16 наурыз күні Солнечный кентіндегі №6 кітапхана-коммуникациялар орталығының қызметкерлері Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамы қарсаңында салт-дәстүр кешін ұйымдастырды. Шараға №28 ЖОМ 2-сынып оқушылары, тұрақты оқырмандар қатысып, мерекелік көңіл-күйге бөленді.
Кеш барысында кітапханашы қатысушыларды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, қазақ халқының ғасырлар қойнауынан жеткен бай салт-дәстүрі жайында әңгіме өрбітіп, әсіресе «Тұсау кесу» дәстүріне кеңінен тоқталды.
Ауылдың ардақты анасы, қолөнер шебері Гүлжан апа ортаға шығып, тұсау кесу рәсімін жасап, оның тәрбиелік мәні мен маңызын түсіндірді.
Шара одан әрі оқушылардың Наурызға арналған жыр шумақтарын тебірене оқуымен, сұрақтарға белсене жауап беруімен жалғасын тапты. Сонымен қатар, оқушылар ұлттық рухты жаңғыртқан «Арқан тарту», «Асық ату» секілді ұлттық ойындарға ерекше ықыласпен қатысып, шат-шадыман көңіл күйде уақыт өткізді.
Осылайша, ұлттық құндылықтарды дәріптеп, жас ұрпақтың бойына салт-дәстүрге деген құрмет пен сүйіспеншілікті ұялатқан кеш өз мәресіне жетті.