Солнечный кентіндегі №6 кітапхана-коммуникациялар орталығының қызметкерлері «Халықаралық энергияны үнемдеу» тақырыбында әңгіме өрбітті.
Шараға «Бірлік» клубының мүшелері мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысты.
Кітапханашы 2008 жылы «Ресурстар мен энергияны пайдалану жөніндегі мектеп жобасы» (SPARE) экологиялық желісінің бастамасымен 11 қараша – Халықаралық энергия үнемдеу күні атауымен күнтізбеге енгізілгенін айтып, бұл мерекенің шығу тарихына қысқаша тоқталды. Кітапхананың тұрақты оқырманы Зулфия Ибрагимова сөз алып, энергияны үнемдеудің адам өмірі мен қоршаған ортаға тигізетін игі әсері жайында өз пікірін ортаға салды. Сондай-ақ, қатысушылар энергияны тиімді пайдалану, қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті арттыру мәселелерін талқылады. Шара соңында қатысушылар шараға арнайы жасақталған кітап көрмені тамашалап, жалпы экология тақырыбындағы әдебиеттермен танысты.