28 сәуір - Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Халықаралық еңбек ұйымы бекіткен бұл күн кең ауқымды проблемаларға әлем жұртшылығының назарын аударып, жұмыс орнында жазатайым оқиғалар мен адам шығынының алдын алуға бағытталған.
Екібастұз МАЭС - 2 станциясында кәсіподақ ұйымының қолдауымен «Қауіпсіз еңбек» шарасы ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, бір ай бұрын кәсіпорын жұмыскерлері қауіпсіздік ережелері мен еңбекті қорғаудың басқару жүйесі туралы білімдерін ортаға салып, «Қауіп-қатер мен жұмыс қауіпсіздігін бағалау» тақырыбында тест тапсырған болатын. Сонымен бірге, энергетиктер цех пен учаскелерде қауіпсіз жұмыс орнын қалай ұйымдастырғанын көрсетіп, ақпараттық бұрыштар дайындады.
Мұндағы мақсат - жарақаттанушылықты нөлдік деңгейге жеткізу және апаттық жағдайларды мүлдем болдырмау әрі қауіпсіздікті өзінің өнеркәсіптік қызметінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыру.
«Өнімнің сапасы мен жоғары өнімділікке қол жеткізуге септігін тигізетін қауіпсіз де лайықты еңбек жағдайын жасау кәсіпорынның ең қажетті шарты болып табылады. Біз үшін қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі мен жұмыскерлердің денсаулығы үшін қамқорлық аса маңызды. Өндірісте орын алуы мүмкін қайғылы оқиғаларды болдырмауды ұдайы назарда ұстап, -айтарлықтай жұмыс жүргізіп келеміз», дейді кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәуле Галеева.
Еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша цехтар мен учаскелер арасында ұйымдастырылған конкурста 1-орынды гидротехникалық құрылымдар мен жерасты коммуникациялар цехы жеңіп алды. 2-орынды - жылу автоматикасы мен өлшеу цехы, 3-орынды химиялық цех иеленді.
«SKE.01.01.P» жобасын таныстыруға бағытталған ақпараттық стенд сайысында гидротехникалық құрылымдар мен жерасты коммуникациялары цехы үздік деп танылды. 2-орынды химиялық цех және жылу автоматикасы мен өлшеу цехы тең бөлісті, 3-орынды өндірісті дайындау цехы еншіледі.
Екі кезеңнен өткен «Қауіп-қатерді бағалау» сайысында жылу автоматикасы мен өлшеу цехының жұмыскерлері Жанболат Мағаз, Денис Михайлов және Шырақ Қабдрашев ең көп ұпай жинап, 1-орынды қанжығасына байлады.
2- орынға гидротехникалық құрылымдар мен жерасты коммуникациялар цехының жұмыскерлері Азамат Ержанов, Меруерт Рахметова, Анар Жексенова шықты. Орталықтандырылған жөндеу цехының өкілдері Айназар Сыздықов, Талғат Ахметов, Игорь Кох 3-орынға табан тіреді.
Кәсіподақ ұйымының қолдауымен еңбекті қорғау саласында үздік танылған цехтар мен жұмыскерлерге алғыс хаттар мен ақшалай сыйақылар табысталды.