай ақын немересі екенін дәлелдеу қиын болды. Ақыр аяғы Зекен апаны бала күнінен білетін Зеленая роща ауылының үш-төрт қариясы нотариалдық кеңседе куәлік жасап, тиісті құжат қолға тиді. Сөйтіп, 2015 жылдың не қаңтары, не ақпанында Алматыдан қаламақыны алып, Зекен апаның қолына табыстадық. Қария ризашылығын айтып, әлгі қаражат ішінен екі он мың теңгелік ақшаны суырып алып, Совет аға мен менің қолыма ұстатты. Кісілігі мол қариялар жөн-жоралғы сақтап, жолынан ешқашан жығылмайды емес пе.
2019 жылы Естай атындағы музыка мектебінде Зекен апаның 90 жасқа толуына орай мерейтой кеші өткізілді. Бір себеппен кешке қатыса алмадым, бірақ мынадай арнау өлең жазған едім.
- Атасы отырғызып тізесіне,
Құлағына ән құйған ұзақ күнге.
Естай ақын немересі Зекен апа,
Шығыпты тоқсан жастың белесіне,
Бұйырған есті әңгіме үлесіне.
Бұйырған есті әңгіме үлесіне,
Сақтай білген мұраны келесіге.
Кеудесі Зекен апа - алтын сандық,
Естай сөзін жеткізген қаз-қалпында,
Қалдырмай еш деректі күресінге!
Қалдырмай еш деректі күресінге,
Дақ түсірмей Естайдай ұлы есімге,
Тоқсанға тың қалпында жеткендігі -
Асыл тек, бекзат берен сүйегінде,
Атасына ақ, адал жүрегінде!
Атасына ақ, адал жүрегінде,
Етене елмен сүрген ниетінде,
Естайдың тірі көзі - Зекен апа,
Шығып отыр тоқсан жас белесіне,
Ел-жұрт боп ардақтап бас иеміз де,
Тілейміз көшіне өмір ілесуге!
Адал көңілден шыққан ақ тілек еді. Зекен апа бұдан соң үш жыл өмір сүріп, ажал жастығына бас қойды. Пешенесіне жазылған ғұмыры осылай екен. Өзін әл-пештеп бауырында өсірген Естай атасының әр сөзін жа-дында ұстап, кейінгі буынға сол қалпында жеткізе білді. Марқұм Зекен апаның топырағы торқа болсын дей отыра, Естай ақын мұрасын біз де көзіміздің қарашығындай сақтап, алып-қоспай, бүлдірмей, тұтастай ұрпақтан ұрпаққа мирас ете білейік. Сайып келгенде, мұны Зекен апаның аманаты деп ұғайық.