• Читать @cbsekibas
  • Instagram

Екібастұз ОКЖ

Павлодар облысы Екібастұз қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

На русском

  • Негізгі
  • Кітапхана жүйесі
    • Жаңалықтар
    • Мақалалар
    • Кітапханалар
    • Қызметкер құрамы
    • Кәсіподақ комитеті
    • Галерея
    • Бейне және аудио
  • Қызмет
    • Өлкетану
    • Баспа қызметі
    • Мәңгілік полк
    • Ынталандыру клубтары
    • Кешенді мақсатты бағдарламалар
    • Әріптестік
  • Ресурстар
    • Жаңа түсімдер
    • Кітаптар
    • Журналдар
    • Газеттер
    • Мультимедиа
    • Авторлар
    • Баспалар
    • Рецензиялар
    • Пайдалы сілтемелер
  • Online арқылы кітапты ұзарту
  • Кері байланыс
  • Электрондық каталог
  • Экран дикторы



  • Жобалар
  •  → 
  • Екiбастұз өлкесiнiң өлке тануы
  •  → 
  • Мемлекеттiк билiк және басқару

Екiбастұз өлкесiнiң өлке тануы

14.07.2022

Кешенді жоспар жемісін береді


Твитнуть
Поделиться
Плюсануть
Поделиться
Класснуть
Отправить

Сейсенбіде Өңірлік коммуникациялар қызметі онлайн форматта «Екібастұз қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы» тақырыбында баспасөз конференциясын өткізді. Былтырдан жүзеге асырылып жатқан кешенді жоспар жайында Екібастұз қаласының әкімі Ардақ Амангелдіұлы Қаңтарбаев баяндады.

Сегіз жоба іске асты

2021 жылы 16 қарашада Үкіметтің №819 Қаулысымен бекітілген Кешенді жоспар ауқымды бес тарауға бөлініп, жүзеге асырылмақ 114 жобаны қамтиды. Әкімнің айтуынша, жоспарда белгіленген шара-лардың 90%-дайы Екібастұз қаласы мен ауылдық аймағы тұрғындарының өтініш-тілектері негізінде түзілді. Жоспар түгел жүзеге асуы үшін 933 млрд теңге қаржы қажет, оның 98 млрд-ы мемлекеттік бюджет есебінен орындалмақ. Өз сөзінде 2021 жылы 55 жобаны іске асыру басталғанын айтып өткен Ардақ Қаңтарбаев оның 8-і толық орындалғанын тілге тиек етті.

- Өңірдің ұқсату өнеркәсібін-де екі ауқымды жоба іске асты. Бірі - ТМД көлемінде қайталанбас өндіріс саналатын, серпімді клеммалар мен рельстерді бекіткіштер шығаратын жаңа зауыт -«ФерроТрансТрейд» ЖШС, екіншісі - «Проммашкомплект» ЖШС-інің өндірістік қуатын арттыру мақсатында жүргізілген модернизациялаудың аяқта-луы. Бұған дейін тұралап қал-ған Қазақстан вагон жасау компаниясы да жұмысын қайта бастады.

Сапалы ауызсумен қамту мәселесі бойынша: Сарықамыс және Зеленая роща ауылдарында сумен қамту жүйесін іске қосудың арқасында Екібастұз өңіріндегі ауылдық жерлерді орталықтандырылған сумен қамту көрсеткіші 92% -ға жетті. Қалада жалпы қашықтығы 10,6 шақырым болатын Ду920 мм және Ду1020 мм магистральды су құбырлары жаңартылды. Жеке тұрғын үй салу үшін 23-шағынауданда, «Ипподром» маңында инже-нерлік-коммуникациялық инфра-құрылым тартылды, - деген қала әкімі былтыр көпқабатты үш тұрғын үй пайдалануға берілгенін, соның арқасында 198 отбасы баспаналы болғанын, алдағы уақытта тағы 180 пәтер берілетінін айтып өтті.

Әкімнің баяндамасына сүйенсек, қала көшелеріндегі 16,0 шақырым жол жаңартылған. Сондай-ақ, қалада 1900 жаңа жұмыс орны ашылған.

