Екібастұз қаласына «Астана-Павлодар» бағытынан кіреберісте («Стела» маңы) «Жолаушыларға сервистік қызмет көрсету кешені» ашылды. Кешеннің салтанатты ашылуы рәсімінде қала әкімі Нұржан Әшімбетов құттықтау сөз сөйлеп, нысанның мәнмаңызын атап өтті.
Жалпы, көлік логистикасының инфрақұрылымын дамытуға Елбасының кезекті жолдауында басымдық берілгені белгілі. Сонымен қатар, бүгінде жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың қажеттілігін қамтамасыз ету бағытындағы кәсіппен айналысу ең маңызды мәселелер қатарында. Жаңа кешен иесі - жеке кәсіпкер, қалалық мәслихат депутаты Мирхат Мұсанап. Қызмет көрсету кешенінің жобалық құны - 25 млн. теңге. «С» санатына жататын кешен 50 орынға шақталған қоғамдық тамақтану орны, бөлшек сауда пункті және жылы дәретханамен қамтамасыз етілген. 10 адам тұрақты жұмыс істейтін кешен жолаушылар үшін алдағы уақытта тәулік бойы қызмет көрсетпек.
Айта кетерлігі, Екібастұз өңіріндегі жолдар бойында барлығы 13 сервистік кешен қызмет көрсетеді.