Солнечный кентіндегі №6 кітапхана-коммуникациялар орталығында Ұлттық кітап күні мерекесіне орай «Оқитын адам – табысты адам» атты әдеби подиум шарасы болып өтті. Іс-шара «Қайнар» шығармашылық орталығының «Білгірлер» мектепалды даярлық тобының жас балаларының қатысуымен ерекше атмосферада өтті.
Шара барысында кітапханашы жас оқырмандарға кітаптың адам өміріндегі рөлі жайлы қысқаша таныстырылым жасап, кітап оқудың қызығы мен пайдасын тілге тиек етті. Одан әрі кішкентай қатысушылар сұрақ-жауап ойындарына белсене қатысып, жасырылған жұмбақтардың шешімін тапты. Сондай-ақ қатысушылар кітап көрмеге қойылған көздің жауын алар түрлі-түсті кітаптарды алып парақтап қызықтады.
Әдеби подиум шарасы балалар үшін нағыз рухани мерекеге айналып, оларға ұмытылмас әсер сыйлады.