Қырғызстан Республикасында 30 маусым мен 10 шілде күндері 6-18 жас аралығындағы үлдар мен қыздар арасында шахматтан Батыс Азия чемпионаты өтті. Оған Бангладеш, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Оман, Шри-Ланка, Тәжікстан, Түркіменстан, Өзбекстан елдерінен 280 ойыншы қатысқан. Аталмыш жарыстан екібастұздық Әлия Жүмамбаева мен Азалия Балақанова елге жеңіспен оралды.
Әлия Жұмамбаева — № 26 гимназия-мектебінің оқушысы, жасы тоғызда. Ол Батыс Азия чемпионатында шахматтың рапид түрінен қола жүлдені жеңіп алды. Бүгінгі таңда «Chess King» шахмат клубында жаттығады. Онда 70-ке жуық бала бар.
—Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Кіл мықтылар жиналған додада Әлия үздік ойын үлгісін көрсетті. Қарсыластары да осал болмады, әсіресе, үндістандық спортшылар мықты болды. Біз жарысқа үлкен дайындықпен барып, өз тәжірибемізді көрсеттік, —дейді «Chess King» шахмат клубының бапкері Асқар Сәкенов.
Бұған дейін жас шахматшы 8 жасқа дейінгі қыздар санатында Қазақстанның абсолютті чемпионы, Павлодар облысының чемпионы, 10 жасқа дейінгі қыздар санатында классикалық шахматтан Қазақстан чемпионы атанған.
Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы командалық есепте жүлделі 1-орынға ие болды. Команда сапында жерлесіміз — жас шахматшы Азалия Балақанова да болды. Ол тыңғылықты дайындығымен үздік ойын көрсете алған.
— Азалия қазір 6 жаста, биыл мектеп табалдырығын аттайды. Шахматпен 4 жасынан бастап шұғылданады. 2017 жылы ашылған «Белая ладья» шахмат клубына барады, мұнда 100 бала бар. Бұған дейін 8 жасқа дейінгі қыздар санатында облыс чемпионы атанып, шахматтың блиц түрінен республикалық чемпионатта 2-орынды иеленді. Қазіргі уақытта Ташкентте өтетін жарысқа қатысуға кетті, — дейді анасы әрі жаттықтырушысы Бақыт Балақанова.
Айта кетейік, Батыс Азия чемпионатында қазақстандық шах-матшылар 7 алтын, 3 күміс және 8 қола медальға ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді.