Қоянды ауылдық округіндегі елді мекендерде әлеуметтік- тұрмыстық мәселелердің бірсыпырасы шешімін тауыпты. Осыдан төрт-бес жыл бұрын округ орталығы - Бесқауға ауылының халқы әкім-қараларға «жол жоқ, су жоқ, ұялы байланыс жоқ» деп зар илеп, мұң шағушы еді, бүгінгі күні мұның бәрі күн тәртібінен түсіпті. Жол - тақтайдай түзу, орталықтандырылған ауыз су құбыры жұмыс істеп тұр, ұялы байланыстың түр-түрі қызмет көрсетеді. Дей тұрғанмен, күн жылжып, ай өткен сайын өмір өзге бір мәселелерді тудырады.
21 қыркүйек күні Бесқауға ауылының клубында өткен қа-ла әкімінің есептік кездесуінде, басқа да округтердегі сияқты, жер мәселесі көп айтылды. Бұл түсінікті де, төрт түлік тұяғы көбейген сайын жайылым тарылып, мал азығын әзірлеу қиындап барады.
- Жеріміз тақыр, оның үстіне, жайылымның басым бөлігі тым шалғайда. «Тілек» шаруа қожалығы ғана жазғытұры мал-ды жайлауға айдап әкетеді. Ал қалған мал ауыл маңын шиырлайды. Ол аздай, Баянауыл ауданының шаруа қожалықтары жылқысын біздің жаққа қаптатады. Жылқы егінді таптайды, тіптен шыбындап қотанға кіріп кетеді. Қысқасы, жайылым жайы өткір болып тұр, - деді ауыл тұрғыны Балғабек Тәкежанов.
Ауыл тұрғынының сұрағына қала әкімінің жер қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Меруерт Қалиева жауап берді.
Ауыл халқы малының жайылымына бөлінген 13500 гектар жер болған екен, биылғы жылы оған тағы 2600 гектар жер қосылыпты. Яғни, жайылым жоқ емес, бар, тек ірі шаруа қожалықтары иелігіндегі малды өзіне бөлінген жайылымға әкетуі тиіс. Осы орайда, қала әкімі Аян Бейсекин осы тұрғыда түсіндіру жұмысын жүргізуді Қоянды ауылдық округі әкімі Абай Хакімовке жүктеді. Ал полиция қызметіне Баянауыл жағынан келетін жылқы жайын анықтап, қажет болса шара қолдануды тапсырды.
Есептік кездесуде мал жемтігін тастайтын қорымның елді мекенге тым жақын екені айтылды. Оны басқа жерге көшіру жағы ойластырылуы ықтимал. Алайда, ең абзалы, заман көшіне ілесіп жемтікті жағып жіберетін жылжымалы құрылғы сатып алу. «Мұндай дүниенің құны арзан, бірақ күтіп-ұстауы қымбатқа түседі. Бұл туралы әңгіме облыста қозғалған. Біржақты шешім әлі қабылданған жоқ», - деп түйді сөзді шаһар басшысы Аян Уахитұлы.
Ауыл тұрғындары үшін мал дәрігерлік қызметтің де маңызы зор екені белгілі. Жаяу қалған мал дәрігері шақыртулардың бәріне бірдей үлгере бермейді екен. Мән-жайға қаныққан қала әкімі қызметтік көлікпен қамту мәселесі қаралатынын айтты.
Жоғарыда Бесқауғада ауыз су әр үйге жеткізілгенін тілге тиек еттік. Десек те, бір гәп бар екен. Аталмыш игілікті Бесқауғадан қашық емес 12 үйлі елді мекен тұрғындары көре алмай отыр. Өйткені мұнда су құбыры тартылмапты.
- Бүгінгі күні орталықтандырылған ауыз су құбырлары кемі 200-300 тұрғыны бар елді мекендерге жүргізілді. 12 үйлі елді мекен адам саны аз болғандықтан оған кірмейді. Тұрғыны көп ауылдар түгелдей ауыз сумен қамтылған соң, бәлкім кезек шағын ауылдарға да жетер. Әзірге күте тұруға тура келеді, - деді қала әкімі Аян Бейсекин түсінік беріп.
Айтпақшы, сөз болып отырған елді мекен мүлде сусыз емес. Ауылдық округ әкімі Абай Хакімов мұнда босаған КБМ құрылғысын орнатқызып беріпті.
Бесқауға ауылы тұрғындары ауыл мектебінің заманға сай болуын қалайды. Ол үшін мектеп шатырын жаңалап, екінші қабат терезелерін пластик терезелерге ауыстыру қажет дейді. Білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сұлушаш Ибраева бұл мәселеге орай ақпарат беріп, жұрт көңілін жайландырды. Жоғарыда аталған жұмыстарды жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзір екен, 2023 жылы қаржы бөлінсе, мердігерлер іске кіріседі.
Есептік жиыннан соң қала әкімі Аян Бейсекин ФАП пен кітапханада, ауыл мектебінде, су құбыры нысанында болып, біраз жайтты көзбен көріп, көңілге түйіп қайтты.