Қазақстан жазушылар одағы басқармасының ұсынысымен Мемлекет басшысы 10 тамызды, яғни, ұлы Абай Құнанбайұлының туған кұнін «Абай күні» деп белгілеген еді.
Осылайша, 10 тамыз Абай күні болып мерекелер күнтізбесіне енгізілді. Бүл күн жыл сайын халықтық мейрам ретінде аталып өтілетін болды. Абай күні - қазақтың ізгілік пен өркениет өріне басқан тағы да бір үлкен қадамы! Осы айтулы күнге орай «Атамүра» мәдениет орталығында «Абай - дана, Абай - дара қазақта» атты әдеби-шығармашылық жыр кеші өтті.
Шарада өңіріміздің талантты жастары Абайдың өлеңдерін мәнерлеп оқып қана қоймай, үлы ақынға арнаған өз өлеңдерін де паш етті. Мәдени шарада Қоянды ауылдық клубы «Шабыт» шығармашылық үйірмесінің шәкірттері Ержанат Ерболат пен Сүлтанәли Ерболат ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба», «Білімдіден шыққан сөз» өлеңдерін оқып, көрермен ықыласына бөленді. Сымбат Жәкішева қобызбен Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқас» әнің тамылжыта айтса, Болатбек Шаланов «Өлсем орным қара жер сыз болмай ма?» әнін көрерменге ұсынды. Шарада «Кәусар» әжелер ансамблі және «Замандас» қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі Батима Камалиденова өнер көрсетті.
Абайдың рухына тағзым ету — оның қағидатын ұстану, аманатына адал болу. Мәдени шарада көрермендер үшін кітап көрмесі де дайындалды. Онда ақынның шығармалары жазылған әдебиеттер, сондай-ақ, Абайдың атақты суретшілер салған портреттері бар кітаптар ұсынылды. Орталық қалалық кітапхана қызметкері Айнамкөз Рахымжанова ақынның өмірбаянын айтып, оның шығармаларына шолу жасады. Бала Абайдан дана Абайға дейінгі өмірлік кезеңдерінің айтулы жарқын сәттері мен биік белестері туралы ақпараттар берілді. Кітап көрмесіне қоса, оған жасалған шолудан соң оқырмандар алған әсерлерін бөлісті.
— Ақынның өз заманында жазған еңбектері бүгінгі қоғам үшін де өзектілігі мен құндылығын жоғалтпай отыр. Абай мұрасы — қазақтың ең қасиетті, теңдесі жоқ алтын қазынасы. Заман ауысып, уақыт өткен сайын халқымыз ғұлама ақынның рухани дүниесіне терең бойлап, оның ұлылығының тың қырларын ашып, жаңа сырларын көріп жүр. Бұл күн біз үшін әрқашан қасиетті болуы керек, өйткені бұл — ұлы поэзия күні. Келешек ұрпақ өз дүниетанымын Абай жырынан, Абай ілімінен табады. «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» деген ақын аманаты әр адамның жүрегіне ой салып келеді, — деді кітапханашы Айнамкөз Исенғалиқызы.
Кеш соңында қонақтар Абай туралы әңгімелеп, қара сөздері мен өлеңдерін жарыса оқыды.