Сәбит ағамен әңгіме үстінде қала тарихына қатысты кейінгі буын білмейтін бір деректің беті ашылып, олжалы болдым. Кеңес Одағы ғұмырының соңғы жылдары біздің шаһарымызда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, 4320 отбасы пәтерлі болған екен. Сол замандағы «Тұрғын үй - 91» мемлекеттік бағдарламасының екібастұздықтарға ересен шарапаты тиюі үшін мақала кейіпкерінің қандай еңбек сіңіргені жайлы айтпас бұрын әйгілі кеншінің өмір жолын шолып өтейік.
Сәбит Садықов - сұрапыл соғыстан соң өмір есігін ашқан ұрпақ қатарынан. 1947 жылдың 3 тамызында шыр етіп дүниеге келген сәбидің балалық шағы балдай тәтті болды деп айту қиын. Әкесінен ес білмей айрылған ол нағашыларының қолында жүріп ер жетті. Анасы Бәтима әуелгіде Майқайың кентінде сатушы болып еңбек етті де, «Майқайыңалтын» кенішін электр қуатымен қамтамасыз ету үшін ЦЭС құрылысы жүргізілгенде, отбасы сол жаққа қоныс аударды. Бұғанасы бекімей жатып үй шаруасына қолғабыс жасаған Сәбит нағашылары Сапар мен Советке көмектесе жүріп түрлі кәсіпке машықтанды. «Жігітке жеті өнер де аз» деген емес пе, кірпіш қалау, ағаш жону, темір дәнекерлеудің пайдасын кейін көп көрді. Бұл уақытта отбасында өзгеріс болып, анасы Бәтима соғыстан аман-сау оралған жеңіс жауынгері Зейнолла Қашағановқа тұрмысқа шыққан еді. Мейірімді адам екен, өгейлік көрсетпей, мұның өмірден өз орнын табуына қамқор бола білді. Сәбит бала да оны жатсынбай «әке» деп атап, ақыл-кеңесіне құлақ түріп жүрді. Отбасын асырау қамымен іргедегі Екібастұз қаласына кәсіп іздеп кеткен әкесі Зейнолла сегізжылдық мектепті тәмамдаған Сәбитті бір жолы ауылдан шаһарға өзімен бірге ала кетті. Екібастұз жылу-электр орталығында жұмыс істейтін әкесі: «Балам, адамның келешегі үшін мамандық алудың маңызы зор. Мен кешкілік тау-кен техникумында оқуды ұйғардым. Сен де менімен бірге оқы», - деп ақыл берді. Сөйтіп, жас жеткіншек Сәбит Садықов 1964 жылы Екібастұз тау-кен техникумына оқуға түсіп, тау-кен өнеркәсібі механигі мамандығын таңдады. «Еңбекпен тапқан нан тәтті» демекші, әкесінің қасына жұмысқа орналасуға талпынып еді, «әлі жассың» деп алмаған соң, біраз уақыт шахта құрылысында еңбек етті. Жасы І8-ге толған соң ЖЭО-на слесарь болып жұмысқа кірді. Сол жылы күзде әскер қатарына шақырылып, әскери борышын Белоруссияда өтеп қайтты. Үйреншікті кәсіпорынға қайтып оралғанымен, жас жігіттің көңілі толыңқырамай, кенші болуды армандады. Мақсатына қол жеткізуде табандылық танытып, «Южный» жыныс аршу кенішіне экскаватор машинисі көмекшісі болып жұмысқа шықты. Жасы мосқал кеншілер жас жігітті шетке қақпай, тәжірибелерімен бөлісіп, ұжымға тез сіңісіп кетуіне көмектесті. 12,5 текше метрлік шөмішті экскаваторда жұмыс істеп жүргенінде кәсіптік даярлықтан өтіп экскаватор машинисі куәлігін алды. 1972 жылы Богатырь кенішіне ауысып, 1977 жылы роторлы экскаватор машинисі болды.
- Еңбек жолыма көңілім толады. Бала күнімнен еңбекпен шыңдалып өскендіктен болар, алдымнан жұмыс үркіп тұрды. Қажыр-қайратым да ешкімнен кем емес еді. Әйгілі кеншілер Володя Мұқышев, Төлеубай Арбиевтермен араласа жүріп, көміршілерге тән еңбекқорлық, шыншылдық, әділдік сияқты жақсы қасиеттерді бойыма дарытып, қоғамдық жұмыстардың белортасынан табылдым. Бірнеше мәрте қалалық кеңеске депутат болып сайланып, қалалық, облыстық сотта халық заседателі де болдым. Абыройлы болу азаматтың мерейін өсіреді.
Мыңдаған адамның басын біріктірген Көмір өнеркәсібі еңбеккерлері кәсіподағы Орталық Комитетінің мүшесі болып, екі мәрте - 1986 және 1990 жылдары Мәскеуде өткен ХІҮ және ХҮ съездеріне делегат болып қатыстым. Қырық жылдан астам кенші болып еңбек еткенімде елге тұтқа азаматтармен дидарласып, үлгі-өнегесін көрдім, - дейді бүгінде жасы жетпістің жуан ортасына жеткен, қарт кенші Сәбит.
