Екібастұз руханиятының бір бұрышы опырайып, ортамыздан халық ісмері - Зылиха апа кетті.
Наурыз мейрамында өзі тіккен әсем ою-өрнектің ортасында аппақ болып отыратын ақ апа, кез келген көрменің көркі, сонымен қатар, қай мерекенің болмасын мәнін шашуымен кіргізіп жіберетін қимас жан еді...
Кезінде Зылиха апаның үйінің іші музейден кем емес-тін. Сән-салтанаты келісіп сұхбат беріп отыратын сәті мәңгіліктей көрінетін. Апамыз не істесе де жанынан табылып, жасыл «Жигулиімен» тұскиіздер мен қоржындарды тасудан бір жалықпаған жары - Қуандық аға кеткенде апамыздың шөгіп қалғаны бірден байқалды.
Былтыр Зылиха апа мені кездесуге шақырды. Ескерткішке камзол, өрнекті қос жастық, құрақ көрпенің оюлы тысы және қоржын берді. Сол жолы көргенімде үйі де бұрынғыдай емес, тұскиіздер жоқ екен. Қабырғадағы екі тұскиізден басқа ештеңе қалмаған...
- Үйдегі барлық затты Нұр-Сұлтанға жібердім, сатып алды. Кейін бір көрме аша ма, әлде басқа кәдеге жарата ма - өздері біледі», - деген еді апамыз.
... Қазіргі шеберлердің еңбегінен Зылиха апаның бұйымдары өзіндік қолтаңбасымен бөлек. Оның дүниелерінде құстың үні мен гүлдің бояуы, оюларында жастық шақтың сөнбес жалыны мен жігері бардай. Жалпы, оюларында табиғаттың үні бар. Өкініштісі, шебер кезінде қала руханиятына қанша еңбек сіңіргенімен, талай додада шаһар намысын қорғағанымен, кейің қартайған шағында, қоғам оны ұмытты. Ұмытқанда, қолөнер бұйымдарын алып қалуға ешкім ұмтылмады. Сол себепті енді Зылиха шебердің қолынан шыққан бұйымдарды қолға түсіру қиын болар. Тек балаларының қолынан іздеп табармыз...
1997 жылы, Екібастұз тарихи өлкетану музейінің ашылу салтанатында, халық ісмері Зылиха Төлегенова музейге өз туындысын (бітпесті) сыйға тартыпты. Бұдан басқа, музейде шебердің екі бітпесі, шапаны және әбдіресі бар екен.
Шебер жайлы аз-кем сыр шертер болсақ, ол 1938 жылы Төртүй ауылында дүниеге келген. Қолөнермен 1955 жылдан бастап айналыса бастады.
Зылиха апа қазақ халқының ұлттық мейрамдары: ұлыстың ұлы күні - Наурыз, Қымызмұрындықты мерекелеу шараларының бел ортасынан табылды. Қалалық, облыстық, республикалық көрмелердің Зылиха апаның қатысуынсыз өткені кемде-кем.
Зылиха Төлегенова өнер жолындағы жетістіктері үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен, Павлодар облысы, Екібастұз қаласы әкімдерінің диплом және грамоталарымен, «Астанаға - 10 жыл», «Қала алдында сіңірген еңбегі үшін», «Облыс алдында сіңірген еңбегі үшін» медальдарымен марапатталған.
Адам баласының қартаюы- өмір заңы. Жас келген соң қолдың күші, көздің нұры кетеді. Зылиха ісмерді қартаймастай көрдік пе, неге қаламызда оның бір-екі бітпесі ғана қалып барады? Қазақтың қолөнер бұйымын сақтап, дәріптеу әрі-беріден соң музейдің ғана міндеті емес қой! Неге «Атамұрада», қазақ мектептерінде (әсіресе, қазақ қыздар гимназиясында!) Зылиха Төлегенова, Қымбат Сартымбекова, басқа да көзі тірісі бар, өмірден өткені бар, шеберлеріміздің музейі жоқ? Кезінде Зылиха апа мектептердің бірінде үйірме жүргізуші еді, ол мектеп неге шеберді ұмытты? Қазақтың бір-екі мектебінде кабинеттерді Зылиха Төлегенова кабинеті, Қымбат Сартымбекова кабинеті деп атап, сол кісілердің бұйымдарымен безендіріп, неге «Көркем еңбек» пәнін, қолөнер үйірмелерін өткізбеске?!
... Осылайша, шахталы шаһардың шырайы болған Зылиха апа да естелікке айналып кетіп барады. Қош болыңыз, апа! Орныңыз жәннаттан болғай! «Отарқалықтардың» атынан марқұмның балалары мен немере-шөберелеріне, туған-туыстарына көңіл айтамыз.