Қалалық орталықтандырылған кітапханада «Екібастұз дауысы - ақпараттық орталығы» ЖШС-іне қарасты басылымдар - «Отарқа» және «Голос Экибастуза» газеттерінің редакторлары өз оқырмандарымен кездесті. Бұл кездесуді 2021 жылға баспасөзге жазылу науқанының тұсаукесері десек те болады.
... Бүгінгі таңда жұрттың бәрі әлеуметтік желі соңында кетті деуге болмайды. Тасқа басылатын салмақты сөздің есті оқырманы жоғалған жоқ. Солардың бірі - тіл жанашыры Ардақ Жұмағалиева - қалалық кітапхана қызметкері. «Газет оқырмандарын қайтсек көбейтеміз?» деген сұраққа Ардақ Орынбайқызы: - Оқуға жеңіл әңгімелер беріп тұрсаңыздар, жақсы болар еді, - деген ұсынысын айтты. Ардақ Орынбайқызы, сонымен қатар, 2000 жылға дейін «Отарқада» белгілі тұлғаларға арналған мерейтойлық нөмірлер жарық көргенін айтып, сол үрдіс жалғасса деген тілегін білдірді.
Айта кетерлігі, қалалық орталықтандырылған кітапхана - жергілікті газеттердің басты насихатшысы. Кітапхананың сайтында апта сайын «Отарқа», «Голос Экибастуза» газеттерінің жаңа сандары беріліп оты-рады. Бұл - Екібастұз жаңалықтарын іздеген алыстағы оқырман үшін жақсы мүмкіндік. Осы жайлы сөз қозғаған кітапхана қызметкері Евгения Щебетун: - Дегенмен газеттің өзін ұстап, көзбен көргенге не жетсін! - деді.
Кездесуге қатысқан Дүйсенбай Байпақпаев атты зейнеткер пошта жұмысының нашарлығын атап өтті. Газет үйді-үйге жөндеп жеткізілмейді деген пікірдегі оқырманның әр шағын аудандағы пошта бөлімшелері газеттің бөлшек саудасын да дөңгелетсе деген ұсынысы бар.
Ал ардагер кітапханашы Бақытжан Қуанышева «Голос Экибастуза» газетінде қазақ тілін үйретуге бағытталған жарияланымдар болса дейді. «Отарқа» газетіндегі құнды материалдар орысшаға аударылып, әріптес басылымда жарияланып тұрса, орыстілді тұрғындардың рухани әлеміне ықпал етер еді», - дейді Бақытжан Әбдікәрімқызы.
Бақытжан Әбдікәрімқызының журналистер тұрғындар шағымы бойынша шұғыл рейдтерге шығып тұрса деген ұсынысы да көңілге қонымды. - Бірде ауламызда бұталарды санитарлық мақсатта кесу жұмысы жүргізілді. Жұмыс сапасыз орындалды. Бұталарды қалай болса солай шашып кеткен, кейбір жерлері салбырап қалып қойды. Осыны кімге айтарымды білмедім! Тұрғындар қоңырау шалғанда, журналистер осын-дай олқылықтарды назарға алса, жақсы болар еді! - деді ол. Кітапханадағы бейсенбілік кездесу апта сайын жалғасып тұрмақ. Бірақ бұдан былай оқырман қауым ұсыныспен ғана шектелмей, газетке жазылым түбіртегін алуға сайланып келгені абзал.