Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары шеңберінде өтіп жатқан көрмеге екібастұздық мүсінші Баян Қайнышеваның авторлық жұмыстары қойылды. Шебер көпшілікке тоқыма, тігіншілік, киіз басу, сәндік қолданбалы өнер түрлерін де ұсыныпты. Әйтсе де жиналғандардың мүсіндерге ерекше назар аударғаны анық.
— Мұндағы бұйымдар мен картиналар ұлттық нақышта гипс, пластик, керамика, жүннен жасалған. Соның ішінде шетелдіктер керамикаға көп қызығушылық танытты. Екі жұмысымды америкалық азамат сатып алды. Сондай-ақ, Моңғолия мен Қырғызстаннан келген азаматтар, астаналықтар таңғалыстарын білдіріп, картиналар сатып алды, —дейді Баян Қайнышева.
Мүсінші өзінің басты мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптеу, насихаттау екенін айтады. Сонымен қатар, өнерді жоғары бағалайтын адамдардың көптігіне тәнті болды.
Баян Қайнышева Екібастұзда Абай Құнанбаев, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Естай Беркімбаев, Мұхтар Әуезов сынды әйгілі адамдардың бюсттерін жасаған. Бұдан бөлек, бүркітші, әжей, қалыңдық, орыс қызы мүсіндері бүгінде қаладағы тарихи-өлкетану мұражайына келушілерді қуантуда. Баян Құрманқызы — осыларға қоса Ерейментау қаласындағы Үмбетей жырау ескерткішінің, Баянауыл ауданындағы Жүсіпбек Аймауытов мүсінінің, Астана қаласының №49 мектебіндегі Қошке Кемеңгерүлы бюстінің авторы.