Есте қаларлық сондай жүздесудің бірі «Богатырь» кенішінде өтіпті. «Екібастұз-көмір» өндірістік бірлестігінің хал-ахуалымен танысу үшін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Қонаев Екібастұзға жұмыс сапарымен келеді. Роторлы экскаваторды құрастырумен шұғылданып жатқан Сәбит Садықов республика басшысымен дидарласып, кеншілер еңбегі жайлы әңгімелеп береді. Кеншінің сөзіне разы болған Дінмұхаммед Ахметұлы: «Өркенің өссін!» - деп ілтипат білдіріп, арқасынан қаққанында, кеншінің ет жүрегі елжіреп кетеді.
Кеңес заманында жұмысшы табы еңбегі лайықты бағаланғаны белгілі. Сәбит Садықов ерен еңбегі үшін ІІ және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, «Құрметті шахтер» атағын иеленіпті. 1984 жылы еңбек озаттарымен бірге Мәскеу қаласындағы Бүкілодақтық халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде болып, өңіріне қола медаль тағып қайтады. Сонымен бірге, ол - «Шахтер даңқы» белгісінің толық иегері.
Біздің кейіпкеріміз 2010 жылы зейнеткерлікке шықты. Аға буын кеншілердің міндеті - ізбасарлар тәрбиелеп кету. «Менің орныма Құдайберген Кәрімбергенов экскаватор машинисі болып қалды. Еңбекқор, жігерлі азамат», - дейді Сәбит аға әңгіме арасында.
Жасы ұлғайған адам өмірін мәнді етіп өткізгенін ойласа, күш-қуат алады. Ер азаматтың тағы бір бақыты асыл жар, парасатты ұрпақ емес пе. Сәбит Садықов жігіт шағында адал жарға кезікті. Кезікті демекші, оған нағашы әжесі Рысбике себепші болыпты.
- Қарқаралы жағына қыдыра барған әжемнің ибалы қазақ қызына көзі түсіпті. Үйге қайтып келген соң, «сол қызды қолыма келін етіп қондыр» деп әмір етті. Ол уақытта үлкен кісінің сөзін елеусіз қалдыру - көргенсіздік. Содан нағашымның «Волгасына» отырып, қалыңдық іздеп Қарқаралыға аттанып кеттім емес пе, - дейді Сәбит аға Абай ақынның: «Құдай-ау қайда сол жылдар, махаббат, қызық мол жылдар» деп жырлағанындай, сағымға оранған шуақты күндерді еске түсіріп.
Бүгінде қос қария ордалы әулеттің тірегі болып отыр. Ұзақ жылдар пошта саласында абыройлы қызмет істеген бәйбішесі Айсұлу Берісбаева екеуі үш перзент сүйіп, мәпелеп ер жеткізді. Үлкен ұлдары Қайрат «Богатырь Көмір» ЖШС-де электрмеханик, қыздары Әселдің мамандығы -бухгалтер, үйдің кенжесі Алмат - заң саласы қызметкері. Бақытты әке-шеше, қамқор ата-әже бүгінгі күні 4 немере мен 2 жиеннің келешегі жарқын болғай деп тілеп, олардан үміт күтеді.
Айтпақшы, сөздің басын Сәбит Садықовтың өмірінде орын алған маңызды оқиғадан бастадық емес пе. Енді сол жайтты тарқата айтайық. Кеңес дәуірінде де баспана мәселесі өзекті болды. Қалаларда пәтер алу үшін адамдар ұзақ жылдар кезекте тұрды. Тұрғынжай мәселесін шешу мақсатында Кеңес үкіметі «Тұрғын үй - 91» бағдарламасын қабылдап, іске қосты. Осы бағдарламаның игілігін көруді ойлаған «Екібастұзкөмір» өндірістік бірлестігі басшылығы Одақтық кеншілер кәсіподағы Орталық Комитетінің мүшесі Сәбит Садықовты Мәскеуге жіберіп, Көмір өнеркәсібі министрі М.И. Чадовпен жолығып, қаражат сұрауды тапсырады. Кеншілер үшін, қала берді бүкіл екібастұздықтар үшін маңызды істі шешуге Сәбит аға білек сыбана кірісіп, министрге талабын жеткізіп, тұрғын үй құрылысына 87 миллион рубль қаржы бөлінеді. Сөйтіп, 1986-1991 жылдар аралығында «Екібастұзшахтақұрылысы» комбинаты 5 «А», 8 және 9-шағын аудандарда көптеген биік үйлер салып, мыңдаған адам баспаналы болады. Әр адамның тындырған игі ісінің өлшемі уақыт өте келе зорая түседі. Қарт кенші Сәбит Садықовтың біз баян еткен осы бір еңбегі қала тарихында қалары анық.