• Читать @cbsekibas
  • Instagram

Екібастұз ОКЖ

Павлодар облысы Екібастұз қаласының орталықтандырылған кітапханалар жүйесі

На русском

  • Негізгі
  • Кітапхана жүйесі
    • Жаңалықтар
    • Мақалалар
    • Кітапханалар
    • Қызметкер құрамы
    • Кәсіподақ комитеті
    • Галерея
    • Бейне және аудио
  • Қызмет
    • Өлкетану
    • Баспа қызметі
    • Мәңгілік полк
    • Ынталандыру клубтары
    • Кешенді мақсатты бағдарламалар
    • Әріптестік
  • Ресурстар
    • Жаңа түсімдер
    • Кітаптар
    • Журналдар
    • Газеттер
    • Мультимедиа
    • Авторлар
    • Баспалар
    • Рецензиялар
    • Пайдалы сілтемелер
  • Online арқылы кітапты ұзарту
  • Кері байланыс
  • Электрондық каталог
  • Экран дикторы



  • Кітапхана жүйесі
  •  → 
  • Мақалалар

Мақалалар

Тоқсанның төріндегі ауылым

29.10.2020 03:35

Тоқсанның төріндегі ауылым


Твитнуть
Поделиться
Плюсануть
Поделиться
Класснуть
Отправить

Бірлігі бекем, тірлігі тындырымды Төртүй ауылы үшін өткен жыл ерекше болды. Ауылдың құрылғанына 90 жыл толып, дүбірлі той өтті. Дүбірлі тойдың жалғасы болып таяуда «Тоқсанның төріндегі ауылым» атты кітап жарық көрді. Іргетасы сонау 1929 жылы қаланған «Екібастұз» совхозының кешегісі мен бүгінінен сыр шерткен кітапқа жас ақын Ерболат Әміренов редакторлық етті.

Естеліктер мен деректер негізінде жазылған бұл кітап совхозды құрған, әрі қарай дамытқан, әр кезеңде әлеуметтік-экономикалық дамуына атсалысқан ауыл азаматтары жайлы ой толғайды. Қалың оқырманға 300 данамен жол тартқан кітаптың тұсауы өткен аптада қалалық орталықтандырылған кітапханада кесілді. Мәдени шараға қалалық мәслихат хатшысы Болат Құспеков қатысты. Отырысты белгілі шешен Серік Заңов жүргізіп, кітаптың лентасын елағалары Сағынтай Әйтімов пен Зарлық Саржанов қиды. Жиналғандарға Жарылғапберді Жылқыбаев бата берді.

Кітап бетін парақтасақ...

Кітаптың алғашқы «Ел мен жер шежіресі» атты тарауына қасиетті өлке - Ақкөл-Жайылманың тереңге кеткен тарихы арқау болған. Автор сөзінен аздыкем үзінді келтірсек. «Шідерті өзенінің бойында орналасқан ерте темір дәуіріне (сақ кезеңіне) жататын ескерткіштерді ХХ ғасырдың 50-ші жылдарында зерттеген атақты археолог Мир Қадырбаев еді. Тари-хи әдебиетте шартты түрде «мұртты қорғандар» деп аталатын осы дәуірдің ескерткіштерін М.Қадырбаев Төртүй ауылының маңынан тауып, «Тасмола мәдениеті» деп атаған». Кітапта «Тасмола мәдениетін» одан әрі ғылыми негізде жас ғалым, археолог Айбар Қасенәлі өзінің «Туған өлке тарихының бір парасы» атты жазбасында ғылыми тұрғыда нақты деректермен толықтыра түсіпті.

Ал кітаптың негізгі тақырыбына арқау болған «Екібастұз» совхозы - Төртүй ауылының тарихына ойыссақ, совхоз Кеңес Одағы құрылғанан кейін Ақкөл - Жайылма өңірінде пайда болған алғашқы шаруашылық екен. «Екібастұз» совхозы Павлодар облысынан бұрын еңсесін тіктеген елді мекен. 1929 жылы Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының бұйрығымен совхоз іргетасы қаланады. Алайда совхоздың алғашқы басшысы туралы еш мәлімет болмағандықтан кітапта дерек келтірілмеген. Автор тек ауыл қариясы Сағынтай Әйтімовтің дерегіне сүйеніп, бірінші директор В.И.Масленков болғандығын жазады. Айтпақшы, бұл деректің шындыққа келетінін ел ағасы Зарлық Саржанов ұсынған фотосурет дәлелдей түседі. 1933 жылы түсірілген бұл суретте Масленков бар екен. Одан кейінгі директорлар туралы мәліметтер мемлекеттік мұрағаттардан табылыпты. Мәселен, 1931-1933 жылдар аралығында директор болған Омар Рыспаев, одан кейін 1933-1940 жылдар ішінде Романовский, 1933 -1935 жылдарда И.Какенов пен Садыковтың да басқарғандығы туралы деректер кездеседі.

