Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Халық қатысатын бюджет» жобасы қолға алынған болатын. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы шеңберінде біздің қалада тұрғындар тарапынан бірнеше жоба ұсынылып, көпшілік қолдауына ие болған еді.
Сол жобалардың алғашқысы болып Екібастұзда Эйфель мұнарасы бой көтерді.
- 2020 жылы «Халық қатысатын бюджет» жобасын іске асыру шеңберінде көптеген тұрғындардан, соның ішінде қала тұрғыны Д. Ж. Мусиновадан да ұсыныс түскен болатын. Жоба «Париж көшесі» деп аталып, қаланың сәулеттік-эстетикалық келбетін жақсартуға бағытталған. Оның Эйфель мұнарасының көшірмесін жасау, шағын алаңды шамдармен жарықтандырып, сәкілер орнату және айналасын көгалдандыру жайлы ұсынысы көпшіліктің көңілінен шығып, тұрғындардың дауыс беруінен соң бұл жоба іске асырылуға жіберілген болатын. Құны 10 714 285 теңгені құрайтын аталмыш жобаны «Глушко» ЖК іске асыруда. Бүгінде Пішенбаев көшесінде биіктігі 10 метрлік мұнараның көшірмесі орнатылып, қосымша жұмыстар жалғасуда. Жоба ай соңында толығымен аяқталады, - дейді Екібастұз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау-шылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Асланбек Садықов.
Сондай-ақ, тұрғындардан Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52/1, 52/2, 52/3, 52/4, 52/5 үйлердің аулаларына заманауи ойын алаңдарын ҚҰРУ туралы ұсыныс келіп түскен. Тұрғындардың айтуынша, жақын маңдағы ойын алаңдары ескірген, балалар денсаулығы үшін қауіпті, ал жаңа ойын алаңдары тұрғын үйлерден алыс орналасқан.
Көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жарықтандыру мақсатында жарық шамдарын ою-өрнектеп орнату идеясы да көпшіліктің қолдауына ие болыпты. Түнде шам сәулелері көшеге жарық берсе, екінші жағынан ұлттық ою-өрнектеріміз қала көркіне көрік қоса түседі. Тұрғындардың таңдауына ие болған жобаның тағы бірі - қыс мезгіліне арналған жылы аялдама. Институт, мектеп, балалар спорт мектебі шоғырланған 15-ықшамауданда аялдамаға қажеттілік туындап тұр. Жылдың төрт мезгілінде де қолайлы мұндай аялдамаға сұраныс жоғары.
Қолдау тауып, басым дауысқа ие болған басқа жобалар құрылысы да жақында басталып, жыл соңына дейін халық игілігіне беріледі.