Орталық қалалық кітапхана қабырғасында Кеңес әскерлерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 35 жыл толуына орай «Ауғанстан – жазылмайтын жара» тақырыбында Ауған соғысының ардагерлерімен кездесу болып өтті.
Бұл шараға «Замандас» ардагерлер клубының мүшелері, Достық үйінің этномәдени бірлестіктерінің өкілдері және колледж студенттері шақырылды. Шара Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алумен бастау алды. Жүргізуші Ауғанстанда қаза тапқан жерлестеріміз Зейнулла Шәріпбаев, соғыс туралы жинақтары жарық көрген Александр Козаков, Кеңес Одағының Батыры Николай Кременише туралы баяндап өтті. Жүргізушінің әңгімесі жерлестер туралы бейнефильммен сүйемелденді.
Одан әрі кештің құрметті қонақтары өмірінің өлшеулі бір бөлігін, жалындаған жастық шағының жартысын оқ пен от арасында өткізіп, елге аман-сау оралып, туған жерімен қауышқан Ауған соғысының ардагерлері Әбдірашимов Мұстафа Николаевич, Байбешов Нұрмахан Мирзабайұлы, Жоланов Әлімбай Дауылбайұлы, Құлтанов Берік Егінбайұлы, Лаков Асқар Мақпекұлы, Мешітбаев Қабділқайыр Қамшыбайұлы, Рсаев Жеңіс Сәкенұлы, Сегізбаев Әлішер Сматұлы қиындығы мен қасіреті мол Ауған соғысы кезіндегі әскери қызметтері, бастарына түскен сынақтары, ерліктері туралы, олардың әрқайсы интернационалдық борыштарын қаншалықты адал орындап шыққаны жайлы баяндап берді. Сондай-ақ ардагерлер өскелең ұрпаққа үндеу жасады.
Экранда Ауғанстандағы Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің соғыс қимылдары, жерлес батырлар туралы бейнефильм, Екібастұз қаласында тұратын еліне аман-есен оралған 144 ардагердің тізімі көрсетілді. Іс-шара Андрей Кириченко мен Евгений Тучиннің «Дежавю» дуэтінің орындауындағы «Афганская». «Капитан», «Говорили долго» өлеңдері кештің сәнін келтірді. «Полония», «Братство» этномәдени өкілдері Ауғанстан туралы әндерін тарту етті.
Тақырыпқа сай жасақталған кітап көрмеге шолу жасалды. Іс-шара «Атамекен» әнін орындаумен өз мәресіне жетті.