Автор Ерболат Әміренов мұрағаттан табылған құнды деректердің төте жазудан латын қарпіне, одан соң кирил қарпіне көшірілгендігін айтады. «Құжаттардың көбі орыс тілінде жазылғанымен, арасынан төте жазу және латын қарпімен қазақ тілінде жазылған құжаттар да кездесті. Тіпті мұрағатшылар қазақ тілінде жазылған іс-қағаздарды бөлек тігіп қойған», - дейді. Мұрағат құжаттарын парақтаған Ерболат Теңдікұлы 1935 жылдың 1 қаңтарына сәйкес совхозда «ГАЗ-А» және «НАЗ-А» маркалы 3 жеңіл машина, «СТЗ» және «ХТЗ 15/30» маркалы 4 трактор, «АМО-15», 3 тонналы «Зис Б» жүк автокөліктері, 1,5 тонналы «ФОРД АА» импортты автокөлігі болғандығын алға тартады. Сонымен бірге, «Екібастұз» совхозы құрылғаннан кейін 1930 жылдан 1936 жылға дейін Бүкілодақтық мемлекеттік бірлестігі Павлодар мал шаруашылығы тресіне қараған. 1936 жылдан 1938 жылдың 8 маусымына дейін Шығыс Қазақстан мал шаруашылығы тресінің құрамында болса, 1938 жылы Павлодар облысы құрылғаннан кейін совхоз Павлодар облысы, Куйбышев ауданына қарапты. 1963 жылы Куйбышев ауданы Краснокутск ауданы болып өзгертілуіне байланысты, осы жылдан бастап 1972 жылға дейін сол аудан құрамында болды. 1972 жылдың 10 наурызында Екібастұз ауданы ашылды. Сол жылдан совхоз Екібастұз ауданы құрамына енеді. Бұл та-рихты біреу білсе, біреу білмес.

«Екібастұз» совхозы да еліміздегі өзге елді мекендер секілді аштықты да, соғысты да бастан өткерген. Шабындық және егістік жерді қайта бөлу, тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру саясатын көрген. Солақай саясат салдарынан совхоздың егістік көлемі күрт азайып кетеді. Мал шаруашылығы терең күйзеліске ұшырайды.

Мұрағат құжаттарында жазылғанындай: 1932 жылдың желтоқсанынан 1933 жылдың сәуір айына дейін жұмыскерлердің еңбек ақысы бидай және жармамен төленіп отырған. 1932 жылдың қараша айында Павлодар мал шаруашылығы тресіне жолданған хатта совхоз тұрғындарының саны 603 болғаны жазылған. Совхоз өмірі соғыс жылдарында да тоқтамаған. Жауынгерлер майданда қанын төксе, совхозда еңбеккерлер терін төгіп еңбек еткен. Соғысқа аттанып, елге оралмағандардың да, елге оралып, еңбек еткендердің де аты-жөндері берілген.

Тарих тамыры тереңге енген бұл өңірде Алтын орда заманына, сонымен қатар, ноғайлы кезеңіне жататын қисса-жырларды жатқа айтатын ақсақалдар да көп болған. Біздің білетініміз - Қаражар ауылында тұрған, зеректігі елден ерек Кәкен ата Тәшімұлы. Автор «Ата мұрасын сақтаушылар» атты тақырыпшасында кемел ойлы, кең пейілді Қорғанбай шешен, Өндірей би, ел басқарған Шабан Дәненұлы, Ізбасты Мұсаұлы және т.т. өмір жолына тоқталыпты.

