Сарықамыс ауылындағы өзекті мәселелердің бірі - жолдың сапасыздығы. Биыл осы ауылға дейін төселетін жолдың жобалық сметасы жасалады. Екібастұз қаласының әкімі Ержан Иманзаипов Сарықамыс ауылы тұрғындарымен есептік кездесуінде осы жайды мәлім етті. Негізі жол салу жұмыстары 2018-2019 жылдардың жоспарына енгізілгенімен, жеріне жетпей аяқсыз қалған. Тұрғындар үшін маңызды мәселеде ауыл әкімі тарапынан қатаң бақылау қажет-ақ.
Ауылда шешімін таппай тұрған тағы бір жайт - мал ұрлығы. Жергілікті тұрғын Марат Ысқақовтың айтуынша, ауылға кіріп-шығатын көліктерді ешкім қадағаламайды.
«Бірде балам көршілес Ақкөл ауылына өз жұмысымен барса, учаскелік полицей тоқтатып, қандай шаруамен жүргенін сұрапты. Сол жерде көлігін тексерген. Учаскелік полицейдің ауыл ішіне кіретін көліктерді тексеруге құзыры бар ма? Егер бұл әрекеті заңға сыйса, біздің полицейлерге неге осы шараны қолданбасқа? - деді ұсыныс білдіріп.
Қалалық полиция басқармасы басшысының бірінші орынбасары Елнұр Букаевтың айтуына қарағанда, автопатруль жұмысы әлдеқашан жолға қойылған. «Егер тұрғындар қаласа, полиция қызметкерлері аптасына 2-3 рет ауылға кіріп-шыққан көліктерді тексеріп отырады»,- деген ол әңгімесін ары сабақтады. - Былтыр ауылда 2 мал ұрлығы тіркелді. Бұл қылмыс әлі күнге дейін ашылған жоқ. Мұның себебі неде дегенге келсек, мал қараусыз жүреді. Тұрғындар ортадан ақша шығарып, малды бақташыға бақтыруға құлықсыз. Жаңа жылдан бастап ауыл шаруашылығы жануарларын жаю, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу тура-лы заңнамаға өзгеріс енгізілді. Бұдан былай қараусыз жайылған мал арнайы тұраққа қамалады, иесіне айыппұл салынады. Айыппұл көлемі - шамамен 13 мың теңгеден 25 мың теңге аралығында».
Сарықамыста 1972 жылдан бері тұратын Наталья Ивановна - педагогика саласының ардагері. Қадірлі ұстазды мал өнімдері - тері мен жүн-жұрқаның керексіз болып, кәдеге жаратылмай отырғаны алаңдатады екен. Бүгінде ауыл-ауылды аралап жүретін бақалшылардың да қарасы көрінбейді. Жүн шаруашылығын дамытуға не кедергі?
Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Жасұлан Сәдуақасов Тараз қаласында жүн шаруашылығын дамытуға ниетті кәсіпкерлер жылына бір рет елді аралап жүн-жұрқа, тері жинайтынын жеткізді. «Жүннің бағасы тым арзан - келісі 30 теңге. Ал ірі малдың терісіне қойған баға да шаруаның көңілінен шықпайды. Келісі - 100-150 теңге. Бір тері - 3 - 6 мың теңге аралығында», -дейді ол. Қыстың қақаған аязы мен жаздың аптап ыстығында мал соңында салпақтайтын шаруаның мал терісі мен жүнін арзан бағаға бергісі жоқ. Есесіне жылдар бойы сақтап, күйе түсіріп алған соң, ауыл шетіндегі қоқысханада тау-тау болып үйіліп жатқаны қаншама. Шаһар басшысы мал терісі мен жүнін өңдеу шаруашылығын өрістету үшін нақты қадамдар жасау қажеттігін қаперге сал-ды. Ол алдағы күннің еншісінде.
Мал демекші, малдың қысқы азығын сақтау да тәуекелді қажет етеді. Мәселен, ауыл тұрғындары үйме шөпті қораның төбесіне шығарады. Одан артылғанын қораның жанына тау төбе етіп үйеді. Мұндай жерлерде қауіпсіздік ережесі сақталмайтындықтан өрт оқиғасы жиі болады. Тілсіз жауға ауыл тұрғындарының шамасы жетпей, кейде амалсыз қаладан өрт сөндіру көлігін шақыртуға тура келеді. Бірақ осы уақыт аралығында тұрғындар көп уақыт жоғалтады. Ауылда жеке өрт сөндіру көлігін ұстауға болмай ма?
Ержан Бейбітұлы тұрғындардың өтінішін орынды деп тапты. «Өрт сөндіру көлігі бар. Бірақ оның Сарықамыста емес, Солнечный кентінде тұрғаны ыңғайлы. Біріншіден, Екібастұзбен салыстырғанда, арақашықтық қысқарады. Екіншіден, екі елді мекенге бірдей қызмет көрсетеді», - деп себебін түсіндірді.
Бүгінде ауылдық клубтарда күзетшілердің жұмысы қысқартылып жатыр. Ақиқатына келсек, бұл - заман талабы. Бейнебақылау камералары көптеп іске қосылып жатқандықтан күзетші-қарауылдарға деген сұраныс азайды. Ержан Иманзаипов та бұл жайдан хабардар екен. Қысқартуға ұшырағандарға «Жол картасы» бағдарламасы аясында басқа жұмыс қарастырылатынын айтты.
Ауылдық мектепте жылы әжетхана мәселесі әлі шешілмеген. Орта буын және жоғары сынып оқушылары ауладағы әжетханаға барып жүр. Ауылдың мал дәрігері Манат Сайт кейбір ауылдық мектептер қазандықтан құбыр тартып, аулада жылы әжетхана салып қойғанын тілге тиек етті. Осы тәжірибені Сарықамыста неге қолданбасқа?
Қалалық білім бөлімі басшысы Жазира Хамзабаеваның сөзінше, жоспарға сәйкес алдағы оқу жылында барлық ауылда мектеп әжетханаларын ішке енгізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Сарықамыстықтар кездесуде ауылдық округ әкімі Марат Сейсембаевтың ел игілігі үшін атқарып жүрген жұмысына риза-шылығын білдірді. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді халық даналығы. Әкімге соғыс ардагерлерінің ұрпағы атынан жауынгерлер паркін ашқаны үшін алғысымыз шексіз», - деді жерлестері.