Инвестиция көлемі ұлғаяды

Биыл кешенді жоспар бойынша іске асырылып жатқан 80 шараға 190,0 млрд теңге қаражат жұмсалмақ.

Кешенді жоспарды негізге алып, биыл Екібастұздың Бас жоспары бекітілуі тиіс. Соған сәйкес кадастрлық жоспар да жасалып, құрылысы салынған аумақтарда жерасты және жерүсті коммуникациялар тегіс түгенделеді.

Ірі өнеркәсіпті дамыту мен инвестицияларға да тоқталған әкім «Богатырь Көмір» компаниясында автоконвейерлік технологияға көшу жобасы аяқталып қалғанын, «ЕкіbastuzFerroAlloys» кәсіпорны ферроқорытпа өндіретін зауыт сала бастағанын, МАЭС-2 станциясында №3 энергоблок салынатынын, МАЭС-1 станциясында №1 энергоблокты қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатқанын да атап өтті.

Қазіргі кезде кешенді жоспарды жүзеге асыруға бөгет жоқ екенін баса айтқан Ардақ Қаңтарбаев осы жылдың бірінші жартыжылдығында өңірге құйылған инвестиция көлемі 85 млрд теңге болғанын, жыл соңына дейін болжам бойынша инвестпортфель көлемі 250 млрд-қа дейін ұлғаятынын баса айтты.

Осыдан кейін кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, мәдениет пен спорт салаларын дамытуға арналған іс-шараларға жеке тоқталған спикер жалпы жос-пар жүзеге асырылмақ бес жыл ішінде қаланың отын-энергетикалық кешенге тәуел-ділігін 12,1%-ке төмендету, мемлекеттік қолдау шаралары арқылы шағын және орта бизнес субъектілерінің санын 10 мыңға жеткізу, 16,5 мың жаңа жұмыс орнын ашу мақсат етілгенін сөз етті.

Қаулымен бекітілген мақсат айқың енді тек жоспардағы шараларды іске асыруға бөлінген қаржы шашауы шықпай, орынды пайдаланылса, соның арқасында 114 жоба уақытылы әрі сапалы орындалса екен дейміз.

«Заңға бағынамыз!»

Баспасөз конференциясының екінші бөлімі журналистерден түскен сауалдармен жалғасты.

Сұрақ:
- Екібастұз қаласындағы ауылдарда сумен қамту жақсы жүріп жатқанын айтып өттіңіз. Бірақ тұрғындар Ақкөл ауылында орнатылған су жүйесі бірде жұмыс істеп, бірде істемейді деген шағымдар айтып жатыр. Бұл мәселе қалай және қашан шешіледі?

Жауап:
- Ауылдардың басым бөлігінде осындай мәселе туындап жатыр. Себебі алғашқыда тек тұрғындар пайдаланады деп орнатылған ауызсу жүйесі басқа мақсаттарға да, мәселен, мал суғаруға, ауладағы бау-бақшаны суғаруға да пайдаланады екен. Әрине су мөлшері бұған сәйкес келмейді. Өндірістік қуаты артығымен пайдаланып жатқандықтан, осындай қатерлер болып жатыр. Оған қоса Ақкөл ауылындағы су жүйесін салуда тағы бір ерекшелік бар. 2019-2020 жылдарда салынған кезде мердігер өз жұмысын дұрыс атқармағандықтан, сотқа шағымданып, ол мердігерден бас тартылды. 2020 жылдың соңында су жүйесінің олқылықтары түзетіліп, біраз шаруалар атқарылды. Әлі де жұмыстар жүргізіліп жатыр, осы шаралар аяқталғанда, бәрі ойдағыдай болады деген сенімдеміз.

Сұрақ:
-Бұқар жырау көшесіндегі 250-үйде әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар тұратын көрінеді. Тұрғындардың айтуынша, үй апаттық жағдайда. Төбесінен су ағады екен. Бұл мәселе қалай шешіледі? Және Мәшһүр Жүсіп пен Абай көшелерінің қиылысындағы екіқабатты үйдің де апаттық жағдайына қатысты айтып өтсеңіз.

