«Туған өлкенің мұрасы» жобасы аясында орталық қалалық кітапханада кино, театр, әншілік, ұстаздық өнерге алғаш жол салғандардың бірі Кәукен Кенжетаевтың туғанына 110 жыл толуына орай «Театр тарланына тағзым» өнер кеші болып өтті.
Шараға №5, №7 ЖОМ оқушылары мен ИнЕУ Жоғары Екібастұз колледжінің студенттері қатысты.
Іс-шара барысында кітапханашы Кәукен Кенжетаевтың өмірбаянына тоқталып, оның қазақ опера өнеріндегі орны, сахнадағы ерекше шеберлігі мен орындаушылық қырлары туралы кеңінен баяндап, бейнебаян ұсынды. Одан әрі өнер майталманының сахнадағы жарқын бейнелері, оның қазақ опера өнерінің дамуына қосқан өлшеусіз үлесі жайлы сөз қозғалып, қатысушылар естеліктерімен бөлісті. Сондай-ақ, кеште әртістің репертуарынан үзінділер шырқалып, оның өнеріне деген құрмет пен тағзым әсерлі атмосферада өрбіді. №26 гимназия-мектебінің оқушысы Е.Шерхан қазақтың белгілі әншісі Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін және халық әні «Он саусақты» нақышына келтіре орындаса, ал №7 ЖОМ оқушысы А.Мәулен «Жетіген» биін мың бұрала билеп берді. Сонымен қатар К.Кенжетаевтың шәкірттері белгілі әнші Айгүл Иманбаеваның, мәдениет қайраткері Қанат Жүнісовтің, Павлодар қаласындағы Ж.Аймауытов атындағы театр актері Құралай Мусанованың ардақты ұстаз туралы жүрекжарды естеліктерімен бөліскен бейнежазбалары көрермен назарына ұсынылды.
Шара соңында арнайы дайындалған кітап көрме таныстырылып, шолу жасалды.