Екібастұздағы қалаішілік маршруттық автобустар парктерінде жүргізушілер тапшы. Бұл туралы әкімдікте өткен жиында «Жоламан-ЭК» ЖШС директорының орынбасары Иван Марышев мәлімдеді. Оның айтуынша, автобустар қозғалысының нашарлығына осы мәселе - себеп.
- Қазір жүргізушілерді оқыту мерзімі ұзақ. 2017 жылға дейін жүргізушілерді «D» санатына оқытуға бір жыл жұмсалып келсе, қазір төрт жыл қажет. Тәжірибелі мамандар жасы жеткендіктен жұмыстан кетіп жатыр, ал жастарға бұл жұмыс қызықсыз. Біз жұмысқа көлік жүргізушілерді алуға дайынбыз, - дейді Иван Марышев.
Осылай бола тұра, тасымалдаушы тарап жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөліміне өтінімді тек бос жұмыс орындарына ғана береді екен.
Қала әкімі Ержан Иманзаипов ТҮКШ, жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бөлімдеріне ниет білдірген жүргізушілерді қайта даярлау жағын қарастыруды тапсырды.
Былтырғы жылдың 1 қарашасынан бастап қаламызда №10 маршрут тоқтағаны белгілі. Ол кезде аталмыш маршрутқа қызмет көрсететін «Қайрат ЭК» ЖШС тарифтің төмендігін желеу етіп, жолаушыларды тасымалдаудан бас тартқан еді. Сонымен қатар, кәсіпорын басшысы №№6, 7, 66 маршруттармен бағыттастық та аталмыш маршрутты ұстау үшін тиімсіздігін айтқан. №10 маршруттың жабылуы салдарынан тура бір жыл бұрын әжептәуір шу болып, «Күлтөбенің басы күнде жиынға» айналғанын ұмыта қойғанымыз жоқ.
Рас, одан бері қалаішілік маршруттарда жағдай біршама түзелді. Бүгінгі таңда №№5, 2, 22 бағыттағы автобустар жақсы жүреді. №9 маршрут та қамшы салдырған емес. Өкінішке қарай, №6 және №66 автобустардың жүрісі әлі сылбыр. Айналымда автобус аз. Сол себепті №10 маршрут жойылғалы №2 емханаға барушылардың да жағдайы мәз емес. №3 пен №33 те солай. Ал №7 маршруттағы автобустар жиі-жиі жүргенімен, іштері тар, таңертең және кешке ол автобусқа мініп үйіңе жету бір жыр. Әсіресе қысылып-қымтырылған мектеп оқушыларының (оның ішінде жалғыз осы автобуспен ғана жүре алатын №36 лицей-мектебінің оқушылары да бар) халі тым аянышты.
Былтыр тасымалдаушылар «65 теңгелік тариф шығынымызды ақтамайды», -деп жақауратқаны есімізде. Сондықтан билік субсидия бөліп, түсіністік танытқан еді, енді биыл бұ шіркіндер «Автобустарда жүргізуші жеткіліксіз», - деп отыр.
Былтыр №10 бағытты маршрутпен бірге №1 де келмеске кетті. Әу баста №1 маршруттың айналымнан алынуына Бауыржан Момышұлы көшесіндегі жөндеу жұмыстарының ұзаққа созылуы себепші болған. Ол көшеде жөндеу әлдеқашан бітсе де, маршрут қалпына келтірілмеді. Бұған көшенің қарт тұрғындары наразы.
- Қазір асфальт оп-оңды, бірақ автобус жоқ. Бауыржан Момышұлы көшесімен №№2, 3 маршруттар жүруін жүреді, бірақ олар бір-екі аялдаманы ғана басып өтеді. Соның салдарынан балаларымыз «Зерде» мектебіне жаяу барады. Қазір күн ерте батады әрі аяз. Таяуда осы мәселемен ТҮКШ бөліміне барып, мардымды жауап ала алмай қайттым, - дейді зейнеткер Жұмаділда Сушин.
Көңілге демеу болар жайт, қала басшысы автобус қозғалысының жаңа кестелерін жасап, барлық аялдамаларға орнатуды тапсырды. Сонымен қатар, кестедегі уақыттың сақталуы керектігін ескертті. Олай болса, маршруттар мәселесі шешіледі деп сенейік.