Жауап:
- Біріншіден, Екібастұзда ресми түрде жағдайы апаттық деп танылған үй жоқ. Дегенмен, тұрғындардан осындай шағымдар бізге келіп түсетіні рас. Бұқар жырау көшесіндегі 250-үйдің шатырына қатысты жөндеу жұмыстары аяқталған. Бұл мәселені жиі көтеріп жүрген көпбалалы ана Алена Доценко есімді тұрғын. Ол айтқан мәселелерді қарастырып, шешуге тырысып жүрміз. Ал Мәшһүр Жүсіп-Абай көшелерінің қиялысындағы үйдің жағдайын анықтап, Тұрғын үй инспекциясы бөлімімен бірге қарастырамыз.

Сұрақ:
- Облыс әкімінің Екібастұз тұрғындарымен кездесуі кезінде Екібастұздың жер үйлер секторының басым бөлігі кәріз жүйесіне қосылмағаны айтылды. Ол бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?

Жауап:
- Қаладағы жер үйлер көптеп орналасқан «Солтүстік», «Оңтүстік» деп аталатын аудандарында кәріз жүйесі мүлде жоспарланбаған екен. Тіпті ол шаруа даму жоспарына да енгізілмеген көрінеді. Мәселен, бір ғана «Солтүстік» жер үйлер ауданында 1500-дей үй орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылмаған. Қазіргі кезде бұл мәселе Кешенді жоспарға енгізіліп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жа-тыр. Сметасы дайын болған соң, сараптамаға тапсырылады. Одан өткен соң, құрылыс жүргізуге рұқсат берілетін болады. Сонымен бірге «Оңтүстік» ықшам ауданы туралы да айтып өтсем, мұнда кәріз жүйесін салуға қаражат биыл ғана бөлінді. Оған қарамастан біз бұл істі былтыр бастаған едік. Өкінішке қарай, мамандар сол ықшам аудандағы 60 көшенің тек 14-інде ғана кәріз жүйесін салуға мүмкіндік бар деп отыр. Көшелердің тарлығы, бұған дейін салынған өзге де коммуникациялық жүйелердің орналасу тәртібі оған себеп болып отыр. Кәріз жүйесіне қатысты әлі де мәселелер көп. Оларды 2025 жылға дейін шешуге тырысамыз. Жалпы, Екібастұз дамуының кешендік жоспарын дайындауымыздың мақсаты сол - тұрғындардың мәселелерін жүйелі шешу.

Сұрақ:
- Әлеуметтік желіде сіздің отставкаңыз талқыланып жатыр. Айтыңызшы, отставкаға өтініш бересіз бе?

Жауап:
- Заңға сәйкес егер орынбасарыма қатысты сот үкімі заңдық күшіне енсе, мен жұмыстан кету жайлы өтініш жазуға міндеттімін. Ал оны қабылдау-қабылдамау облыс әкімінің құзырында. Заңға бағынамыз.

Сұрақ:
- Облыс әкімінің екібастұздықтармен кездесуінде №23 мектеп маңында салынып жатқан көпқабатты үйге қатысты, Момышұлы көшесіндегі 33-үй маңын абаттандыру кезінде кеткен қателіктер жайлы, сондай-ақ автобекетте ойын автоматтарының орнатылуына қатысты мәселелер көтерілген еді. Ол мәселер шешілді ме?

Жауап:
- Бір адам, болмаса топ адам келіп шағымданса да, барлық өтініш-шағымдар заң бойынша қарастырылады. №23 мектеп маңындағы үй құрылысына қатысты айтарым: қазіргі таңда тексерістер жүріп жатыр. Ол жер жеке меншікте. Тексеріс аяқталған соң ғана қандай нақты шаралар жасалғаны туралы жауап бере аламыз. Екінші, Момышұлы көшесін абаттандыру мәселесі бойынша: 2017-2018 жылдары бұл көшеде абаттандыру жұмыстары жүргізілгенімен, толық аяқталмаған. Өздеріңіз хабардарсыздар, сол кездегі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы жауапқа тартылып, сотталған болатын. Қазіргі кезде Момышұлы көшесінің жолын жөндеп болдық. Енді жаяу жүргіншілер жолы жөндеу мәселесі қалды. Осы жылы оны да қолға алып, аяқтайтын боламыз. Автобекеттегі ойын автоматтары жайлы: ол мәселені полиция қарап жатыр, әзірге ешқандай нәтиже жоқ.

