2 сәуір күні Балалар оқу орталығының қызметкерлері Халықаралық балалар кітабы күні мен Балалар кітабы апталығының жабылуына орай көрнекті ақын, балалар жазушысы Қастек Баянбайдың туғанына 90 жыл толуына арналған «Қиялға қанат бітірген Қастек Баянбай» атты квиз-book шарасын өткізді.
Шараға С. Торайғыров атындағы №22 мектеп-гимназиясының 5 «А» сынып оқушылары қатысты. Іс-шара барысында оқушылар өз білімдерін сынап, белсенділік танытты. Атап айтқанда, жазушының жұмбақтарын шешу арқылы кроссворд құрастырып, жасырылған өлеңдердің мазмұнына қарай атауларын тауып, оларды сурет арқылы бейнелеп көрсетті. Сонымен қатар оқушылар ақынның «Саққұлақ», «Жидек», «Тиін», «Қарлығаштар», «Қазық», «Тұз дәмі» атты өлеңдерін жатқа мәнерлеп оқып, мазмұнына талдау жасады. Сұрақ-жауап бөлімінде оқушылар кейіпкерлерге қатысты тапсырмаларды орындап, өздерінің тапқыр әрі шапшаң ойлай білетіндерін көрсетті. Сондай-ақ ақынның шығармаларынан жасақталған кітап көрме ұйымдастырылып, қатысушылар назарына ұсынылды.
Шара балаларға ерекше әсер қалдырып, олардың әдебиетке деген сүйіспеншілігін арттыра түсті.