«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы идеясы бар, өз бизнесін ашуға дайын адамға қашанда қолдау көрсетуге әзір.
«Былтыр кәсіпкерлер палатасының Екібастұздағы филиалына 257 адамнан өтініш түскен (213-і оң шешімін тапты), соның ішінде 27 арыз - бизнесті қорғауға (19-ы қанағаттандырылды), 95-і - бизнес-жобаны әзірлеуге, 78-і - жеке бизнес ашуға қатысты, - деді «Қайнар» ББК-де кәсіпкерлермен өткен есептік жиында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Павлодар облысы Екібастұздағы филиалының директоры Медият Мұсанап.
Медият Мәдениетұлының айтуына қарағанда, аталмыш филиал Екібастұз өңірінде шағын және орта бизнесті дамытуда айтарлықтай жұмыстар атқарды: былтыр сервистік қолдау көрсету мақсатында 185 келісімшарт жасалды, соның ішінде 145 шағын және орта бизнес субъектілеріне салық және статистикалық есеп беру жөнінде қызмет көрсетілген. Айта кетерлігі, палата болашақ кәсіпкерлерге идеяны дұрыс таңдауға, бизнес-жоспарлауды дұрыстап айқындауға, есептілік жүргізуді, салық төлеу түйткілдерін үйретеді. Сонымен бірге, мемлекеттік сатып алулар жөніндегі конкурстарға қатысу үшін құжаттар әзірлеуге көмектеседі, заң және бухгалтерлік қызметтер жайлы тегін кеңес береді. Бұдан бөлек, шағын несиелеу, мүмкіндіктер мен жеңілдіктер туралы ақпарат беріледі. Өткен жылы 448 клиент палата мамандарының көмегіне жүгінген.
Палатаның басым бағыттарының біріне жұмыспен қамту саласы жатады. «Бизнестің жол картасы - 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында 100 тыңдаушы «Бизнес-кеңесші» тегін жедел курсында оқып, сертификатқа ие болды. «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 300 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. Нәтижесінде 250 адам 100 айлық есептік көрсеткіш (252500 теңге) және 200 АЕК (505000 теңге) көлеміндегі грантқа қол жеткізді. «Жас кәсіпкер» жобасына қатысқан 116 тыңдаушы 200 АЕК көлеміндегі грантты иеленді. Бұл қаржыға өз кәсібі үшін алғашқы капитал ретінде жеңілдетілген қаржы алуға мүмкіндік туады.
Былтыр жергілікті палата «Nur Otan» партиясының Екібастұздағы филиалы және қалалық әкімдікпен бірлесіп алғаш рет жергілікті тауар өндірушілердің көрмесін ұйымдастырды. Бұл бастама кәсіпкерлердің де, тұрғындардың да көңілінен шықты. Мұндай көрмелерді жыл сайын өткізу дәстүрге айналса игі.
Өткен жылдың қараша айында «Бастау» және «Жас кәсіпкер» жобасының түлектері бірлесіп тігіншілік, тамақ өнеркәсібі, сауда және сұлулық саласынан жәрмеңке-көрме өткізді.
Кәсіпкерлер палатасының тыным-сыз еңбегі нәтижесінде өткен жылы мемлекеттік бағдарламаға 994 мил-лионды құрайтын 60 жоба ұсынылған болатын. Соның 46-сы оң шешімін тап-ты. 14 жоба қарастырылып жатыр.
«Шағын және орта бизнес -өңірді дамытудың бірден-бір негізі, тұрғындарды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді, бәсекелестікті арттырады, сонымен бірге, нарықты жаңа тауарлармен, қызмет көрсету түрлерімен толықтырады. Осыған байланысты кәсіпкерлерді арнайы мемлекеттік бағдарламаларға белсенді қатысуға шақырамын. Біз өз тарапымыздан шаруаларға, кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетеміз», - дейді М.Мұсанап.
Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының Екібастұздағы филиалы Бауыржан Момышұлы көшесі, 45-үйде орналасқан. Телефон нөмірі: 34-76-61.