Қуандық Исабаевтың күзет қызметінде жұмыс істеп жүргеніне 13 жыл болыпты.
- 2008 жылы Отан алдындағы әскери борышымды атқарып келдім. Оған дейін Баянауыл ауданына қарасты Сұлужон ауылында денешынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс істегенмін. Әскерден келген соң күзетке қызметкерлер қабылдап жатқанын естіп, мен де құжатымды өткіздім. Жолым болып, жұмысқа қабылдандым. Содан бері жұмысым сүйікті қызметіме, екінші үйіме айналды. Тамаша ұжымда қызмет ету зор бақыт десем, артық айтқандық болмас. Жалпы, бізге белгіленген нысандар өзгеріп отырады. Қазіргі уақытта әріптесім екеуміз қаланың кіреберісіндегі су қондырғыларын күзетеміз. Екі тәулік жұмыс істеп, төрт күн демаламыз, - дейді Қуандық Серікбайұлы.
Үш қыздың әкесі Қуандық Исатаев бос уақытында әріптестерімен футбол ойнағанды ұнатады.
Міндет - қауіпсіздікті қамтамасыз ету
Күзет қызметкерлерінің міндеті - мызғымас тәртіпті қамтамасыз етіп, қоғам игілігіне қызмет ету. Осы жауапкершілік жүгін арқалап, күн-түн демей еңбек етіп жүрген тәртіп сақшыларының бірі - Заманбек Жұмабеков.
Заманбек Қанатұлы Қазақстан Республикасы ІІМ Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесі 2-ші полиция батальонында екі жылдан бері жұмыс істейді.
- Негізгі міндетіміз - бізге сеніп тапсырылған нысандар қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сырт қараған жанға қарапайым болып көрінгенімен, бұл қызмет жоғары жауапкершілік пен асқан қырағылықты қажет етеді. Мереке күндері демалмаймыз, күшейтілген тәртіппен жұмыс істейміз. Екіншіден, күндіз де, түнде де, ыстық пен суықта да қала көшелерінің қауіпсіздігін сақтау жолында далада жүреміз. Тәртіп сақшысы - ең алдымен адал қызмет етіп, өзі тәртіпті сақтауы тиіс. Кез келген сақшының жұмысында қиын сәттер көп кездеседі. Бірақ ештеңеге мойынсұнбай, берілмей, тек алға жүру керек деп ойлаймын, - дейді полиция сержанты Заманбек Жұмабеков.
Жастайынан спортпен шұғылданған Заманбек боксты жаны сүйеді. 2010-2015 жылдары қала, облыс көлеміндегі жарыстарға қатысып, чемпион да болыпты. Инновациялық Еуразия универси-тетінің Екібастұз колледжін «Заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған ол бүгінде Қарағанды эконо-микалық университетінде сырттай білім алуда.
«Үйренерім әлі де көп...»
- Мектеп қабырғасында жүрген кезімде әскери адамдардың киіміне, әсіресе, полиция қызметкерлерінің формаларына қызығып қараушы едім.
Міне, сол арманыма қол жеткізіп, бүгінгі күні осы абыройлы қызметті жауапкершілікпен атқарып келемін. 2018жылдан бері Қазақстан Республикасы IIМ Павлодар облысы мамандандырылған күзет қызметі басқармасы мемлекеттік мекемесінің 2-ші батальонында жұмыс істеймін. Бес жылға жуық уақыт ішінде көп нәрсені үйрендім. Күзет қызметінің ауырлығы мен қызығын көріп келемін. Тәжірибелі әріптестерімнен әлі де үйренерім көп,- дейді кейіпкеріміз Гүлжан Омарова.
Сержант шеніндегі Гүлжан Бұғыбайқызы қызметінде олқылыққа жол беріп көрген емес. Әріптестері оның адал әрі жемісті жұмыс атқарып, көмек сұраған кезде әрдайым қол ұшын беруге әзір екенін айтады. Қазір Гүлжан әкімшілік сотта күзет қызметін атқарады. Аяулы ана екі қызды тәрбиелеп отыр.