Қыс мезгілі. Есік алдында тұрған «МТЗ-5» тракторын оталдыру үшін Қасен мен Төлеутай көмекке келді. Үлкен мотордың тұтқасын қосып едім, құбырынан түтін бұрқ етіп барып, мотор гүр етті. Енді сөніп тұрған кіші моторды оталдыруға кірістік. Біраздан соң ол да гүр етті. Сәл қызғасын, Төлеутай үйден су әкелуге мені жұмсады. Сол ме-зетте Қасен байқатпастан үстімдегі май-май күпәйкенің белдігіне шала жанған шүберекті қыстырып жіберіпті. Дәлізге кіріп барғанымда айналаны түтін басып кетті. Мен «Апа! Апа! Жанып жатыр!» -деп айғайлай беріппін. Әйтеуір шешем Айтжан май күпәйкенің бықсығанын байқап, сабырға шақырады. Далаға шықсам, Төлеутай мен Қасен шексілесі қатып күліп тұр. Шешей де олармен қосыла күлді.
Жаз. Қасен, Төлеутай - үшеуіміз Қасеннің үйінің алдына келіп, бізге қарай жұлқына ұмтылған тайыншадай сары ала итке жақындап тұра қалдық. Қасен шынжырда жұлқынып тұрған итті көрсетіп: «Мына итті жуырда Василийді талап тастай жаздаған жерінен әзер айырып алдық. Осы итті қайсысың шешіп алсаң, бір жәшік арақ қоямын»,
- деді. Қол алысып бәстестік. Төлеутай: «Сен баста, Қайролла», - деді. Итке жақындап едім, маңайлатпады. Әбден жұлқынып шаршаған итпен көзіміз түйісіп, көп тұрдық. Бір кезде ақырын барып басынан сипадым да, шынжырын шеше бастадым. Қасен мен Төлеутай зып беріп үйге кіріп, есікті бекітіп алды. Әйнектен қарап, «Қайта байла!»- дейді. Ит маған бой бермей, көшеге сүйрей жөнелді. Өзім бір-ақ домаладым. Көшедегі кісілер де иттен қашуға айналды. Ақыры итті орнына байлаудың сәті түсті.
Мен 1966 жылы «Екібастұз» совхозында комсомол ұйымының хатшысы болып сайландым. Сол кезде жастарды боксқа ұйымдастырып, студент Амантай Масығұтов пен Қуантай Болпақовты жаттықтырушы еттім. Одан кейін еркін күрестен команда жинадым, команда-да мал дәрігері Жәдігер мен агроном Құсайын Омаров болды. Мектептің дене шынықтыру мұғалімі Қасен Байділдин мектеп алаңында қыздарды волейбол, баскетболға дайындайтын. Біз спартакиадаларға «Екібастұз» совхозы атынан спорттың бар түрінен қатысып жүрдік.
Совхоз жастарынан құрылған көркемөнерпаздар үйірмесі де өте белсенді болды. Алдымен Қасен Байділдин домбыра оркестрін ұйымдастырды. Онда ауылдық кеңестің төрағасы Хамит Қожахметов, сонымен қатар, Зарлық Саржанов, Нағима Дүйсенбаева өнер көрсетті. Дабылда әзербайжан жігіті Алик Шадлинский ойнады. Мен халық әні - «Ақбақайды», Нағима Дүйсенбаева «Синий платочекті» орындап, тұңғыш рет телестудияда концерт қойдық. Сол концертке «Ақкөл» совхозынан үкілі тақия киген биші қыз -Қарлығаш Хамитова қатысты. Қарлығаш қазақ биінің құдіретін көрсетті. Сол қызбен Қасен Байділдиннің жұбы жарасып, екеуі кейін «Ақкөл» совхозына көшіп кетті. Қасен көп жыл бойы сонда милиция қызметінде болды. Тоқырау жылдары үш жолдас Екібастұз қаласына көшіп келдік. 2000 жылдары Төлеутай Омарбеков өмірден ерте озды. 2020 жылы наурыз айында Қасен Байділдин де 78 жасында дүние салды. Әзіл-қалжыңы жарасқан достардың орны бөлек қой. Төртүйде өткен сонау қызықты күндер еске түссе, өн бойымды достарға деген сағыныш билейді...