Орталықтандырылған кітапханада өткен «Кешкі кітапхана» жобасына Екібастұз КВН филиалының директоры, «Біз қазақпыз» жайдарман тобының капитаны Ардақ Алдабергенов қатысты.
- Ағымдағы жылы басталған жобаның мақсаты өңіріміздегі жастарды кітапханаға тарту және олардың бос уақытын қамтамасыз ету болып табылады. Кешкі кітапхана әр аптаның бейсенбі күндері өтеді. Оң нәтиже беруде, байқағанымыз -жоғары сынып оқушылары мен студенттердің қызығушылығы арта түсуде, - дейді орталық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Сәния Қасқырбаева.
- «Жайдарманды» үлкен мек-теп, үлкен университет, үлкен академия деп айтсақ та болады. Бұл - жас командаларға арналған жоба. 2012 жылдан бастап «Жайдарманға» қатыстым, ал 2016 жылы Семей қаласынан көшіп келдім. Мұндағы бірден-бір мақсат жайдарман тобын құру болатын. Себебі облыстан да жайдарман ойындарының телевизиялық лигасында өнер көрсететін топтар болмады. Содан соң команда жинап, жаңа құраммен өнер көрсете бастадық, - дейді Ардақ Алдабергенов.
«Біз қазақпыз» жайдарман тобы 2018 жылғы бірінші лигада 3-орын иеленген. 2019 жылы Премьер лига сайыстарында, 2020 жылы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілген Жоғары лига ойындарына қатысқан.
- Елімізде дарынды жастар көп. Әзіл-қалжың өнері қазаққа жат емес. Ютубта түрлі жайдарман ойындары мен әзілдер өте көп. Әзіл әлемінде өз жолын бастайтындарға айтарым, басты талап сценарий жазу емес, сахна мәдениеті болуы керек. Жақында «Өнер» қалалық мәдениет сарайында әзіл үйірмесін ашамын, қазір сол бағытта жоспарлар құрылуда. Онда барлық тәжірибемді бөлісемін, - деді Екібастұз КВН филиалының директоры Ардақ Ержанұлы.
Үйірмеде қаламыздың аты-нан жайдарман ойындарына қатысатын 2 топ құрылады екен. Оның бірі - мектеп оқушыларының, екіншісі студент жастардың командасы болады. Жақын арада арнайы кастинг жарияланып, команда мүшелері іріктеліп алынады.