«Өткенін ұмытқанның - болашағы жоқ» дейді халық даналығы. «Шахтер» саябағында қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған митингіде тоталитарлық режим құрбаны болған арыстарымыз бен Екібастұз өңіріндегі лагерьлер туралы айтылды. Жиынға қатысушылар репрессия құрбандарын еске алып, ескерткішке гүл қойды. 1920-1940 жылдардағы саяси-қоғамдық жағдай күрделі болды. Коллективтендіру кесірінен тұтас халық аштыққа ұшыраса, репрессия кезінде қаншама отбасының шаңырағы күйреді. Мыңдаған азамат саяси лагерьлерге тоғытылды. Екібастұз өңірінде Песчанлаг, Особлаг, Дальлаг секілді саяси тұтқындар лагерьлері болған. 1952 жылдары осы лагерьлерде 40 мыңға жуық тұтқын болды. Мұндағы адамдардың өмірі туралы А.Солженицын, Д.Панин, В.Левенштейн еңбектерінде айтылған.
Еңбек лагерінде жүріп өмірден өткен саяси тұтқындар бауырластар зиратынде жерленген. Қалалық тарихи-өлкетану музейінің мәліметінше, бұл қорымда 3 мыңнан астам адамның сүйегі жатыр. Мемориалды ке-шен мәртебесі берілген зират аумағы қоршалып, ислам және православ діндерінің белгісі қойылған.
Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні қарсаңында бауырластар зиратына бір жарым метрлік католик кресі орнатылды. Ескерткіш-айқыш Екібастұздағы поляк диаспорасының бастамасымен қойылды. Жиында сөз алған Қазақстан поляктары одағының төрағасы Виталий Свинцицкий елімізге тыныштық, жерімізге бейбітшілік тіледі. Мемориалға гүл қойылып, «Полония» этномәдени бірлестігінің басшысы Валентина Ильюшенкова құрбандар рухына арнап өлең оқыды.