«Кешкі кітапхана» жобасы аясында №3 кітапхана - коммуникациялар орталығында Халықаралық жастар күніне орай «Сенің қолыңнан бәрі келеді» тақырыбында психосоматолог-практик Жүсіпова Айтжамал Қайыржанқызымен мотивациялық кездесу кеші болып өтті.
Іс-шара «Сен ойлаған армандарыңа жете аласың!», «Алға қадам басып, ештеңені ойлама!» сынды ұранды сөздермен бастау алып, қатысушылармен танысу сәтімен жалғасты. Одан әрі сөз кезегі арнайы шақырылған психосоматолог-практик Айтжамал Қайыржанқызына берілді. Айтжамал Қайыржанқызы түсіндірме жұмысын жүргізіп, өмірлік дағдыларға бейімделу, психологиялық сауаттылықты арттыру, армандау, жақсы өмір сүру, алға қадам басу жайында әңгімелеп, қатысушылардың ой-пікірлерін тыңдады. Қатысушылар арасында профилактикалық жұмыстар, тренинг жаттығулары жүргізіліп, мотивациялық ойындар ойнатылды.
Шараға қатысушылар кездесуден ерекше әсер алып, берілген ақыл-кеңестерге қанығып қайтты.