Қалалық орталықтандырылған кітапханада мемлекеттік қызмет және көмір өнеркәсібінің ардагері Құрманғали Дауылбаевтың «Өмір мектебі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Шараға зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар кеңесінің мүшелері, кітапханашылар қатысты.
Құрманғали ағаның аталмыш кітабы — автобиографиялық еңбек. Автордың балалық, жастық шақтарынан бастап өмір баспалдақтарын сипаттайтын кітаптың негізгі насихаттайтын идеясы — адал еңбек, адамгершілік, достық ұғымдары. Кітап Екібастүз өңіріндегі кеніштерде тер төккен еңбек адамдары мен ауылдардағы тұрмыс-тіршілік жайлы да деректерді қамтыған. Бір еңбек адамының өнегелі ғұмырнамасын арқау еткен ықшам еңбектің кісілік құндылықтарды дәріптеудегі маңызы зор. Құрманғали Дауылбаев кітабына шабытты шақтарда өрген шумақтарын да енгізіпті. Солардың ішінде өзінің құрдасы — Социалистік Еңбек Ері Бөкен Қызғаринге жазған арнауы бар.
Тұсаукесер рәсімде автордың замандастары — Бөкен Қызғарин, Амангелді Балабеков, Қабдылуахит Ибраев, Д. Жұматов кітап жайлы пікірлерін білдіріп, басқосуды әнмен әрледі. Бір адамның ғұмыр баянын сипаттайтын кітапты оқыған адам бас кейіпкердің өмірдің сан тарау жолындағы, еңбек баспалдақтарындағы қиын кезеңдерде кісілік қасиетін жоғалтпай, қарттыққа салиқалы бейнеде жеткенін ұғар еді. Сонымен қатар, автор жолында кезігіп, өзінің тұлға болып қалыптасуына үн қосқан әр адамды ұмытпай атап, алғыс айта білуімен ерекшеленген. Бір сөзбен айтқанда, бұл кітапты қарапайымдылық пен адалдықтың айнасы деуге болады.