Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Орталық қалалық кітапхана төрінде Достық үйінің этномәдени орталықтарының қатысуымен «Береке бастауы – бірлік» атты фестиваль өтті.
Шараға кітапхана оқырмандары, ИнЕУ Жоғары Екібастұз колледжінің студенттері, әлеуметтендіру орталығының өкілдері және №10 ЖОМ оқушылары қатысып, мерекелік көңіл-күйдің куәсі болды.
Фестиваль аясында «Ана ұлағаты» ұлттық орталығы, «Братство» славян орталығы, «Світанок» украин орталығы бір сахнада бас қосып, өз өнерлерін паш етті. Ән мен жырдан шашу шашылып, әр халықтың мәдениеті мен салт-дәстүрі көрініс тапты.
Іс-шара барысында қатысушылар өткен жылы 30 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихынан сыр шертетін бейнероликті тамашалады. Жүргізуші Екібастұз қаласындағы Достық үйінің шежірелі тарихы мен оның қала мәдениетіндегі айрықша орны, рухани өмірге қосқан үлесі жайында әсерлі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, Достық үйінің тыныс-тіршілігін танытатын бейнеролик көрсетілді.
Шара соңында оқырмандармен интерактив ұйымдастырылып, қатысушылар бірлік пен татулық жайлы ойларын ортаға салып, түрлі сұрақтарға жауап берді.
Арнайы жасақталған кітап көрмеге шолу жүргізіліп, қонақтар назарына Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі мен Павлодар облысындағы Достық үйінің қалыптасу тарихына арналған кітаптар ұсынылды.