Өмір - өзен, уақыт - толқын. Адам - мына дүниеге қонақ. Өмірдің мәнін терең ойлай білген адамдар артында із қалдыруға ұмтылады. Көзден кетсе де, көңілден кетпеген осындай абзал жан Тұрсын молла еді. Жақсылардың төрінен табылған оның жайқалған саябақтай көлеңкесі көпке ортақ болатын.
Тұрсын Сағамбайұлы 1935 жылы Қытай Халық Республикасында дүниеге келген. Руы - найман. Тағдыры кішкентайынан қатыгездік танытып, бір жасқа толғанда анасынан айырылып, он үш жасына дейін әкесінің қолында тәрбиеленеді. 1941 жылы Шәуешек қаласындағы бастауыш мектептің есігін ашады. Баласының ертеңін ойлаған әкесі үшінші сыныптан соң Халмет қариға медресеге оқуға береді. Алай-да баланың бақытты күндері ұзаққа бармай, наубайхана ұстап, күнкөрісін айырып отырған әкесі кенеттен қайтыс болады. Буыны қатпаған балаң Тұрсын Майтау қаласында қара жұмысқа кіреді. Бірте-бірте құрылысшы мамандығын меңгереді. 1954 жылы Тұрсынның өмірінде бетбұрыс болып, ежелгі атақонысы - Қазақстанға оралудың сәті түседі.
«Екібастұз» совхозына қарасты Талдықамыс ауылына қоныстанған ол іле тың игеру науқанына қатысып, тракторшы болады. Ал 1955 - 1996 жылдар аралығында совхоз орталығындағы құрылыс учаскесінде балташы болып еңбек етеді. Он саусағынан өнер тамған, ағаштан түйін түйген Тұрсын Сағамбаевтың жасаған заттары әлі күнге дейін көрші-қолаң, дос-жарандарының үйлерінде жәдігер ретінде сақтаулы тұр. Ақкөңіл, кең пейілді, жомарт жүректі азамат -«Коммунистік еңбек екпіндісі», «Тың жерді игергені үшін», «Еңбек ардагері» медальдарының иегері.
Қоғамға елеулі еңбек сіңірген Тұрсын Сағамбайұлы кеңес заманында да ислам дініне берік болды. Бұл кісі ес білгеннен жайнамазға жығылып, бес уақыт намазын үзбей оқыды. 1987 жылы Жандарбек әулиенің батасын алып, Төртүй ауылының молласы атан-ды. «Құран Кәрімді» жатқа білетін Тұрсын қари татар, өзбек, дұнған, қытай тілдеріне жетік еді. Ауылдың үлкен-кішісінің жүрегіне ислам дінінің нұрын құйған Тұрсын молланың дауысы жанға жағымды, ел ішінде беделді болды. Тіптен алыс-жақыннан кісі жіберіп, жаназаға алдыратын. Баласы Рашидтің айтуынша, Ерейментаудың Ажы ауылына жаназаға барғанында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сол кездегі бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі Тұрсын молланың діни білімі-не тәнті болып, Алматыға әңгімелесуге шақырған көрінеді. Өкінішке қарай, сол уақытта сырқаттанып қалып, сапарға шыға алмапты. Тағы бір ерекше айта кетерлік жайт, Тұрсын молланың қара шаңырағында ерекше құнды құран кітаптары бар.
- Ең көнесі - 1825 жылы Санкт-Петербургте басылған құран. Мұндай жәдігерлердің әкемнің қолына түсуі де ерекше жайт. Ұмытпасам, 1986 жыл болуы тиіс, біздің үйге бір адам келіп «пәленшенің аманаты» деп табыстап кеткен еді, - дейді баласы Рашид Сағамбаев. Соған қарағанда, Тұрсын қаридың есімі сол замандағы әйгілі діндар адамдарға жақсы таныс болса керек.
Еліміз тәуелсіздік алып, жұрт имандылыққа бет бұрған шақта Тұрсын молланың ұйытқы болуымен Төртүйде ескі үй мешітке лайықталып жаңартылды. Сол мешіттің имамы болған оның арманы жаңа кең ғибадатхана салу болатын. Алайда Тұрсын молла бұл мұратына жете алмай, жетпістен асқан шағында бақилық болды.
Айта кетерлігі, Тұрсын молланың бәйбішесі Жұмағайша әжеміз - Шәуешек қаласындағы қыздар гимназиясын үздік бітірген, көкірегі ояу жан. Ерлі-зайыптылар алты ұл, бес қыз өсіріп, 29 немере-жиен сүйді. Ұрпақтары оқыған-тоқыған, абыройлы. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласында тұратын «Батыр ана» Жұмағайша әжеміз: «Еліміз өркендеп, ынтымақ-бірлігі әрдайым мығым болғай» деп, жақсылыққа тілеуқор болып отыр.