Наурызнаманың онкүндігінде өңірімізде ұлттық киімдерімізді насихаттауға бағытталған түрлі іс-шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі — 18 наурыз күні Екібастұз қаласы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің үйымдастыруымен өткен «Үкілі кәмшат» шарасы.
Әр ұлтты ерекшелендіретін — дәстүрлі құндылықтары. Ұлттық киімдер күніне арналған бұл күн әрқайсымыз ата-бабаларымызды және ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан әдет-ғұрыптарды еске алатын ерекше сәттерге айналды. Әрі халқымыздың рухын бейнелейтін дизайнның әсемдігі мен талғампаздығынан шабыт алу үшін көрнекі сурет арқылы дәстүрлердің байлығына таңданатын уақыт.
Шараға «Кәусар» әжелер ансамблінің мүшелері, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Жас маман Әминат Умарованың «Қазақтың қызы әдемі» әнінен кейін №25 қазақ қыздар гимназиясының мұғалімі Меңтай Көбешова бас болып, ұлттық киімді ұлықтаған оқушылар сахна төріне қазақи нақышта киініп шығып, көптің ықыласына бөленді. Оқушылардың ұлттық киімдері бір-бірінен матасы мен тігісі, безендірілуі жағынан ерекшеленді.
Осы орайда, «Кәусар» әжелер ансамблінің жетекшісі Қазына Алпысбаева өз қолынан шыққан қолөнер бұйымдарымен таныстырып, ұлттық киім киюдің өзектілігі мен қоғамдағы маңыздылығы туралы баяндады. Атап айтсақ, жалтылдаған тастармен безендірілген әшекейлер, білезіктер, көздің жауын алатын салпыншақ сырғалар және әйелдерге арналған бас киімдер, сәукеле және т.т.
«Ұлттық киім киюді насихаттау қазіргі қоғамда, қаламызда белсенді жүргізіліп келеді. Ұжымдарда, әлеуметтік мекемелерде белгілі бір күндері ұлттық киім кию үрдісі — дұрыс тәжірибе. Біздің ұлттық киіміміз, шын мәнінде, әр түрлі элементтерге өте бай, бұл үлкен қызығушылық тудырады. Тарихымыздың тамыры тереңде, ұлтымыздың бейнесін қазіргі таңда танымал етіп, оны келер ұрпаққа қалдыру — біздің басты міндетіміз», — деді Қазына Алпысбаева.
Рухани құндылыққа толы шара соңында орталық қалалық кітапхананың қызметкері Нұргүл Байгаширова қазақ халқының салт-дәстүрлері мен өю-өрнектері, ұлттық бас киімдер, зергерлік бұйымдар туралы кітаптардан көрме дайындап, шараға белсене қатысқан оқушылар мен көрермендерге таныстырды.