Облыс әкімі Болат Бақауов аймағымыздың белсенді жастарымен кездесіп, ұсыныстарымен танысты. Ақсу қаласында өткен жастар форумына екібастұздық қыз-жігіттер де қатысып қайтқан еді. Жиында қандай маңызды жайттар айтылды екен?
Аталған форум Павлодар облысындағы Жастар жылының салтанатты ашылуына орай ұйымдастырылып отыр. Оған жерлестеріміз: Жастар бастамаларын дамыту орталығының маманы Аңсаған Бескарина мен «Жас Отан» жастар қанатының төрағасы Геннадий Арсютин қатысты. Аңсаған форумнан алған әсерін бөлісіп, өз ойын ортаға салды.
- Форум барысында Болат Жұмабекұлы жастар тарапынан ұсынылған жобаларға барынша қолдау көрсететініне уәде берді. Мені қызықтырғаны - «Жасыл қала» жобасы. Мақсаты - облыс аумағындағы қалалар мен аудандарда 150000 түп ағаш отырғызу. Қала берді, кәсіпкерлік саласына қатысты көптеген ұсыныстар айтылды. Мәселен, облыс орталығында жастарға арналған кәсіпкерлік орталықтың ашылуы, бизнесті бастауға қаржылай қолдау сияқты мәселелер қозғалды. Аймақ басшысы өз тарапынан «Бизнес және Мен» атты жаңа жобаны ұсынып, жас кәсіпкерлер мен инвесторлар арасында әріптестік қарым-қатынас орнатуға атсалысатынын жеткізді, - дейді Аңсаған.
Екібастұздық жас белсенділер өңірімізде кәсіпкерлікті дамытуға арналған жобаларды дамытуға ниетті. Жасыратыны жоқ, көптеген жастар өз алдына жеке бизнес ашқысы келеді. Оған мемлекет тарапынан жасалып жатқан жеңілдіктер де аз емес. Бүгінде жастарға «Бизнес бастау» бағдарламасы арқылы білім алып, қайтарымсыз несие алуға мүмкіндіктер қарастырылған. Ендеше, екібастұздық жас кәсіпкерлердің қызметін пайдаланатын күн алыс емес.