Әлемнің сексен тоғыз елінің жампоз спортшылары шеберлік байқасқан Ү Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында екібастұздық Жомарт Нұрланов асық атудан командалық жарыста алтын медаль олжалады. Осылайша, Екібастұз үшін тарихи оқиға болып, арамыздан тұңғыш чемпион шықты. 17 қыркүйек күні Жомарт Кенжебекұлы «Отарқа» газетінің редакциясына келіп, байрақты жарыстан көргені мен көңілге түйгенін әңгімелеп берді.
— Құрама команда оқу-жаттығу жиындарына көктемнен бастап кіріскен еді. Әуелі Алматы, содан соң Түркістан мен Щучинскіде жаттығып, дайындықты Көшпенділер ойындары алдында Астана қаласында пысықтадық. Команда сапында төрт асықшы болды. Атап айтқанда, Түркістаннан Амандос, Шымкенттен Нұрғиса, Павлодар облысы Тереңкөл ауданы Березовка ауылынан Керім Жаздықбай және Екібастұз қаласынан — мен. Асық атудан жарыс 9-11 қыркүйек күндері «Алау» спорт кешенінде өтіп, он екі мемлекеттің командалары бақ сынады. Сол он екі команда іріктеуде алты-алтыдан екі топқа бөлініп, бір-бірімен ойнап шықты. Біздің топта Грузия, Моңғолия, Венгрия, Испания, Түркия асықшылары болды. Топтағы бес ойында да жеңіске жетіп, финалда қырғыз асықшыларымен кездестік. Айтпақшы, командалық жарыста үш асықшы ойнайды, біреуі қосалқы құрамда отырады. Шешуші ойында қырғыздардан 2:1 есебімен басым түсіп, жеңімпаз атандық. Сөйтіп, мойнымызға алтын медаль іліп, командаға берілген 2500 мың теңге жүлдені алып қайттық, — дейді төгілген тер ақталып, көңілі жайланған Жомарт Кенжебекұлы көсіле сөйлеп.
Ерекше айта кететін жайт, Жомарт бауырымыз командадағы №1 сақашы екен. Ол алты ойында да ойнап, бәрін ұтып, жеңіске мол үлес қосыпты. Енді осы тұста жеңімпаз жайлы толығырақ айта кетуді жөн көрдік. Қырық бес жастағы Жомарт Кенжебекұлы — Баянауыл ауданы Қаныш Сәтбаев ауылының тумасы. Қазіргі уақытта Екібастұз қаласындағы «Астанаспецремонт» кәсіпорнында механик болып еңбек етеді. Бала күнінде асық ойнап өскен ол ұлттық ойын жаңғырған шақта — 2019 жылы асық ату спортымен мықтап айналыса бастапты. Қимылы да, сөзі де ширақ жігіт көп ұзамай-ақ шебер ойыншы болып шығады. Әуелі Наурыз тойында жеңімпаз болып, Тараз қаласында болған ел чемпионатында көзге түседі. 2023 жылы Павлодар облысы командасы Қазақстан кубогын ұтып алады, жыл қорытындысында «Алтын тұғыр» жүлдесін иеленеді.
— Қазақта «Асық ойнаған азар» деген сөз бар ғой. Осы сөз тіркесінің мағынасын бүгінгі заманда былайша түсінген жөн болар еді. Ата-бабамыздан ұрпаққа мирас болған асық ойнау — дене қимылын, қозғалысты көп қажет етеді.
Яғни, жаттығу кезінде ойыншы бірнеше шақырым жүгіргенін сезбей де қалады. Әрі аяқ-қол дамылсыз қимылдаған соң бойға қан жүгіріп, салмақ азайтуға да септігін тигізеді. Осы күні артық салмақтан арыла алмай жүрген адам көп емес пе, соларға асық ойнауға кеңес берер едім. Жалпы, бүгінгі таңда ұлттық спорттың бұл түрі кеңінен тарауда, — дейді Жомарт Кенжебекұлы асық ойыны жайлы пәлсәпалық ой қозғап.
Айтпақшы, Ү Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында командалық жарыста жеңімпаз болған асықшыларға халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағы берілетін болыпты. Құтты болсын деймізі Белгілі мақалды жаңаша тәпсірлесек, асық ойнаған озар деген — осы!