Білікті дәрігер Әлімжан Оспанов - Семей медицина университетінің түлегі. Интернатураны Ақсу қаласында жалғастырған ол кейін осы ауруханада анестезиолог-реаниматолог болып 3 жыл еңбек етеді.
2001 жылы Екібастұздағы қалалық аурухананың анестезиология және реаниматология бөлімшесіне ауысады.
Былтырдан бастап ересектер мен балаларға арналған реанимация және интенсивті терапия бөлімшесінің меңгерушісі.
2019 жылдың жазындағы індет елімізге ауыр тигені есімізде. Екібастұз өңірінде коронавирустың құрығына іліккен талай адам өмір мен өлім арасында жатты. Сол кезде Әлімжан Баянұлы сынды батыл, табанды азаматтар қауіпті ошақтарда жұмыс істеді. Олар жанкештілікпен қаншама жанды ажал тырнағынан арашалап қалды.
Ол бір сын сәт еді. Бұл кезең, әсіресе, дәрігерлер қауымына ауыр жүк артты. Дәрі-дәрмек тапшылығы, ИВЛ-аппараттардың жетіспеушілігі, мамандарға деген зәрулік сындар-лы шақта айқын көрінді. Коронавирус дертінен бірқатар дәрігер көз жұмды. Қабат-қабат костюмнің астында қара терге малшынып жүрген Әлімжан Оспанов қанша сақтық шараларын жасағанымен, аурудан құтыла алмады. Вирустан емделіп шыққан соң да, дәрігерлер қатарынан табылды.
Пандемия кезіндегі дәрігерлердің патриоттық рөлі қоғам үшін зор болды. Былайғы жұртшылық дәрігерлердің еңбегі ерен екенін осы жолы шын сезінді. Антына адал дәрігер пандемиямен күресте өзін бейбіт күннің қаһарманы ретінде көрсете білді.
Әлімжан Баянұлы әңгіме барысында аурухананың материалдық-техникалық базасы жақсарғанын атап өтті. Наркоздың барлық түрі бар, дәрі-дәрмек жеткілікті. Былтыр коронавирус және жансақтау бөлімшелеріне заманауи үлгідегі 18 медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Оның ішінде ИВЛ-аппараттар да бар. Ауруха-нада төсекке таңылған адамды орнынан қозғамай емдеуге барлық жағдай жасалған: электрокардиограф аппараты қан қысымын, дене қызуын, жүрек соғысын автоматты түрде өлшеп отырады.
Биыл коронавирусқа шалдыққан адам саны былтырғымен салыстырғанда азайды. Әйтсе де дәрігерлердің жүктемесі артпаса, кеміген жоқ. Мәселен, Әлімжан Баянұлы басшылық ететін бөлімше дәрігерлері күніне 5-6 адамға, кейде 12 адамға дейін ота жасайды. Санаулы секундтар үшін күресіп жатқан дәрігерлер кейде психологиялық-эмоциялық тұрғыдан шаршайтыны рас. Қажырлы дәрігерлер мұның да жолын тапқан. Былтыр ер адамдар бөлімшеге өздеріне ыңғайлы етіп турник орнатып алыпты. Опера-циядан қалжырап шыққанда, турникке тартылады. Сонымен бірге, ара-тұра алаңда футбол ойнайды.
Әлімжан Оспановтың пандемиямен күрестегі ерлікке пара-пар ісі зая кеткен жоқ. Былтыр Медицина қызметкерлері күні салтанатты түрде Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат табысталды. Тамыз айында жергілікті әкімдік жаңа үйден үш бөлмелі пәтердің кілтін ұстатты.
Кәсібіне адал дәрігер - үлгілі отбасы, үш баланың әкесі.
Бұл жолы пандемия жағдайында жансақтау бөлімшесі дәрігерлерінің қауырт жұмысын ашып көрсетуге мүмкіндік болмады. Әрі Әлімжан Оспановтың да телефоны минут сайын безілдеп, дәрігер есеп беруден, науқастарға кеңес беруден босамады. Сұхбат арасында шұғыл шақыртуларға барып, ауыр науқастарды тексеріп келді.
Біз қоштасарда жанын аямай ауыр халдегі адамдарға қызмет етіп жүрген дәрігерді ұжымымен бірге естелікке суретке түсіріп алдық.