№3 кітапхана-коммуникациялар орталығында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, майталман қаламгер Сайлау Байбосынның «Ажалын жоғалтқан адам» романын талқылау кеші болып өтті.
Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, майталман қаламгер Сайлау Байбосын, жерлес ақын, жазушы, қоғам белсендісі Жұмағали Қоғабай, аудармашы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Мұсабаева Рауза Молдайыпқызы, ақын Алпысбай Хонж, Айбек Оралхан және кітапхана оқырмандары қатысты.
Шара барысында кітапханашы жазушының өмірбаяны мен шығармашылығы жайлы мәлімет беріп өтті. Қаламгер С.Байбосын сөз кезегін алып романның шығу тарихы мен протиптеріне тоқталды. Одан әрі қатысушылар романнан алған әсерлерімен бөлісіп, толымды ойлар толғады. Жас ақындар А. Хонж мен А. Оралхан романның өзекті тақырыбына тоқталса, жергілікті ақын аудармашы Р. Молдайып романның әлеуметтік жағдайына көңіл аударып, бас кейіпкер Құралайдың образына сүйініп автордың шеберлігін айта кетті. Жерлес ақын Жұмағали Қоғабай аталмыш романның сәтті шыққанына тоқталып, авторға шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, кітапхана оқырманы А.Мергенбаев романдағы 1980-1990 жылдардың тоқырау кезін суреттеп, туындының тәрбиелік мәні зор екенін тілге тиек етті.
Шара соңында шараға жиылған қауым қаламгерге ізгі тілектерін білдіріп, осы роман желісінде көркем фильм түсіруді ұсынды. Павлодар өңірінің зиялы қауымы ой толғаған тәрбиелік мәні зор, тағылымы мол рухани кеш болды.