Фарабитанудың атасы Ақжан әл-Машани - еуропалықтар Шығыс Аристотелі деп атайтын дүниежүзілік екінші ұстаз - әл Әбу Насыр Мұхамед әл-Фарабидің Отырардан шыққан Қыпшақ тумасы екендігін алғаш дәлелдеп, он бір ғасырдан соң ұрпағымен қауыштырушы ғана емес, баба мұраларын жан-жақты зерттеп, фарабитанудың көпірін тұрғызушы.
Ақжан Машани Әл-Фарабиді зерттеуге бүкіл ғұмырын арнаған.
Әл-Фараби жайлы алғашқы деректерді Москва, Ленинград кітапханаларынан тапты. Берлин, Лиссабон, Париж, Каир, Мадрид кітапханаларынан мағлұматтарды алу үшін сирек кітаптардан сый-сыяпатын қосып тілек хат жолдаған. Сөйтіп Ақжан Машанидің қолында 1958 - 1960 жылдары әл-Фарабидің он шақты шығармасы және оның еңбегін зерттеушілердің дүниелері жиналды. Осы деректер Қаныш Сәтбаев атына жазылған анықтама өтініште әл-Фараби мұрасын зерт-теу қажеттігінің дәлеліне айналып, Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті Қ. Сәтбаевтан «орындалсын» деген бұрыштама алды.
2005 жылдан бастап ҚР Мәдениет, ақпарат және спорт министрлігі Ақпарат және мұрағат комитетінің мемлекеттік бағдарламасы бойынша Әл-Машани қаламынан шыққан еңбектер көп томдық болып жарық көруде. Әр томында ұлы бабамызға арналған «Әл-Фараби мұрасын зерттеу туралы», «Шығыстың Аристотелі», «Әл-Фараби еңбектерін қазақ тіліне аудару туралы», «Әл-Фараби», «Орта Азия мен Қазақстанның ұлы ғалымдары», «Әл-Фараби және Абай» және «Әл Фараби көпірі» және басқа да еңбектері енгізілген көп томдықтар кітапханамыздың кітап қорында сақтаулы.