1 сәуір күні Балалар кітабы апталығы аясында балалар оқу орталығының қызметкерлері Күлкі күніне орай Екібастұз қаласының халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілеріне арнап «Көңіл сыйлаған күн» атты шеберлік сағатын өткізді. Іс-шара барысында балаларға мерекенің мәні түсіндірілді. Бұл шараның басым көпшілігі шығармашылық жұмысқа арналды. Қатысушылар дөңгелек пенопласт негізін пайдаланып, фетр матасынан көңілді күн шуағын жасаумен айналысты. Алдымен күннің пішінін дайындап, түрлі түсті фетрден күннің сәулелерін қиып алды. Кейін оларды бірлесе отырып жапсырып, күннің бейнесін әртүрлі етіп безендірді. Олар өз қиялдарына ерік беріп, жымиған күннің бейнесін жасап, көңілді күннің бет-әлпетін келістірді. Жұмыс барысында тәрбиеленушілер бір-біріне көмектесіп, ұйымшылдық танытты.
Шеберлік сағат балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етті.
Іс-шара соңында балалар дайын жұмыстарын мақтанышпен көрсетіп, мәз-мейрам болды.