Орталық қалалық кітапханада Аналар күніне орай «Батыр ана» тақырыбында кездесу болып өтті.
Іс-шараға «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған алтын құрсақты аналар шақырылды.
Іс-шараның мақсаты - ананың отбасындағы және қоғамдағы рөлін, қадір-қасиетін дәріптеу, жастардың бойына анаға деген құрмет пен сүйіспеншілікті сіңіру. Кездесу барысында аналардың отбасындағы рөлі, көпбалалы ана болудың маңызы жайында сөз қозғалып, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегері атанған алтын құрсақты аналармен сұхбат жүргізілді. Одан әрі шара қатысушылары отбасындағы құндылықтар жайлы сөз қозғап, пікір алмасты. Сондай-ақ Сағымбек Қайсар ақын М. Мақатаевтың «Шеше, сен бақыттысың» өлеңін мәнерлеп оқыса, «Асыл әжелер» ансамблінің орындауында «Гәкку», «Ертіс вальсі», «Айналдым елім» әндері шырқалып, жиылған жұртқа тамаша көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған кітап көрмеде қазақ әдебиетіндегі ана бейнесі арқау етілген шығармалар, сондай-ақ ананың мейірімі мен даналығын сипаттайтын туындылар ұсынылды.
Шара соңында қатысушыларға алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.