Орталық қалалық кітапханада Ұлттық кітап күніне және Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай «Абайдың қара сөздері – асыл қазына» атты оқырман конференциясы болып өтті.
Бұл шараға №26 гимназия-мектебінің 9-сынып оқушылары қатысты.
Шараның мақсаты – ұлы ақын, кемеңгер ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттау, оның қара сөздеріндегі терең философиялық ой мен өмірлік даналықты оқырмандарға кеңінен таныстыру.
Әдеби шара барысында кітапханашы А.К. Сүлейменова ұлы ойшылдың қара сөздерінің маңыздылығы туралы баяндама жасаса, кітапханашы Н.Е. Байгаширова ақынның «Қара сөздерінің» шығу тарихына тоқталып, оның баспа бетінде алғаш қашан және қайда басылғаны туралы әңгімелеп берді. Одан әрі №26 гимназия-мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Ж.Т. Сағынтаева жалпы қара сөздің мағынасына, тәрбиелік құндылығына тоқталып өтті. Оқушылар Абайдың еңбек, адамгершілік, ар-ұят туралы жазылған қара сөздеріне тоқталып, оларды бүге-шүгесіне дейін талдап, кесімді пікірлер айтты. Сондай-ақ, кітапханашы Б.А. Калимова күн тақырыбына сай жасақталған «Абай және теңдессіз мұра» кітап көрмемен таныстырып, көрмеге шолу жүргізді.
Шара соңында кітапханашылар Абайдың тіршілік түйткілдерін дәл болжай білген құнды мұрасы өмірлік сабақ екенін айтып, оқуға шақырды. Осы шара арқылы ойшылдың сөзімен рухани байып, оқушылар таным көкжиегін кеңейтті деген үміттеміз.