31 мамырды біз саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын жалпыұлттық еске алу күні ретінде атап өтеміз. Тап осы күні қаланың белсенді тұрғындары «Шахтер» саябағындағы ескерткіштің жанына гүл шоқтарын қойды.
Ескерткішке гүл шоғын қойып, туысын еске алуға Раиза Мақатова да келіпті.
- 1930-1950 жылдары жаппай репрессиялау кезінде біраз арыстарымыз қудаланды. Олардың келіншектері Отанын сатқан жандардың жұбайлары ретінде сотталды. НкВД-ның абақтыларында, сталиндік лагерьлерде қамауда болды. Қудалаудың тауқыметін тартқандардың ішінде нағашым Жүсіпбек Аймауытовтың да болғаны тарихтан белгілі. Ол - анамның немере ағасы. Дәндебайдан Оспан, Аймауыт (шын есімі - Оймауыт) туады. Аймауыттан - Жүсіпбек пен Жақыпбек, Оспаннан менің анам Сәми Оспанова туған. Зұлмат жылдары қазақ зиялылары түгел жойылды. Ел ішінде сол кезде қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарға арналған лагерьлер салынды. Сол лагерьлерде миллиондаған адамдар жазасын өтеді. Саяси қайраткерлермен қатар олардың жұбайлары мен балалары да қуғын-сүргінге ұшырады. Халқымыз осы қайғылы оқиғаларды есте сақтап, мұндай қасірет қайталанбас үшін оны болашақ ұрпақ білуі тиіс, - дейді Раиза Мұқатайқызы.
Тарихқа үңілсек, Голощекиннің «Кіші Қазан» төңкерісінен, сол кездегі солақай саясаттың қанды соқпағынан қазақ даласының өзінде 103 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырап, 25 мыңнан астамы ату жазасына кесілген.