Кітаптағы тағы бір ерекше дүние - Өлеңті-Шідертінің табиғи аймағы. Кітап жазу барысында автор биология ғылымдарының кандидаты, ПМУ профессоры, Экологиялық академияның корреспондент-мүшесі, ҚР Журналистер одағы мен Ауыл шаруашылығы министрлігі сыйлығының лауреаты Бахриден Төлеубаевтың «Өңірдің экологиялық және тұрақты даму мәселелері» (Ақкөл-Жайылма аймағының негізінде) кітабына сүйеніп, өсімдіктер әлемінен деректер келтіріпті. Жалпы, алдағы уақытта Өлеңті-Шідерті табиғи аймағы негізінде ғылыми жұмыс жүргізіліп, өңірдегі жануарлар мен өсімдіктердің түр-түрін жіктеп жазатын зерттеуші шықса, қаншама кітапқа жүк болар дүние баршылық. « Өлеңті - Шідерті табиғи аймағының» өсімдіктер әлемінде 77 тұқымдастың ішінде он алтысының бірнеше ондаған түрлерді біріктірілген. Талдай айтар болсақ, күрделі гүл тұқымдасына жататын өсімдіктердің 154 түрі, қоңыр-басқоңыроттылар - 67 түрлі, бұршақтылар - 50 түрлі, ала-бота тұқымдасы - 48 түрлі, ал қырық-қабатты тұқымдас өкілдерінен - 41 түрлі шөптер қамтылады екен.

Ауыл - қазақтың алтын бесігі, күре тамыры

Ауыл - бізге дейінгі сан толқын ұрпақтың кіндік қаны тамған киелі мекен. «Ел ерімен мақтанады» демекші, кітапта ерен еңбегімен есімі Қазақ КСР-нің «Құрмет кітабына» алтын әріптермен жазылған Социалистік Еңбек Ері, «Ленин» орденінің иегері, КПСС ХХІІІ съезінің делегаты, жылқышы Қали Қаленов, «Еңбек қызыл ту» орденінің екі мәрте иегері, шопан Сайлау Осибаев, «Октябрь революциясы», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, механизатор Мәжит Төлеуов және «Октябрь революциясы», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, шопан Мәрзия Шапатова «Еңбек қызыл ту», «Құрмет белгісі» ордендерінің иегері, шопан Алексей Кицуль сынды совхоз мақтаныштарының есімдері тізбектелген. Сонымен қатар, түрлі салада жетістіктерге жеткен ҚР еңбегі сіңген дәрігер Гариб Аршакян, ҚР еңбегі сіңген экономист Байболат Әубәкіров, ҚР еңбегі сіңген мұғалім Дәмеш Төлеубаева, ҚР еңбегі сіңген агроном, «Еңбек Қызыл ту» орденінің екі мәрте иегері болған Құсайын Омаров, ҚР еңбегі сіңген ауыл шаруашылық қызметкері Бекен Супеков, ҚР ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген механизатор Құмат Тұрсынов және ҚР еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері Кондрат Редхердің де есімдерін кітап бетінен көруге болады. «Оқу-ағарту ісінің үздігі» төсбелгісін иеленген ұлағатты ұстаз бұл ауылда - 17, ауған соғысының ардагері - 6, Венгрия соғысына қатысқан 2 жа-уынгер және бүгінгі күнге дейін жарқ етіп шыққан 17 ғалым-өнер адамдары ауыл тарихының көмбесі, ел мақтаныштары.

Ел мен жердің тарихынан сыр шерткен кітапта елде туып, қызмет еткен, ауылдың өркендеуі жолында аянбай тер төккен ауыл тұрғындарының өмір жолдары мен еңбек еткен қызметтері жазылған. Сонымен бірге, ауылдың 90 жылдығына орай жазылған баспасөз бетіндегі мақалалар да қамтылыпты. Ауыл халқының татулық-бірлігі, жүріп өткен жолы, жарқын келешек үшін төккен маңдай тері - жас ұрпаққа қашанда өнеге. Кітаптың жастардың бойында отансүйгіштік сезімді нығайтып, өткенге құрметпен қарауды, еңбекті қадірлеуді үйрететін дүние екені сөзсіз. Алдағы уақытта Ақкөл-Жайылма өңірі туралы зерттеу жұмыстары жазылып жатса, көмекші құрал болары анық.

P.S. Айта кетерлігі, кітапханада кітапханашылардың ұйымдастыруымен «Төртүй және төртүйліктер» атты сайт та іске қосылды. Ауылға арналған сайт «Басты бет», «Кітап бетіндегі ауыл», «Мақала бетіндегі ауыл», «Галерея және видео» және «Бізбен байланыс» атты негізгі бес бөлімнен тұрады. Бес бөлім ішінара тарауларға бөлінген. Кез келген оқырман Төртүй жайлы мәліметті іздеу барысында сайттың көмегіне жүгіне алады.

Дерекнама Отарқа
Авторлары Тұрғынбайқызы А.
Кітапхана Орталық қалалық кітапханасы
Количество показов 150

Тізімге оралу


Қатысты мазмұны:


DB query error.
Please try later.