Қасиетті Сарыарқаның даласында,
Шідерті өзенінің жағасында.
Туыппын сәби болып сары аязда,
Төртүйдің сол ойдағы ауылында.
Сөзді әріден бастасақ, Төртүйден бұрын «Ақжар» колхозы құрылған, кеңес өкіметі алдында Мұңсызбайдың Қалиы болыс болған. Қалидан Айсабек, Шекетай, Ығламбек атты үш ұл қалған. Ығламбектің баласы Жауғаш - Екібастұз қаласында орнатылған Мәшһүр Жүсіп атамыздың қола мүсінін жасаған адам.
«Ақжар» колхозын Усалының Бәзіл-байы, кейін Ыбырайдың Айтпайы басқарған. Колхозда Баймағамбет, оның балалары: Рахмет, Қожай және Темірболат, Кенжетай молла сынды басқа да азаматтар еңбек еткен. Ал Домбайдың аты алып күшімен шыққан. Ол кісі Қажымұқан сияқты болдырған өгізді шөп шанаға тиеп, екіншісін жетекке байлап, пішенімен қоса жаяу сүйретіп ауылға жеткізіпті.
Енді «Екібастұз» совхозының қалыптасуына айрықша еңбегі сіңген адамдар жайлы сөз қозғайық. Байнияз, Құспек, Қауырсын, Мұхтар, Қинаяттың Қабдолласы, Кәленнің Қалиы жылқышы болып, Қамбар ата түлігін өсірді. Қали Кәленов Социалистік Еңбек Ері атанды.
1928 жылы Төртүй «Екібастұз» совхозы болып ұйымдаса бастағанда ақсақалдар Омарбек, кіші Омар, Самар, Жылқыбай, Айтмағанбет, Лақыш, Бәкібай, Рахымбек, Сүлеймен, Төлеу, Шегір, Қадыр, Бәкібай, Молдахмет, Рахмет, Қожахмет, Смағұл, Иманбек, Садық, Қошай, Төлек, Әбілденің Төлегі, Жаман ақсақал, Сәрсеннің Ыбырайы, Ыбырайдың баласы Ғабдылманап, Ескен, Бижан, Боткен, айта берсе көп, бәрі білек сыбанып жұмыс істеп, ел-жұртқа үлгі-өнеге көрсете білді. Совхоз директорлары Құрмаш Асанбаев, Қадыр Біләлов, парторг Сейфолла Мұқажанов, өзге де басшылар әр жылдары шаруашылықты ұтымды басқарып, егін мен мал шаруашылығын өркендетуге айрықша мән берді. Ленин орденді Шәкен, Түйміш, Теміржан мал өсіруде ерен еңбегімен көзге түсті. Ауылдан әйгілі механизаторлар өсіп-жетілді. Дүйсенбайдың Мұхиты Исабек ишан ұрпағы Жандарбек әулиемен бірге Керекуде комбайншы-тракторшылар курсын бітіріп, «Сталинец-6» ком-байнында жұмыс істеді. Дүйсенбаевтар әулеті Төртүй тарихында із қалдырды. Дүйсенбайдың балалары: Құрттай -директордың орынбасары, Балташ - ферма меңгерушісі, Саржан жұмысшылар комитетінің төрағасы болды.
Шаруашылыққа жаңа ХТЗ трактор-лары келген тұста Зікірия Жәркенов ақсақал сол темір тұлпарды тізгіндеді. Сонымен қатар, Шәкібай Минин, Дәуітпай Балабеков, Өміржан Ахметов, Ахтанбай, Дүкен Ағалиев, Әлімжан, Құмат Тұрсынов, Болпақ Түсіпов және тағы басқалары әр жылдары механизатор болып, егін орып, жем-шөп әзірледі. Ертеде еңбек адамдарына жағдай да жасалмады. Пішеншілердің ішетін тамағы - бір шелек піскен сүт, оны жерге көміп қояды, таңнан кешке дейінгі қорегі сол. Соғыс жылдары балашаға да белі қайысып жұмыс істеп, жанкештілік көрсетті.
Бүгінгі күні төртүйліктер әртіндегі ауыл ақсақалдары - ақсақ Қабыш, Жұмажан, Сапар Қуанышев, Әділ, Көшен, Сарбас, Шарапат, Көшкінбайдың Төкені, Амантай, Есентай, Оразбаның Әбіші, Қасен палуан, Өсібай, Басыбай, Лоқаш, Асаубай, Қыздарбектің Қасені, Рамазан, Жұмәділдә, Әшім, Тәшім, Насыр, Қасым, Рамазан, Жанахмет, Әміржан, Кален, Жолдас, Шәкен, Ыбырай, Исалы баласы Омар және тағы басқаларын елдің ырысы мен құты болып еді деп ризалықпен еске алады. Омардың қызы Қаражан (шын аты - Пәруза) мен ақсақ Қабыш екеуі тәулігіне 1000 дана саман кірпіш құяды екен. Ол кезде саман дейді. Көшен прораб бастаған құрылысшылар сол кірпіштен қаншама үй салып, жұрт игілігін көрді. Ал Біжітай ақсақал Тоққұлыда 1945 жылы қант қызылшасын еккен екен.
Төртүйдің атын өнерлі тумалары да шығарды. Әкем Балабек - ақын-әнші болған адам. Темірболат, Мұсабек, Хамза сияқты кісілер де өнерден құралақан болмапты. Олар жазған өлеңдер ел аузында айтылып жүруші еді, қазір ұмытылды.
Әрине, бір мақалада тоқсан жылғы тарихты түгендеу мүмкін емес. Есімде қалған дүниелерді қағазға түсіріп, ел адамдарын еске алуды жөн көрдім.