Сұрақ:
-Келесі сұрағымыз футболға қатысты. Қазір облыс әкімі де, Ақсу қаласының әкімі де өз командаларының ойындарын тамашалауға барып тұрады. «Екібастұз» футбол командасының ойынында сізді жиі көре аламыз ба? Жалпы, команда бюджетінің қарапайымдылығына қарамастан, қазір рейтинг кестесінің жоғарғы жағынан көрініп жүр. Командаға қаншалықты қолдау көрсетіледі?

Жауап:
- Екібастұз футболының тарихы ертеден келе жатыр. Кезінде облыстық командалармен бір сатыда тұратын. Өкінішке қарай, соңғы жылдары облыстық футбол федерациясындағы түрлі қиындықтарға, пандемияға да байланысты, жағдайы нашарлап қалды. Дегенмен, біздің команданың ұйымдастыру стратегиясы әбден ойластырылған: командаға сырттан легионерлер алынбайды, жергілікті спортшыларды, жас футболшыларды тәрбиелеп, алаңға шығарып келеміз. Рас, бюджеті қарапайым. Оны қаржыландыру облыстық спорт басқармасы арқылы жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда командамызды ұстауға қаражат жеткілікті. Қажет болса, демеушілер арқылы қаражат беріп тұрамыз. Өкінішке қарай, өз басым уақыт тығыздығына қарай барлық ойындарына бара алмаймын.

Сұрақ:
- Екібастұзда шағын бизнес өкілдері жылу тарифтерінің қымбаттығына жиі шағым айтады. Өткенде облыста әкімнің қатысуымен осы мәселе қаралды. Жалпы жылу тарифтерін төмендету мәселесі қалай болады?

Жауап:
- Тарифтерді белгілеу монополияларға қарсы департаменттің құзырында екенін білесіз. Мәселе жан-жақты қарастырылады, оның ішінде «Екибастузтеплоэнерго» ЖШС-нің де шығындары ескеріледі. Әзірге ол туралы нақты шешім жоқ.

Сұрақ:
- Қатты желдің кесірінен Солнечный кентіндегі мектептің шатыры ұшып кеткені белгілі. Қалыпқа келтірілді ме?

Жауап:
-ТЖ желісі бойынша, бұл мақсатқа қаржы бөлінеді. Қазір онда жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сұрақ:
- Кешенді жоспар бойынша екі ауылшаруашылық нысаны қымыз бен ет өндретін болады екен. Нақтылап өтіңізші, қай шаруашылықтар бұл істі қолға алмақ?

Жауап:
- Кешендік жоспарға мұндай екі жоба енгізілген. Олардың бірі Сарықамыс ауылдық округіндегі «Намыс» шаруа қожалығында, екіншісі Құдайкөл ауылдық округіндегі «Керей» шаруа қожалығында жүзеге асырылады.

Сұрақ:
- Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте Екібастұздағы оқу кешені политехникалық колледжге беріліп, онда кіші индустриалдық аймақ жұмыс істейді делінген еді. Мәлімет мамыр айында берілді. Осы жайлы не айтасыз?

Жауап:
- Оқыту кешенінде кіші индустриалдық аймақ жұмыс істейді деген ақпарат нақты емес. Кешен білім берумен айналысады. Және бүгінде онда көмір-химия институтын ашу мәселесі де талқыланып жатыр. Аталмыш институт ашылса, көмірді дәстүрлі емес мақсаттарда пайдаланудың жаңа жолдары, яғни одан химиялық әдіспен өсімдіктерге тыңайтқыш жасау қолға алынуы мүмкін. Оған қатысты келіссөздер жүріп жатыр.


Автор Зайыргелді А.
Издание Отарқа
Стр. 1, 2

Тізімге оралу


Қатысты мазмұны:


DB query error.
Please try later.